Талдықорған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жиынжайында әлеуметтік шиеленістер және даулардың алдын алу, еңбек заңнамасының сақталуы бойынша Жетісу және Алматы облыстарының бірлескен отырысы өтті. Шарада Жетісу облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Батыр Молдахметов пен Алматы облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Талғат Өмірәлиев баяндама жасады.
Батыр Қайыркенұлының айтуынша, Жетісу облыстық еңбек инспекциясы биылғы жартыжылдықта өңір кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты кешенді жұмыстар жүргізіп, нақты нәтижеге қол жеткізді. Аталған кезең ішінде мекемеге 336 өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің басым бөлігі еңбек құқықтарын қорғау, заңсыз жұмыстан шығару, жалақыны кешіктіру, еңбек шартының жасалмауы, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы сынды өзекті мәселелерді қамтиды.
Азаматтардың арыз-шағымына орай 56 жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылып, 61 заң бұзушылық фактісі анықталған. Оның ішіндегі 55-і еңбек саласына, алтауы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға қатысты. Осы бойынша 14 кәсіпорынның 266 жұмыскерге жалпы сомасы 120,6 млн. теңге көлемінде жалақы берешегі толығымен өтелген. Жауапты тұлғаларға 34 ұйғарым беріліп, 3,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, толығымен өндірілген.
Инспекция басшысы еңбек заңнамасы жалақыны уақытылы төлемеу, еңбек шартын жасаспай жұмысқа алу, еңбек жағдайларын бұзу және өндірістік жарақат секілді деректерде жиі бұзылатынын баса айтты. Биыл облыс кәсіпорындарында 12 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 13 жұмыскер зардап шеккен. Бұл – қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін айғақтайды.
Түсіндіру және алдын алу шаралары да назардан тыс қалмапты. Жыл басынан бері 2 брифинг, 2 тікелей эфир ұйымдастырылып, 31 семинар өткізіліпті.
Облыстық еңбек инспекциясы алдағы уақытта да жұмысшылардың заңды құқықтарын қорғау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.
Кездесуде көрші облыстағы еңбек инспекциясы атқарған жұмыстар да айтылды. Соңында жиналысқа қатысқан жұмыс берушілер, кәсіпорын басшылары, заңды тұлғалар мен бірлестік өкілдері көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Қажет АНДАС





