Белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтың «Әдебиет көкжиегі тек жастармен ғана кеңеймек» дегені бар. Прозаға аяқ басқан жастың бағытын аңдап, көзден таса қылмай, оны демеу – біздің міндет. Кейінгі қазақ әдебиетінің өрісіне олжа болып қосылатын да, жазуы арқылы жаңалық алып келетін де бүгінгі көк қауырысындар. Бүгінгі жазбамыздың мақсаты – прозаны таңдаған кез келген жасқа қолдау. Оларды қолдай отыра қайрау. Осы тұрғыда белгілі жазушы Есболат Айдабосынның пікірін ұсынамыз.
Әдебитетке әркім әрқалай келеді. Әр жақтан келеді. Мысалы біреу журналистикадан келеді, екіншісі ғылымнан, қаладан, тіпті даладан келеді… Мағауин секілді пісіп-жетілген шағында, үлкен қор, зор дайындықпен келетіндер бар. Керісінше мектеп жасынан балалар басылымына әңгіме, мақала жазып, студент кезінде-ақ ақын-жазушы атанып кететіндер бар. Шығармашылық қоры да, жазу стилі де жүре келе шыңдалады. Сол секілді әдебиет есігін иемене аттайтындар болады, оған ұқсамай айқайлап келетіндер де кездеседі. Бүгінгі жастар да әр қилы жолмен әдебиетке келіп жатыр. Арасында іспен емес, сөзбен келіп жатқандарды да байқаймыз. Жазған шығармасынан гөрі айтқан сөзі, сыни пікірі, берген сұхбаты тәуірлеу. Өз басым адамның сөзінен бұрын ісі ілгері болғанын қалаймын. Жазушы жазған шығармасымен ғана бағалану тиіс деп есептеймін. Оның өмірлік принципі, оқыған кітабы, көрген киносы, әр-әр жерде сөйлеген сөзі бүгінгінің тірлігі, ал болашаққа тек шығармасы барады. Мысалы, спортшы олимпиадада чемпион болды дейік. Ол оның нәтижесі. Оның ол нәтижеге жету жолында көрген қиындығы, дайындығы, ішкен тамағы, қандай дәрумендер қолданғаны секілді дүниелер екінші қатардағы мәселе. Біз үшін жеңісі ғана керек. Егерде жеңіліп қалса ол жыл бойы үй көрмей дайындалдым, өйттім-бүйттім деп ақтала алмайды. Дайындығы өзінен кем болса да нәтижесі озық спортшыдан бәсі төмен тұрады. Сол секілді жазушының да бір шығарманы жазу жолында жасаған шығармашылық дайындығы, оқыған кітаптарынан бұрын жазған шығармасын бағалауымыз керек. Маған десең 100 кітап оқып, жылдап архивте жатып алып жаз, жазған дүниең көркем болып шықпаса еңбегің зая кетті деген сөз. Сен ешкімнің алдында «мен мына романды жазу үшін архив қопардым, жүздеген еңбекті ақтардым» деп міндетсіне алмайсың. Ақырғы нәтижең сәтсіз болды ма, бітті. Бізде осы тұрғыда аздап шатасу бар. Жазушыларды саяси көзқарасына қарап бағалайды, біреулер сөйлеген сөзіне, әдеби біліміне қарап құрмет көрсетеді. Ал оның шығармашылығы қалай, не бере алды деген сауалдарға ойлана бермейміз. Білімдарлық пен қаламгерлік екеуі екі басқа дүние. Батыс пен шығыстың бүкіл қаламгер-шайырын қалдырмай пәлсапашы ойшылдарын түгендеп, әрбірінен цитата келтіріп сөйлейтін қаламгерлердің жеке шығармашылығына үңілсең түк таппай шығатының сол. Ол сөзсіз жақсы оқырман, бәлкім әдебиетші болар, білгір ғалым шығар, бірақ суреткер емес. Сен жазушылық осалдығыңды қанша жерден білімдарлығыңмен бүркемелегенмен ол бәрібір әшкереленеді, бүгін болмаса да ертең…
Қазақ прозасына жастар жан-жақтан келіп жатыр дедік қой, менімше жақсы бір толқын бой көрсетті. Олардың бәрі бір бағытта емес, бірнеше бағытты қамтып келе жатқан секілді. Біреу дәстүрлі жолға түскен, біреулер жаңа соқпақ салсақ деп ұмтылып жүр. Өздерімен бірге түрлі-түрлі тақырыптар, жаңашылдық әкелуде. Бәрінің шығармашылығымен тұтастай таныс емеспін, дегенмен әдеби басылымдарда жарияланған, кейбір байқауларға жіберген дүниелерін оқуға тырысамын. Атап айтсам Әлихан Жақсылық, Нұрбек Нұржанұлы, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет, Досхан Жылқыбай, Әлішер Рахат, Темірлан Қылышбек, Абай Ораз, Абай Аймағамбет, Серікжан Қажытай секілді жігіттердің әңгімелерін оқыдым. Прозашы қыздардың да бір шоғыры пайда болды. Атырауда жүрген Бақытгүл Сәрмекова, астаналық Жадыра Шамұратова, алматылық Гүлден Еркінбекқызы, Еркеайым Әлиасқар, Мира Сембайқызы, талдықорғандық Айгерім Иебекованың шығармашылығына үміт артамын. Аталған авторлардың әрбірінің өз артықшылығы, кемшілігі бар. Кейде өзімде жоқ дүниелерді көріп қуанам, кейде көңілім қоңылтақсып қалады. Әсілі шығарманың жанрына, автордың таңдаған тақырыбына, беру формасына, сомдаған образдарына, кейіпкердің аты-жөніне сын айтылмау керек. Сын сол тақырыпты қалай аша алды, форманы мазмұнмен қалай байытты, образдар сәтті жасалды ма деген сұрақтар бойынша өрбу керек. Осы тұрғыдан келгенде менің сыным көбіне-көп көркемдік пен сөзге кеп тіреледі. Бояуы аз, тақ-тұқ шығармалар бар. Керісінше бояуын шамадан тыс қалыңдатам деп оқиғадан алшақтап кететін, адамды жалықтырып алатындар болады. «Артық алып, не кем салмайтын» шеберлікке бір күндері жетер деген үміттемін. Сонымен бірге кейіпкердің аузына сыймайтын сөзді тығып жіберетіндер, шұбалаңқы жазатындар, тұрақты сөз тіркестерін будандастырып шатасатындар, көптік жалғауын қолдануды білмейтіндер бар. Яғни сөз саптауда олқылық көп. Журналистикада кездесетін қателіктерді әдебиетке алып келмеуі керек. Біз осы қателіктен арыла алмай келеміз. Қазір бір сөздің мағынасына, түбіріне бола дауласа қалсақ жыраулар поэзиясынан бері тартып, Абай, Мұхтар, Бейімбет, Әбіштердің кітаптарына жүгініп, сол жерден мысал келтіріп жатамыз. Болашақта біздің кітаптарға жүгінетін ұрпақ келеді. Ал біздің кітаптарда қате сөз тіркесі тұрса, онда біз ұрпақты улаушы зиянкес болғанымыз. Осы жауапкершілікті сезінсек шіркін!