Кеудені қыжылдатқан қоғамдық дерттің сан қатпарлы, сан салалы жайттарына жүрек шыдас берген бе? «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген данышпанның текті тіркесін түу алыстан, бала шақтан жадыға түйіп, санаға салып салмақтағаннан болар, кез келген қаламгер яки жазарман журналист секілді бүгінгінің бетбұрысына көңілің көншімейді. Әйтеуір, құндылығы құнтталған, дәстүрі жетік дәріптелген кешегілердің тұрмысы мен салтына қарап салыстыра ой толғағанда, нарыққа икемделген бүгінгілердің тыраштанған тіршілігінен рухани олқылық көзге ұрып тұрады ғой. Міне, сондай тіршіліктің тепеңінен шаршаған уақытта рухани әлемге шым батып, бір сәт болсын сананы серпілтіп, жанды сергек ұстағың келеді. Сондай уақытта бірден театр атты «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» табалдырығынан аттап, қоғам, заман туындатқан мәселелерді ащы сынға алып, құндылықтарды қойылым арқылы насихаттаған спектакльдерді тамашалағың келеді-ақ.
Иә, өнерден ұлық не бар? Жанға жылу, бойға қуат беретін де күнделікті тірліктегі бағдарымызды айқындайтын, жақсылық пен жамандықтың аражігін кейіпкерлері арқылы-ақ ашып көрсететін де – театр өнері. Бұл орайда классикалық туындылармен, шетелдік авторлардың қойылымы һәм тарихи туындылармен де таным көкжиегімізді кеңейткен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры екенін айрықша атап өтуге негіз бар.
Бүгінде жарты ғасырлық тарих түзген Би апа театрының ең алғашқы қарлығаштарының көбі бақиға бет түзеп, мәңгілік сапарға аттанып кетсе, қасиетті қара шаңырақтың бір-бір уығына айналған Алмахан Кенжебекова, Кендебай Темірбай-ұлы, Аман Қожабековтар арамызда ұлы өнердің қызметінде жүр. Бұл орайда біз жетісулықтардың мақтанышына айналған осы үш тағандай тұлғаның бірі – Аман Төлебайұлы жайлы тебіренуді жөн санап отырмыз.
Жарық ғаламмен жанар суарған адам баласы өмірден алатын еншісін, сый-несібесін еңбегіне қарай татады, талантына қарай талғажау етеді. Қарапайымдылықтың шекпенін жамылып ғұмыр кешкен кейбір жанның марапаты кем көрінгенімен өнер әлемінде өзіндік орны, тұғыры мен қонысы болатыны анық. Кішіпейілдікпен, ізетпен ғұмыр кешсе де өзі сомдаған рухани әлемнің қайраткері екенін оның басқан ізі, түскен сүрдегі айқындап тұрады емес пе? Даңқ пен дақпыртсыз-ақ қазақтың ұлық өнерінің бір уығына айналған, саналы ғұмырын театрға теліген Аман Қожабеков те Бикен Римова атындағы өнер ошағының тарихына есімін таңбалаған майталман актер.
«Кешегі күн мен бүгіннің жарқын көріністері ғана емес, жалқын сәуледей жарқ еткен мезеттері де тарихқа қашалатыны сөзсіз. Сонау 50 жыл бұрын жастық жалынмен құлшына өнер әлеміне қадам басқан, Талдықорған театрын ашуға келген қыз-жігіттердің дені артына есімі мен ерлігін, еңбегін қалдырып, рухани әлемнің отымен кіріп, күлімен шықты. Көбі өмірден өтті. Бүгінде сол жарты ғасырлық мерейтойға елімен жеткен қара шаңырақтың қарлығаштары қатарында Алмахан, Аман үшеуміз қалдық», – деп бір естелігінде тебірене сөз бастап, Аман Қожабеков туралы, оның өнері мен өнегелі өмір жолы туралы толғанған Кендебай Темірбайұлы әріптесінің шағын образдарды шебер ойнайтынын да айшықтап еді.
Шындығында шағын рөлдердің шеберіне айналған Аман Төлебайұлы мағыналы ғұмырында талай белесті бағындырды. Отыз жасында аттаған театрдың жарты ғасырлық тарихи тізбегінде сан мәрте қасиетті сахнаға көтеріліп, әртүрлі образдарды сомдады. Руханияттың ең бір текті тегершігі саналған мәдениет саласының айшықты тағаны – өнердің өз перзентіне айналды. Оның ғұмырбаяндық хамсасына үңілсеңіз, алып Абайдың: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегін кетпес далаға…» деген аталы сөзін көз алдымызға елестетеміз. Өйткені, кейіпкеріміз «театрым» деген жетісулықтардың ойына оралатын майталманның бірі де бірегейі екені анық.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп қазақтың айбарлы ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, екі дүние есігі, ер түріктің бесігінде өмірге келіп, «Тәңір берген несіптің» ең ғажабын еншілегендей көрінетін Аман Қожабеков 1945 жылдың 5-ші қыркүйегінде өмірге келген. Ол қазақтың рухани астанасы саналған Түркістан қаласында жарық ғаламмен жанар суарған жан.
Кейіпкеріміз 1952 жылы М. Мәметова атындағы 8 жылдық мектепте білім алып, оны 1960 жылы тамамдаған. Кентау құрылыс училищесінде оқи жүріп, Абай атындағы кешкі мектепте дәріс алған. Одан кейінгі жылдары талай қазақ баласының талантын шыңдап, танымын кеңейткен, бекзат өнердің бесігінде шыңдаған Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында білім алған.
1975 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының артисі болып қызмет атқарып келеді.
Иә, Би апа театры алғаш құрылғаннан бүгінге дейін талмай еңбектеніп, өнер деген бекзат әлемнің сәт сайынғы үдерісі мен үрдісінде қоғаммен тұтаса тірлік кешіп, талантын шыңдап, танымын кеңейтіп, алдыдағыға құрмет, арттағыға өнеге көрсетіп жүру оңай емес. Қарапайым, өзіндік ұстанымы мол кейіпкеріміз көптеген образды шынайы сомдап көрерменнің көңілінен шыға білді. «Аман Қожабеков» деген есімді өлке руханиятының қара шаңырағы саналған театрдың тарихына қашады. Сол еңбегінің нәтижесінде ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісін тағынды, бірқатар марапаттарды еншіледі.
Осыдан аттай 20 жыл бұрын Әшірбек Сығай: «Отыз жылдық тарихы бар өзінің төл театрымен бірге жасасып келе жатқан Аман Қожабековтің өзі де алпыс жасқа толады екен. Сонау отыз жасында жас театрдың табалдырығын аттаған еңбекқор артист күні бүгінге дейін бір орыннан тапжылмай, сахна жолында маңдай терін төгіп келеді. Қаншама режиссерлар келіп-кетіп, қаншама артистер өзге ұжымдардан қоныс теуіп жатыр десек, өз туған театрының нағыз патриоты А. Қожабеков осынау Талдықорған өнер отауының ыстығына күйіп, суығына тоңудан танар емес. Өз тұстастарынан гөрі өнерге егделеу араласса да Аманның ақкөңілділігі, тазалығы, әріптестеріне деген біржола құлай берілгендігі оның айналасына деген мөлдір көзқарасын, сәби сенімін қалыптастыра түскендей…», – деп тебіренген болатын. Содан бері де 20 жыл жылыстап, өнердің дегдар сыншысы Әшірбек сөз еткен алпыстағы Аман Төлебай- ұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне құлаш сермеп отыр. Одан кейін де рухани шаңырағында терсіңді еңбек етіп, қасиетті орданың жартығасырлық тойына да жартығасырлық қызметпен қатар жетті.
«Өнер әлемінде әрбір әртістің тағылым, үлгі-өнеге көрсетер ұстаздық ұлағаты болады. Театрымыздың негізін қалаған Алмахан, Кендебай, Аман ата-апаларымыздың даңғайыр даңғылына сүйсінесің. Олар бүгінге дейін жастармен жарыса қызмет етіп, ұлық өнердің ұлықтаушысына айналып жүр.
Аман Қожабеков ағамыз сырқаттанып қалса да, үлкен жасқа жеткен соң қарттыққа тән қалжырау, шаршау болса да өнер десе көзі шырақтай жанып, әрбір рөлін қалт жібермейтін өнердің қара нары. Ал біз болсақ екінші құрамдағы актерге «сырқаттанып тұр едім, орныма ойнай салшы» деп өтініш айтып қалатынбыз. Әрбір рөлін өзгеге бермей, «Только через мой труп» дейтін жаны жайсаң, көңілі көлдей Аман ағалар сонысымен бізге үлгі, шынайы шеберлігі, профессионалдық сезімімен көзтастар көкжиегімізге айналғаны жасырын емес», – дейді Би апа театрының болашағы саналған жас актер Шалқар Мүкен.
Иә, шындығында әр адам өз қызметіне, ұлт, өнер, руханият алдындағы жауапкершілігі мен адалдығына сақ болуы қажет. Нардың орнын түйе басқанымен сол нардың жүгін тайға артпас дегенді мәссілдейтін қазақ емеспіз бе? Ендеше, Абай жазған қара сөзді басқа ешбір данышпаннан күтпейтініміз, Мұқағали жазған ғажайып дүниелердің орны бір басқа, өзге шайырлардың шығармасы мүлдем басқа секілді дүние ғой бұл. Яғни, әркім өзіне артылған жүкті сенім үдесінен шығара арқалауы, өзіне тән жауапкершілікті сезіне жұмыс істеуі қажет. Өнер деген әлемде өзіне тән ізденімпаздықпен маңдай терін төгіп қызмет еткен Аман Қожабеков М. Әуезов «Абай» – Әзімхан, Т. Ахтанов «Күшік күйеу» – Кубик, Ғ. Мүсірепов «Ақан Сері – Ақтоқты» – Тула, Б. Тоғысбаев «Ақан Сері» – Жиенқұл, Т. Есімжанов «Жолда қалған жолаушы» – Битарап, Қ. Мұқашев «Дала дастаны» – Жабақ, Р. Рахымбеков «Шаған хикаясы» – Қақатұяқ, Ш. Айтматов «Арманым- Әселім» – Аманжолов, М. Иманғазинов «Ілияс» – Маман Тұрысбек секілді көптеген рөл сомдады. Өнер әлемінде өзіне тән қарапайымдылықпен, кеңжүректілікпен қызмет етіп келеді.
Өмір деген өткінші жалғанда тарихта аты қалар, бір өнер ошағының шежіресінде есімі қашалар тұлғалар мен талант иелері туралы ойланғанда, сананың сартап жылғасында баяғыда оқыған бір мысал қылаң береді. Естелік жанрының шебері Мұзафар Әлімбай: «Сезімнің өткірлігі мен драматизм поэмаға да, миниатюраға да қажет. Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі болмыстың барша құбылысында болса, жырда да өз көрінісін табуы шарт. Шыншыл жырда да солай! Жалпы поэзияда да солай! «Жеті кетті жүгіріп, жетпіс қалды сүрініп» (Қасым Аманжолов). Екі-ақ жол жыр, осында қанша шындық бар? Құлындай құлдыраған балалық, бейғам, құстай ұшқан құштарлық! Қарға адым жерді қиынсынған кәрілік, қадам сайын қалтыраған аяғын қарғаған кәрілік», – деп толғанады. Осынау ғажайып ойдың астарына мән берсеңіз, мынау жалған ғұмырда балалық пен тұлғалық арасында жетідей жүгірген, жетпістей сүрінген үміт пен арманды, төккен тер мен терсіңді еңбекті көзге елестетуге болады. Орда бұзар отыз жасында өнер әлеміне қадам басып, бүгінде сеңгірлі сексен жасымен бірге өзі адал болып келген Би апа театрының жартығасырлық тойына жеткен Аман Қожабеков те желекті жастығы мен жемісті қарттығының арасында қара шаңырағын асқақ тұтты. Сүйсінді, сан жылын осында өткерді.
«…Ол ертегі кейіпкерлерінде, комедиялық көріністерде өзін ерекше көрсете білетін сезімтал өнер иесі. Биязы мінезді, жаны жайсаң, маңдайы ашық, еркөңілді Аман Қожабеков өзінің шығармашылық жолында әлі көп нәрселердің байыбына барары даусыз. Сахнасыз өмір кешуді ойлаудың өзінен үрейленетін азамат актер. Жасым үлкен деп өрекпуді жаны сүймеген елгезек актер қашан да ортасына сүйкімді. Кішілерге аға, үлкендерге іні қалпынан бір ауытқыған емес. Қолға түскен рөліне риза. Ұжымымен жүз шайыспай, қырғиқабақ көңіл күйге барыспай, өз ұжымында қадір-құрметтен арылмаған аға актерға алғыстан өзге айтарыңыз не болмақ?! Атақ-даңқ, мақтау моншақтарын жан ұшырып аңсамаған әрі аңсай да алмайтын аңғалдығы тағы бар бейнетқор сахнагермен әлі сан рет сахнада ұшырасатынымыз хақ», – деген театр әлемінің ардакүрең сыншысы Әшірбек Сығай.
Расында, қарапайым ғұмыр кешіп, сахнасыз өмір кешудің өзінен үрейленген Аман Төлебайұлы бүгінге дейін сахнасыз күн кешіп көрген жоқ. Театр әлемінде қалыптасқан «Кішкентай рөл болмайды» деген тіркесті алға тартсақ, өзіне жүктелген, бұйырған рөлін сомдап, шағын образдарды да шеберлікпен сомдаған Аман Қожабеков жайлы айтылар сөз бен тебіреніс жеткілікті. Ең бастысы, өзі қаласқан Би апа театрымен бірге 50 жылдық торқалы тойға жеткен өнер саңлағына ғұмырбаяндық хамсаңыз ғасырға дейін ұлассын дегіміз келеді. Қасиетті қара шаңырақтың бір уығына айналғанының өзі бүкіл жетісулықтарға ортақ мерей екенін де айрықша атап өткіміз бар…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ