«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңы жеке сот орындаушылардың құқықтық мәртебесін айғақтап, өкілеттілігін нығайтуға бағытталды. Осы уақыт ішінде жеке сот орындаушылар қызметінің тиімді екені дәлелденді.
Жеке сот орындаушылардың қызметі Еуропа елдерінде әуелден қолданылады. Мәселен, Франция, Италия секілді бірқатар батыс елдері жеке сот орындаушылар мәртебесін мемлекеттік орган құзыретіне бекіткен. Жан-жақты талқылаудан кейін ғана елімізде жеке сот орындаушылар институты жүйесі енгізілді. Аз уақыт ішінде аталған қызметтің тиімділігі көріне бастады. Айта кетейік, мемлекеттік сот орындаушылар мен жеке сот орындаушылардың құқықтары бірдей. Жеке сот орындаушылар да сот актілерін орындайды. Мемлекет пен жеке және заңды тұлғаның пайдасына жұмыс істейді. Жеке сот орындаушылар мемлекеттен еңбекақы алмайды. Олар борышкер төлейтін қаржының он пайызын иеленетін болғандықтан қай уақытта да істі соңына дейін жеткізуге тырысады. Бұған қоса алған қаржыдан Үкіметке салық төлейді.
Соттың шешімін алу бір бөлек те, оның орындалуы өз алдына үлкен шаруа. Шындық іздеп шарқ ұрғандар ғана соттың табалдырығынан аттауға мәжбүр. Бірі алимент өндіре алмаса, екіншісі қарыз ақшасын қайтара алмай жүр. Заң бойынша борышкер бес күн ішінде ерікті түрде сот шешімін орындауы керек, сот орындаушы болса, екі айдың ішінде соттың шешімін орындатуы тиіс. Алайда заң талаптарына бағынатындар сирек.
Жалпы соттың шешімін орындамайтын азаматтарға заң бойынша әкімшілік жаза қолданылады. Бірақ мұндай жазаны мемлекеттік сот орындаушылар ғана қолдана алады. Ал жеке сот орындаушылар сот актілерін орындау департаментіне борышкерге шара қолдану туралы ұсыныс жібереді. Заң бойынша сот шешімін орындамаған азаматтарға шетелге шығуға тыйым салынады. Мүлкі тәркіленеді және 180 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады.
Игорь ЦОЙ,
Жетісу облысының сот орындаушысы





