Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы өкілдерінің қолдауымен интимдік сипаттағы материалдарды заңсыз тарату дерегін анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталған. Ол – Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджер арқылы жалғастырған. Полицияның мәліметінше, ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен, қорқытқан және 20 мың теңге көлемінде сыйақы беремін деп уәде етіп, интимдік сипаттағы фото және бейнематериалдарды алған.
Одан кейін күдікті аталған материалдарды мессенджердегі жабық арналар арқылы заңсыз таратып, одан материалдық пайда тапқан деген күдікке ілінді.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Жетісу облысының полициясы ата-аналарды балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге, олардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенділігін бақылап отыруға шақырды.





