Қара жолдағы қайғылы оқиғаларды көргенде Майқы би бабамыздың осыдан үш ғасыр бұрын «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген сөзі бүгінгі қоғамға айтылған ба деп қаламыз. Кейінгі кезде облыста «темір тұлпардың» салдарынан жол апаты жиілеп барады.
9-ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ
Департамент қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және облыс жолдарындағы апаттылықты төмендету бойынша түрлі шара ұйымдастыруда. Атап айтсақ, жыл басынан бері «Жаяу жүргінші», «Мас жүргізуші», «Назар аударыңыз, балалар!», «Автобус», «Жолдағы қабылдау», «Жылдамдық», «Тонировка» сияқты 49 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аймақтағы ең қауіпті учаскелер анықталып, тұрақты тексеріс жүргізілуде. Қара жолға бейне бақылау камераларын орнатып, жол қозғалысы ережелеріне қатысты тиісті заңдар қатаңдатылғанымен, әзірге оның алдын алуға адамның шамасы жетер емес. Биыл аймақта 600-ге жуық жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Салдарынан 120 адам көз жұмып, 876 адам жарақаттанған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жолдың ең апатты-қауіпті аймағы Алматы – Өскемен трассасының 124-616- шақырымындағы аралық. Биыл онда 95 оқиға тіркелген. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста тіркелген көлік апатының басым бөлігі Талдықорған қаласында болған. Қалада бір жылдың ішінде жол-көлік оқиғасы шамамен 3 есе өскен. Мәселен, өткен жылы 91 апат тіркелсе, биыл 250-ден асқан. Қаза тапқандар саны азайғанымен, зардап шеккендер көп. Ал Панфилов пен Көксу аудандарында көлік апатынан қаза тапқандар саны артты.
– Былтыр республика бойынша жол-көлік оқиғасы санынан 11- орында тұрғанбыз. Өкінішке қарай, биыл жол апаты өсіп, 9-орынға көтерілдік. Соңғы 10 айда жылдамдықты шектен тыс асыру себебінен 224 жол апаты тіркеліп, 56 адам көз жұмды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысына қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуынан 34, қарсы қозғалыс немесе басып озу ережелерін бұзудан 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Екі ауданда қаза тапқандар саны артқан. Былтырғы жылмен салыстырғанда Алакөл ауданында 11-ден 16-ға және Кербұлақ ауданында 8-ден 16-ға дейін өсті, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Мұхметов.
БІР КҮНДЕ 4000-НАН АСТАМ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗДЫ
Полиция департаментінің мәліметінше облыс аумағында көлік апатының алдын алу мақсатында жұма, сенбі және жексенбі күндері жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Қазіргі уақытта 3 қызметтік автокөлікте «Ekin-Patrol» автоматты тіркеу жүйесі қосылған жылдамдық өлшегіштер орнатылып, қызметте қолданылуда. Оның көмегімен жылдамдықты асыру бойынша 15 304 дерек анықталып, жүрізушілерге 266 млн. 377 мың теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 14 шілдесінен бастап 216 «СЕРГЕК» автоматты бекіту жүйесінің камералары орнатылған. Балалар қауіпсіздігі үшін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде 100-ге жуық балалар макеті қойылды.
Енді облыс аумағында күнделікті патрульдік тексерістен бөлек, арнайы таңбалармен айшықталмаған үш қызметтік көлік жүретін болады. Жасырын патрульдеуге арналған көліктер заманауи «Кордон» фото-бейнетіркеу құрылғысын пайдалана отырып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалайды және заң бұзушылықты анықтайды. Құрылғы жылдамдықты, қарсы жолаққа шығу, жол белгілері талаптарын орындамау, жол-қауіпсіздік ережелерін бұзу сынды заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар, жол ережесі бұзылған жағдайда нұсқама жолдайды.
Пилоттық жоба бойынша енгізілген жасырын бейне бақылауға шыққан 3 автокөлік бір күнде 4000-нан астам жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтапты.
Қуантарлығы шағын электр көлігі құралдары мен самокаттарды пайдалану ережесі бекітілгелі мопед тізгіндегендердің жол-көлік оқиғасы 4 есеге азайыпты.
Айдар ҚАЛИЕВ