Көпшіліктің арасында «Ұлы адамдар ұмытшақ келеді» деген тұжырым таралған. Кім біледі, бұл тұжырым да бекерден бекер айтылмаған болар. Олай дейтініміз, тарихта ұмытшақтықтарымен ғана емес, адам сенбейтіндей аңғалдықтарымен де айшықталып қалған мықтылар жеткілікті. Қалай дегенмен де өмірден өтіп кеткен ұлылардың айтқандары езу тартқызбай қоймайды.
Марк Твен ұмытшақ, аңғал адам болғандықтан ылғи да қолайсыз оқиғаларға тап болып жүреді екен. Бір жолы пойызда келе жатқанда сондай оқиғаның бірі басынан өтеді. Кондуктор билетін көрсетуін талап еткенде оны қалтасынан таппай қалады. Қалтасын, сөмкесін түгел қарап шыққанымен таба алмайды.
Кондуктор да әңгімені ары қарай ушықтырмай билетті қайтар жолда тексеретінін ескертеді. Тіпті табылмаған күнде де дүниені топан су алып кетпейтінін айтып, оны тыныштандыруға тырысады.
Әйтсе де Твен тыныштала қоймайды: «Осы бір қарғыс атқыр билетті қалайда табуым керек, – дейді ол. – Онсыз қайда бара жатқанымды қалай білемін?!».
Марк Твен әлдебір таныстарымен қонаққа бара қалады. Араларында атақты жазушы отырғаннан кейін де болар, әңгіме теңіз төсінде болған қызықты оқиғаларға қатысты өрбиді. Көбісі бұрыннан айтылып, сан қайталанып жүрген әрі шындыққа оншалықты жақындай қоймайтын жайт болғандықтан ешкімді қызықтыра қоймайды. Содан кейін де көпшілік Твеннен теңіз төсінде өз басынан өткен қызықты бір оқиғаны әңгімелеп беруін өтінеді.
– Сіздерге өмірде болған нақты оқиғаны әңгімелеп берейін бе? – дейді жазушы.
– Сөйткеніңіз жөн болар еді, – дейді көпшілік бірауыздан.
– Жарайды. Сіздерге өз басымнан өткен бір оқиғаны әңгімелеп берейін. Ең сенімді деген пароходтың бірімен Атлант мұхитының айдынында жүзіп келеміз.
Таңертеңгі мезгілде аяқ астынан алапат дауыл соққаны бар емес пе. Таудай толқындар палубаны басып қалып, мачтаны бұйым құрлы көрмей сындырып, құрдымға алып кетті. Сол кезде руль де істен шығып, кемеміз суға бата бастады. Қанша жанталасқанымызбен істер айла қалмай құрдымға кете бардық. Осылайша кеме командасы мен ондағы барлық жолаушы су түбіне кетті…
Таңғалған тыңдаушылардың ауыздары ашылып, сөйлей алмай қалады. Әлден уақытта біреуі есін жиып: «Әйтсе де сіз өзіңіздің қалай аман қалғаныңыз жайында айтпадыңыз ғой…», – дейді.
– Мен аман қалған жоқпын, – дейді жазушы түк болмағандай кейіппен. – Өзгелермен бірге су түбіне кете бардым…
* * *
Кейін атақты әншіге айналған Федя Шаляпин 15 жасар кезінде Қазан қаласы театрының әкімшілігіне өтініш жасайды. Өзін тыңдап көріп, хор құрамына қабылдауын өтінеді. Әйтсе де өтпелі жаста дауысының жуандап, дыбыс талшықтарының өзгеруіне байланысты әнді дұрыс айта алмай ұятқа қалады. Сол себепті хор құрамына оның орнына он тоғыз жастағы әлдебір ұзынтұра жасөспірім қабылданады.
Өзінің өмірдегі ең алғашқы сәтсіздігі Фёдор Иванович Шаляпиннің есінде мәңгібақи сақталып қалады. Жан жүрегіне ауыр тиген осынау сәтсіздігін ол кейін күйінішпен еске алып жүріпті.
Шаляпин жылдар өте келе Нижний Новгород қаласында Максим Горькиймен танысып, оған әнші ретінде алғаш рет ұятқа қалғаны жайында әңгімелеп береді. Оны естіген Горький ішек-сілесі қата күліп: «Қымбатты Феденька, сол жолы хорға қабылданған мен едім ғой! Әйтсе де мен хор құрамында ұзақ бола алмадым. Дауысымның мүлдем болмауына байланысты мені бірнеше күннен кейін-ақ хордан қуып шыққан болатын», – деген екен.
* * *
Бернард Шоу жасөспірім кезінде велосипедпен өмірдегі ең алғашқы серуеніне шығады. Үйіне кереметтей көтеріңкі көңіл күймен шаттанып оралған ол анасына өзінің боқтық сөздерді айтуды енді ғана шындап үйренгенін жеткізеді.
– Бернард, мұндай жаман әдетке үйір болма деп саған қанша рет қайталауға болады?! – дейді анасы ренішпен.
– Мен ешкімді де боқтаған жоқпын. Боқтап жатқандар мен қағып кеткен адамдар ғой, – деп ақталған екен болашақ ұлы драматург.
* * *
Бернард Шоу атақты жазушыға айналғаннан кейінгі кезде серуендеп жүріп велосипед теуіп келе жатқан біреуге соқтығысып қалады. Бақытына қарай, ауыр зардап шеге қоймайды. Екеуінің де бет-ауыздары көгеріп, бұлшық еттері ісіп дегендей, жеңіл ғана жарақат алады.
Кінәлі велосипедші қайта-қайта кешірім сұрай бастағанда Шоу оны тоқтатып: «Сіз үлкен бақытсыздықтан аман қалдыңыз, сэр! Бұдан сәл қаттырақ жүргеніңізде менің өліміме себепші болған адам ретінде тарихта мәңгі қалатын едіңіз…», – деген екен.
* * *
Болашақ драматург, романист Бернард Шоудың көңілсіз отырғанын байқаған анасы «Сен жұма күндері Соммерстердің үйіне барып карта ойнамаушы ма едің?» деп сұрайды.
– Сіздің өзіңіз дәйім алаяқтық жасап, оның үстіне ойнап отырған серіктестерімен ұдайы жанжалдасатын адаммен карта ойнар ма едіңіз?
– Ондай адаммен қалай ойнайсың? Әрине, ойнамаймын.
– Сол үшін де олардың менімен ойнағылары келмей қалды…
* * *
Бірде Владимир Маяковский кезекті бір диспутқа қатысып, пролетарлық интернационализм тақырыбында әңгіме қозғайды. Сөз арасында ол өзінің Әлем адамы екенін, орыстардың арасында өзін орыс, ал грузиндердің арасында өзін грузин сезінетінін атап өтеді.
Сол кезде залдан қалжыңбас біреу: «Ал ақымақтардың арасында өзіңізді қалай сезінесіз?», – деп айғайлап сұрақ қояды. Бұл сұраққа абыржи қоймаған Маяковский табан астында: «Білмедім. Ақымақтардың арасында алғаш рет болып тұрмын», – деген жауап қайырыпты.
* * *
Жырсүйер қауымның алдында өлең оқыған Есенинге өңі тая бастаған орта жастағы бір әйел жақындап, өзін «Брокгауз», – деп таныстырады. Дәп сол сәтте ақынның ойына әйгілі Брокгауз сөздігі орала кетеді. Қуанып кеткен әйел өзінің әйгілі құрастырушының жиені екенін мәлімдейді. Бұл таныстық Есениннің оны қонаққа шақыруымен аяқталады.
Келесі күні жолдасы одан соншалықты ажарлы да емес, ақылы да асып тұрмаған әйелді неге қонаққа шақырғанын сұрағанда Есенин: «Қанша дегенмен Сөздіктің жиені ғой…», – деп ақталған екен.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Фото: masi.ru