Жетісу облысында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар бірігіп, өңірдің тазалығы мен табиғи келбетін сақтау жолында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бастама шеңберінде жол бойындағы аумақтар тазаланып, рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары жойылды. Қала мен ауыл көшелерінің келбеті айтарлықтай жақсарып, экологиялық мәдениетті арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Алайда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, табиғатты ластап, заңды елемейтін азаматтар да кездеспей қоймайды. Жергілікті полиция қызметі мұндай құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қолдануда. Бейнебақылау жүйелері мен белсенді тұрғындардың көмегімен тәртіп бұзушыларды анықтап, оларды қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тарту жұмысы жолға қойылған.
– Бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың амандығы. Табиғатты аялау – баршамыздың азаматтық борышымыз, – деді тәртіп сақшылары, барлық тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырып.
Экологияны қорғау – тек билік пен арнайы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бірлескен әрекет арқылы ғана табиғатты сақтап, келешек ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сыйлай аламыз.
«Жетісу-Ақпарат»