Талдықорған: +18°C
$ 509.51
€ 570.60
₽ 6.30
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

«Баласы жәлменденің пышан едім»

20.04.2025
РУХАНИЯТ
«Баласы жәлменденің пышан едім»

Тарихтан тағылым. Жарық ғаламда елінің мұңын мұңдап, құдай берген талантын ұштап өткен қаншама саңлағымыз, кеудесі даңғыл даналарымыз бар. Біз солардың өмірі хақында, шығармашылығы тұрғысында әлі де көп дүниеден хабар ала алмай жатқандаймыз. Тіпті, тарау-тарау тарихтың тағылым тарқатар тұсын да бұрмалап келеміз. Осы ретте қорғасын оққа таңылып кеткен кешегі қос ғасыр белдеуіндегі біртуар тұлғалардың да басқан ізін толықтай айшықтап үлгерген жоқпыз. «Баласы Жәлменденің Пышан едім» деп жырлаған әнші-сазгер, ақын Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияда соған көзіміз анық жеткендей. Әсіресе, Пышан ақынның әндері хақында айтылған дәйекті сөз, нақты дерекке құрылған толғамдар тарихтың телегей екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Жиын барысында көңіл толқыды, сезім серпілді. Тарихқа деген құштарлық қайта қауыз жарды.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өрнек тапқан «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты ғылыми-танымдық конференцияда біртарау толғам жасалды. Белгілі ғалымдар мен жазушылар, ғылым-білім академиктері тауарих пен ұлы өнер хақында сөз қозғады. Алты Алаштың айбынын асырар бекзат болмысымыз бен бірегей тұлғамыз, өрісі кең мәдениетіміз әрі тұлғаларымыз жөнінде тарихтан тағылым тарқатты. Пышан Жәлмендеұлының шығармашылық мұрасы туралы тебіренді.

– Қазақ халқының өткеніне үңіліп, ұлы тұлғаларын еске алу біз үшін өте маңызды. Қасиетті бабаларымыздың сара жолы Жетісу жерінде сайрап жатыр. Сол данагөй бабаларымыздың бірі де бірегейі – Пышан Жәлмендеұлы. Ол небары 17 жасында болыс болып ел басқарған тұлға. 1921 жылы жала жабылып 37 жасында ату жазасына кесіліп, Шайқорғанда жерленген. Ақынның терең шығармашылығы философиялық ойлармен, адамгершілік құндылық пен әділдікке ұмтылысымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері мен әндері халық арасында кең тарап, бүгінгі күнге дейін сақталған, – деп ғылыми конференцияның алғашқы сөзін айтқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ұлттың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың мерейлі даталарын атап өтудің маңызды екенін, мұны Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атағанын жеткізді.

Беташар сөзден кейін облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген Пышан Жәлмендеұлының шығармашылығына арналған «ПЫШАН-ПЫРАҚ» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі атқарылды. Облыс басшысының орынбасары Диас Рахметұлы, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, Жетісу және Алматы облыстарының Құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбайұлы, Заң ғылымдарының докторы, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалайири, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ғалым Анарбай Бұлдыбай, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Құрметті профессоры, ҚР ІІМ құрметті ардагері, доғарыстағы әділет полковнигі Болат Молдабеков оқырманға ақжолтайлаған кітапты белгілі журналист, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Ришад Тұрғанбай құрастырғанын айта кеткен жөн.

– Зобалаң жылдарында жазықсыз атылып кеткен қазақ зиялысының бірі Жетісуда өмір сүрген Пышан Жәлмендеұлының есімі қазақтың Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты еркін ойлы өнер дүлдүлдерінің қатарында аталады. Өзі орысша білім алған сауатты, жүйрік ұстап, құс салған саятшы, ділмар шешен әрі қара қылды қақ жарған әділ болған адам, – деп сөз бастап, ғылыми-танымдық конференцияны жүргізген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жиынның мәні мен мазмұнына тоқталды. Алғашқы болып баяндама оқитын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ғалым Анарбай Бұлдыбайға сөз берді.

 Исі қазақтың әншілік, жыршылық өнерін зерттеп, талай мұраны бедерлеп келе жатқан ғалым бас баяндамада Пышан Жәлмендеұлының 4 қасиетіне айрықша тоқталды. Әуелде Пышан өмір сүрген ортаны сөз етіп, оның әкесі Жәлменде болыс, би болғанын айшықтады. Құнанбай қажы секілді Меккеде қонақүй салғанын, өнерге іңкәр азамат болғанын жеткізді. Семейде білім алған Абай секілді Пышанның Талаптыдағы 4 жылдық орыс сыныбы бар үлкен медреседе Шәріптен тіл сындырғанын атап өтті. «Екінші қасиеті – оның сал-серілігі», – деген Анарбай Бұлдыбай өз кезегінде Пышанның ақындығын, әншілігі мен көріпкелдігін де нақты мысалдармен жеткізді. 

– Мен бала кезімнен Пышанның есіміне қанып өскен қазақпын. Атам Ешмұхамбет Пышаннан 5 жас үлкен, жалайыр елімен құда болған жан, – деп сөз бастаған Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы 1993 жылы шыққан Балғабек Қыдырбекұлының «Қым-қиғаш жылдар» атты кітабында Пышанның әншілігі, серілігі мен «Әшіркүл-Зейнеп» әнінің қалай туғаны хақында жазылғанын баяндады.

– …Пышан 30 нөкерін қасына ертіп, ән айтып, жыр түлетіп жүрген сері болған. Суанның Белжайлауына серілікпен келгенде Әшіркүл мен Зейнеп деген апалы-сіңлілі қыздар қайым айтыстың көрігін қыздырып жатады. Сонда паң, сері Пышан: «Бәйшегірдің мырзасы келген кезде, көңілін аулай салсаң нетер еді?» деп айтысқа қойып кетіпті. Сонда апалы-сіңлілі қыздар «Пышан болсаң қайтейін, атаң Бәйшегір шың-құз емес қой», – дейді. Осы сөзге үлкен мән беруіміз керек. Шың-құз деген 1182 жылы Жаркенттің желкесіндегі Бұрқанның батыс жағындағы, қазір Жасылкөл деп аталатын, Көкнөр деп аталатын жерде Теміршің – Шыңғыс деген адам Жалайырға хан болады, – деп бастап жалайыр мен қазақтың тарихынан тамыр тартып, тарау-тарау әңгіме қозғаған халық жазушысы Шығыстың Пышан Жәлмендеұлының нақ бабасы екенін айшықтады. Апалы-сіңлілі қыздардың сұрауы да заңдылық екенін жеткізді. Сонымен қатар қазақ тарихында бірлі-жарым әнмен есімі елге танылған әншілер барын санамалай келе Пышанның 10-нан аса әні барын да тілге тиек етті.

КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова:
– «Әкемнің ең сүйіп айтатын әні – «Сұңқар едім шөлдегі» еді. Өмір бойы ауызынан тастамайтын. Кейін өзім өнер жолына түскенде іздестірдім ешкім білмейді. Бірді-екілі адамдар «халық жауы» деп атылып кеткен адамның әні» дейтін сыбырлап.

Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның «Халық Қаһарманы», композитор:
– «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің әнінің негізіне Пышан сазгер-ақынның әнін алғанбыз. Мақамын Батыстың әуендік екпін-иіріміне бұрдық».

Қанабек Байсейітов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: 
– «Пышанды көзіммен көрдім. Жігіттің сұлтаны деп халқымыз осындай келбетті де еңселі, талантты перзенттерін атаған ғой. Үнемі өзінің төл әндерін шырқайды екен. Сөзі ірі, өзі тірі, айналасындағыларды мысы басып тұратын. Менімше, жаңа билікке ел ішіндегі осындай асқан бедел-құрметі ұнамады. Әттең, жазықсыз құрбан болды!

Осылайша барша қазақтың тұлғалары түгенделген ғылыми-танымдық конференцияда Жетісу және Алматы облыстарының Құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбайұлы, Заң ғылымдарының докторы, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалайири, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Болат Молдабеков сөз алып, Пышан бабаның шығармашылығы мен өмір жолы туралы терең талдау жасалған баяндамаларын оқыды. Өз кезегінде айбоз ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін сөз алды. Ол:

– «Жақсыдан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» демекші, дәуірінде Жетісу аймағының аға сұлтаны дәрежесіне көтерілген, айдынынан аққу ұшып, қаз қонған Жәлменде Байшығашұлының балалары да өршіл, өрелі еді. Әсіресе, қазақтың ақындық, музыка өнерінің биік шыңына ерте көтерілген Пышанның орны тіптен бөлек тұр. Жасынан әкесінің қасынан бір елі қалмай жүріп биліктің қыр-сырына қаныққан ол 1901 жылы Жәлменде бауыры Бименде екеуі Меккеге аттанғанда болыстықты қолына алады. 
Ағайын, тілектеспін аманыңа,
Мен-дағы дүрілдедім заманымда.
Қазтабан жүйрік едім тас баспаған,
 Қадалды темір тікен табаныма… – деп Пышан ақынның өзі өзегімізді өртегендей, кеңестік жаңа биліктің құрбандығына алдымен шалынды. Ел ішіндегі аса бедел-құрметті тұлғаларды тізгіндеу арқылы жалпы жұрттың зәре-құтын қашыру саясаты Пышанды да айналып өтпеді. Басқыншылар қазақтың бірін-бірі қызғану, көреалмау, жақсының артынан сөз ерту секілді ескілікті ғадеттерін де жымысқы пайдалана білді. Төменнен түскен дәйексіз, жасанды шағымның дүмпуімен Талдықорғанның абақтысына жабады. Содан екі ай өтер-өтпестен Шайқорған түбінде арысымызды атып тынады.

Сонау 1995 жылы өзі туып, өскен Қаратал ауданындағы қасиетті Бесағашында әкесі Жәлменде бидің 150, өзінің 110 жылдығын тойлап едік. Енді, міне, облыс әкімдігі қолдауымен Талдықорған шаһарының көгінде екі күн бойына Пышан ақынның еркін шақтағы ақ шағала әндері мен абақтыда өлім мен өмір арпалысында туған арзу әндері қалықтады. Көңілдің кірі көздің жасымен жуылды, – деп тебірене келе, «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты ғылыми-танымдық конференция да өз деңгейінде өткенін тебірене жеткізді. Сөз соңында Әміре Әрінұлы Пышан бабасына арналған рухты поэмасынан үзінді оқыды.

Тарихта есімі қашалған, өзі болыс, өзі сері, ақын, сазгер, әнші атанған Пышанның өмір жолы, арғы-бергі шежіресі мен елдің тауанды тарихы тізбектелген ғылыми конференция соңында күні кеше ғана Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Пышан Жәлмендеұлының бірінші республикалық «СҰҢҚАР ЕДІМ ШӨЛДЕГІ, СҰЛТАН ЕДІМ ЕЛДЕГІ» атты дәстүрлі әншілер байқауында бас жүлдені иеленген Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі Есхат  Нұрали баба әнін асқақтатты. Өз кезегінде Қазақ-станның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, жыршы Ерболат Шалдыбеков пен 1995 жылғы Пышан Жәлмендеұлы атындағы байқаудың бас жүлдегері, елімізге танымал дәстүрлі әнші Ермек Шаштайұлы Пышан әндерін көпшілікке ұсынды. 

Осылайша күллі қазақтың ән өнеріне олжа салған, ақындығымен танылған, сазгерлігімен саңлақ атанған ұлы тұлғаның 140 жылдығына арналған торқалы той Жетісу жерінде айрықша аталып өтіп, баба рухына арналған асқа ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

Қатысты жаңалықтар

Талдықорғанда бәйгеден Қазақстан чемпионатының үшінші кезеңі өтті

Талдықорғанда бәйгеден Қазақстан чемпионатының үшінші кезеңі өтті

19.05.2025
Талдықорғандықтарды тәнті етті

Талдықорғандықтарды тәнті етті

18.05.2025
Жанкүйерін қуантпай тұр

Жанкүйерін қуантпай тұр

18.05.2025
Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

18.05.2025
Сот шешімін орындамасаң  жаза бар

Сот шешімін орындамасаң жаза бар

18.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.