Талдықорған қаласындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының 400-ден астам мерзімді әскери қызметшісі өздерінің алғашқы парашюттік секірістерін сәтті орындады. Бұл десанттық даярлық бағдарламасының маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады.
Оқу-жаттығу барысында сарбаздар Д-6 парашюттік жүйесін пайдаланып, 800 метр биіктіктен секірді. Алғашқы секірістер әскери нұсқаушылардың бақылауымен ұйымдастырылып, барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталды.
Парашюттік секіруге дейін әскери қызметшілер жан-жақты дайындықтан өтті. Олар жердегі жаттығулар барысында парашют жүйесінің құрылымын, оны пайдалану тәртібін және әуедегі іс-қимыл алгоритмдерін меңгерді. Сонымен қатар теориялық сабақтарға қатысып, қауіпсіздік талаптары бойынша арнайы дайындықтан өтті. Тек барлық сынақтардан сәтті өткеннен кейін ғана сарбаздарға әуеге көтеріліп, секіруге рұқсат берілді.
Десантшыларды даярлау жұмыстары алты айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде әскери қызметшілер парашютпен секірудің барлық кезеңдерін тәжірибелік және теориялық тұрғыдан игеріп, өздерінің физикалық және психологиялық дайындығын жетілдірді.
Әскери мамандардың айтуынша, алғашқы парашюттік секіріс әрбір десантшы үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл – әскери қызметшінің батылдығы мен кәсіби даярлығын айқындайтын маңызды сынақтардың бірі.
Берілген тапсырмаларды сәтті орындаған сарбаздар десантшыларға тән негізгі дағдыларды меңгеріп, өздерінің алғашқы әуе-десанттық тәжірибесін алды. Осылайша 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының жас жауынгерлері десанттық бауырластық қатарына қосылып, әскери қызметтің жауапты кезеңінен абыроймен өтті.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі









