Алакөл мен Балқаш көлдеріне демалушылардың көбеюіне байланысты Жетісу облысында жолдардағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Жазғы туристік маусым басталысымен облыс полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шараларды күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.
Туристер легі артқандықтан, негізгі автожолдарға жақын аудандарда қауіпсіздік шаралары ерекше бақылауға алынған. Патрульдік полицияның қосымша жасақтары жұмылдырылып, мобильді бекеттер орнатылды, тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдастырылды.
Полиция жол қозғалысы ережелерінің сақталуына ерекше назар аударып отыр. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, мас күйінде көлік жүргізбеу, қауіпсіздік белдігін тағу және жаяу жүргіншілерге жол беру керектігі күн сайын ескертілуде.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары туристерге ресми кемпингтер мен демалыс аймақтары туралы ақпарат ұсынып, ұзақ жолға шыққан отбасыларға ыстық күндері демалатын қолайлы орындарды көрсетуде.
Атқарылып жатқан шаралар жол-көлік оқиғаларын азайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және жолдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Полиция азаматтарды жолда сақ болуға және ережелерді қатаң сақтауға шақырады.
«Жетісу-Ақпарат»






