Биылғы 10 айда облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 117 қылмыстық іс тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жетісу облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аида Белгібаеваның айтуынша, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық дерегі болып саналып келген заң бұзушылық маусым айынан қылмыстық кодекс дерегі болып өзгертілген. Отбасылық кикілжің деп саналған мәселелер де енді күш көрсету ретінде қарала бастады. Сондай-ақ, 15 маусымнан бастап адамдар өздеріне күш көрсететіндердің жауапкершілікке тартылатынына толық сеніп, құқық қорғаушыларға жүгіне бастаған.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті басқосуында нәзік жандылардың өзекті мәселелері сөз болды. Комиссия төрағасы облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жиында әйел-аналарды зорлық-зомбылықтан құтқару, нәзік жандылардың еңбек етіп, ешкімге тәуелді болмауына жағдай жасау барысында әңгіме қозғады.
Басқосуда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев әйелдерді жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Облыстағы халық санының 51%-ы немесе 351,8 мыңы әйелдер. Тұрғындар саны 696,1 мың адам. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы әйелдер саны 138,1 мың адам. Облыстағы жұмыссыздар саны 15,1 мың адам. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық 7,0%-ды құрайды», – деген баяндамашы облыста «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» аясында қараша айына дейін жұмыспен қамтуды ұйымдастыру шараларымен 23,6 мың адам қамтылғанын, оның жартысынан көбі әйелдер екенін атап өтті. Олардың басым көпшілігі – 10,2 мың адам ауылдық тұрғындар. Мамандардың айтуынша, облыста нарықтағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді, тегін кәсіптік даярлау курстары ұйымдастырылуда. Биыл кәсіптік даярлауға жіберілген 804 адамның 614-і әйел. Оның ішінде 50 жастан асқан әйел саны 76. Нәзік жандылардың көбі есепші, тігінші, аспаз, шаштараз, кондитер, наубай және басқа мамандықтарға ие болуда. Ермек Мизамбаевтың сөзінше, 10 айдың қорытындысы бойынша оқуға жолданған 614 әйелдің 443-і оқуын аяқтап, 388-і жұмысқа орналасқан.
Заң күшейіп, әйел, балалардың құқы қорғалған сайын зорлықшыларға қарсы шығу, өзін қорғау, алдағы күнге үмітпен қарау, кәсіп меңгеруге құлшыныс білдіру, өзіне сенімділік артқан. Бұл жайында Талдықорғандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-нің директоры Сұңқар Қадыров айтып берді.
Сұңқар Сапарұлының айтуынша, жыл басынан бері мекемеге 152 адам түскен. Сол жағдайдың 43-і бойынша қылмыстық іс қозғалған. Орталықта 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Ол – әлеуметтік құқықтық, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік мәдени, әлеуметтік экономикалық, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік медициналық, әлеуметтік психологиялық көмек.
Орталық 55 адамдық жатын орынға арналған. Биыл мекемеге бюджеттен 148,5 млн. теңге қарастырылған. Онда 36 адам әлеуметтік қызмет алуда. Арасында балалар да бар. Олардың балабақшамен қамтылуы, оқуы, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Диас Есдәулетов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау барысында жұмысты күшейту керек екенін айтты. Мұндай жағдайға тап болған адамдардың аты-жөндері құпия сақталады. Ана мен бала қашан да мемлекеттің қорғауында. Өміріңізді сақтаңыз!
Зорлық-зомбылыққа тап болғандарға арналған қауырт желі жұмыс істейтінін айта кеткіміз келеді. Қалалық телефон: 1301, 8 (7282) 41-53-13, WhatsApp – 87007108266.





