Жетісу облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған Саян Қылышұлы жемқорлыққа қарсы істелген жұмыстарды баяндап, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын таныстырды.
– Агенттік тарапынан әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, өңірлер үшін жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленді. Мұнда әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі айқындалған, – дей келе облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жетісу облысы бойынша тәуекелдер картасына құрылыс және тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, медицина, жол және инфрақұрылым, фискальдық сала енгізілген. Бүгінде аталмыш карта аясында аумақтық департамент бірқатар шаралар атқарыпты.
Атап айтсақ, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді заңсыз бөлу дерегі анықталып, 47 пәтер мемлекеттік қорға қайтарылған. Жол саласы бойынша автожолдарды орташа жөндеудің сметалық есептерін жасау барысында жұмыс құнын негізсіз ұлғайту жағдайлары анықталыпты. Медицина саласында қабілетсіз кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруында болған медициналық мекемелер мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
Соңғы 2 жылда сыбайлас жемқорлыққа қызмет тарапынан енгізілген ұсыныстар негізінде өңірдегі мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 12 млрд.теңгеден астам қаражат үнемделген. Әкімдік пен оған бағынысты ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 116 қылмыстық іс тіркелсе, соның ішінде 40-ы бірінші басшылар мен орынбасарларының үстінен қозғалған.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары аймақта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрсетілген сұрақтар бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілетінін айтты. Сонымен қатар, ведомствоаралық комиссияның мүшелеріне ұсыныстарды 3 жұмыс күні ішінде облыс әкімі аппаратының мемлкеттік-құқықтық бөліміне енгізуді сұрады.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Жетісу жеріндегі шағын және орта кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін және өзара іс-қимылдың жаңа форматын талқылау мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесуді жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов алдымен сөзді агенттіктің кәсіпкерлікті қолдау бойынша қабылдап жатқан шараларын таныстыру үшін Саян Ахметжановқа берді.
– Алға қойған міндеттерге сәйкес біздің қызметкерлеріміз тарапынан заңсыз араласудан қорғау тетіктері енгізілуде. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерінің орталық аппаратымен келісу алгоритмі әзірленді. Тергеу әрекеттерін келісуден басқа, кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына кез келген негізсіз шақырулар қашықтан онлайн қадағаланатын болады, – деген агенттіктің превенция қызметінің басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды таныстырып өтті.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер, тұрғындар өздерін толғандырған сауалын қойып, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, нормативтік-құқықтық актілер сынды салалардағы атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді талқылады.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы





