«Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» – дейді қазақ. Сол қазақ еріккеннен мал ұстамайды. Тұяқтысын пұл болады деп, бала-шағама несібе деп бағады. Дейтұрғанмен, ұры-қары сол малға шүйлігеді. Барымташылар барынан айырған тұрғындар да жоқ емес. Былтыр облыс аумағында 370 бас қолды болған. Оның 166-сы ғана иелеріне қайтарылған. Шаруаларға 151 млн. теңгеге жуық шығын келген. Бір қызығы, өңір барымташыларының «бағын жағып» тұрған жылқы болып отыр. Ұры-қары 131 Қамбарата тұқымын қолды қылыпты. Дейтұрғанмен, мал ұрлығы қылмысының 44,8 пайызы ашылыпты. Құқық қорғаушылар бас-аяғы 60 барымташыны қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
Адамнан айла ауысқан ба?! Жайылымда жүрген жылқыны атып алу үрдісі де басым. Кербұлақ ауданының тұрғыны Тасболат Байдиновтың ту биесі айдың-күннің аманында оққа ұшқан. Айтуынша, Сарыөзек ауылында жылқыны байлап ұстамай, жаз жайлау, қыс қыстау көшіп жүрген замандасына қосады. Жылқышының есімі Қайып екен. Сол кісі көктемде екі қылқұйрықты жоғалғанын, іздеп таппағанын, бірақ, далалықта екі жылқы бәзбіреулер сойып алғанын хабарлайды.
– Жетпістің бесеуіне келгенде жылқыны адам не үшін ұстайды?! Кемпірім төсек тартып жатқанына біршама уақыт болды. Менің де тай-құлындай шауып жүргенім шамалы. Денсаулық жиі сыр береді. Алда-жалда олай-былай болып кетіп жатсақ, балалар кәдемізге жаратар деген оймен мал ұстап отырған жайымыз бар. Жылқышы малымызды «атып алыпты» дегенде абдырап қалдық. Құқық қорғау органдарына хабарластық. Олар дереу іздеуге көшті. Ақыры атып алғандарды тапты. Кербұлақ ауданының құқық қорғаушыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұрылар өтемақысын берді, – дейді қария.
Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Рүстем Абылханұлы мал ұрлығын азайту үшін жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты. Айтуынша, жыл басынан бері 2 мал ұрлығы тіркеліпті. Бір қызығы, жайылымда қараусыз малдың көбін де жасырмады. Мәселен, ауданның бір тұрғыны 18 бас жылқысы қолды болғаны жөнінде шағым түсіреді. Құқық қорғаушылар дереу іздестіру шарасына көшіпті. Даладан таппаған соң, тау бөктеріне шығады. Бір қызығы, қыс айларында тауға көлікпен шығу мүмкін болмайды. Рүстем Абылханұлы облыстық полиция департаментінен тікұшақ алдырып, тау арасын биіктен шолады. Ұрланған жылқылар тау арасынан табылыпты.
– Биыл 2 мал ұрлығы тіркеліп, екеуін де ізін суытпай аштық. 2022-2023 жылдары жайылымнан жылқыларды атып алу фактілері тіркелді. Екі қылмыстық топ құрықталды. Содан бері мұндай жағдай тіркелмеді. Тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ауданда 2000-нан астам шаруа қожалық тіркелген. Барлығын аралап шықтық. Түсіндірдік. Қараусыз мал иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына сай әкімшілік хаттама толтырып жатырмыз. Заман талабына сай малды чиптеу керегін де шаруаларға айтып келеміз, – деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Рүстем Абылханұлы.
Жетісу өңірінде мал ұрлығы төмендеп келеді. Дейтұрғанмен, төрт түлікті қараусыз қалдыруға болмайды. Өткен жылы ауылшаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1989 тұрғын жауапкершілікке тартылған.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: Polisia.kz





