Кейінгі кезде облыста «темір тұлпардың» салдарынан жол оқиғалары жиілеп барады. Көлік апатының күнделікті өсуіне байланысты, сондай-ақ, жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті жақсарту және жол ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында ақпан айында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оған «Қауіпсіз жол» 348 полиция қызметкері, оның ішінде 176 патрульдік полиция, 142 учаскелік инспектор және басқа да 30 қызметкер жұмылдырылды.
Облыс бойынша 2000-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін 64 жүргізушіге, көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостансыны пайдаланғаны үшін 182, маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 114 әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары көлік құралын мас күйде басқарған 10 адамды ұстаған.
Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов аймақта тіркелген жол-көлік оқиғасында ажал құшқан адамдардың саны артқанын айтып дабыл қағуда.
– Жыл басынан бері облыста 121 жол-көлік оқиғасы орын алды. Былтыр осы кезеңде 46 көлік оқиғасы тіркелген еді. Адам өлімі мен жарақат алғандар саны да едәуір өсті. Біз «СЕРГЕК» автоматты бекіту жүйесі, «Ekin-Patrol» автоматты тіркеу жүйесі қосылған камералар орнаттық. Одан басқа жасырын түсіретін камераларымыз бар. Жыл басынан осы құрылғылармен 8 мыңнан астам әкімшілік заң бұзушылық анықталды. 120 млн. теңгеге жуық айыппұл салынды. Республика бойынша жол-көлік оқиғасы санынан 11-орында тұрғанбыз. Өкінішке қарай, биыл жол апаты өсіп, 9-орынға көтерілдік, – дейді ол.
Облыста тіркелген көлік апатының басым бөлігі Талдықорған қаласында болған. Ең сорақысы, жыл басынан бері 15 адам қаза тапса, соның жетеуі мас күйінде көлік жүргізген шопырлардың қатысуымен екен.
Қуантарлығы, шағын электр көлігі құралдары мен самокаттарды пайдалану ережесі бекітілгелі мопед тізгіндегендердің жол-көлік оқиғасы азайыпты. Бүгінде облыс бойынша 54 мопед иесі тіркеуден өткен.
Полиция қызметкерлері жол апаттарының санын азайту үшін түрлі шара ұйымдастыруда. Бірақ жол-көлік қозғалысын бақылау тек құқық қорғау органдарының міндеті деп бар мәселені жүктеп қоюға да болмайды. «Темір тұлпар» тізгіндегендер жол жүру ережесін қатаң түрде сақтап, тәртіпке бағынса, жан түршігерлік жол апаттары орын алмас еді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: qamshy.kz





