Өнер өлкесінде Гүлзия Байбосынованың есімі аталған жерде «Қарасаздың қарлығашы» деген әдемі тіркес бірге айтылады. Қарасудың жағасында өсіп, Мұқағалидың қара өлеңімен қанаттанған Гүлзия кешегі ұлт перзенттерінің батасымен бағы жанған жанның бірі. Түнеукүні Жетісудың жерінде, Талдықорғанның төрінде Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының жүргізуші артисі Гүлзия Байбосынованың шығармашылық кеші өтті.
Сол кешті көргенге дейін көп көңілін күпті қылған бір сауал болды. «Сахнаға шығып өнер адамы мен ол орындайтын туындыны хабарлап қана тұратын адамда қандай шығармашылық болуы мүмкін?!». Орынды сауал. Гүлзия әпкемнің: «Осы кешті сенің жүргізгеніңді қалап отырмын. Алып шыға алатыныңа сенімдімін», – деп өзінің сенімімен қоса маған да жауапкершілікті жүктеп жіберген тұста алаң көңіл күй кешкенім рас. Кештің өту барысымен кеңінен әңгімелесе келе басқа әлемге еніп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Қанша жыл бір шаһарда, өнер әлемінде бір сапарда жүрсек те мен Гүлзия Жөкенқызын толық танымаған екенмін.
Бұл кісінің мамандығы – конферансье! Сахнада өтетін қандай да бір мерекелік шара, жеке өнер адамының немесе оркестр, ансамбль сияқты ұжымның шығармашылық кештерін бастан аяқ жүргізіп шығады. Қазіргі технология қарқынды дамыған заманда «жүргізушінің» жұмысы тіптен жеңілдеген. Кез келген шараның басын бастап, соңын аяқтап берсе болды. Ал ортасында орындалатын шығарма мен өнер иесінің аты сахна төріндегі лед экраннан көрсетіліп тұрады. Мұны неге бүге-шігесіне дейін айтып отырмын. Өйткені бұл мамандық – кезінде үлкен сұранысқа ие, екінің бірі жүрегі дауалап алып кете алмайтын, дауыс ырғағы әуезді, сөйлеу мәнері әдемі, шешендігі мен импровизаторлық шеберлігі жоғары адамның ғана қолынан келген.
Әлқисса, қасиетті Қарасазынан арман қуып, Алматыны бетке алған қарлығаш қанат бойжеткен өнер саласына бет бұрады. Сол күндердің бірінде жүргізуші артист қызметіне іріктеу болып жатады. Қасындағы тілеулес жандардың қолпаштауымен Гүлзия Жөкенқызы да, бүгінгі тілмен айтқанда, «кастингке» қатысады. Бұл бір ұзақ әңгіме. Қысқа қайырғанда ұлт перзенті, руханиятымыздың шамшырағына айналған, сан ғасырлық салт-дәстүрімізді туған халқымен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың алдынан бір-ақ шығады. Ол кезде қазақтың қайраткер ұлының Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметіндегі кезі. 1973 жылы құрылған облыстық филармонияны 1985 жылы қайта жасақтап, небір дүлдүл, бұлбұл өнер иелерімен толықтырып, «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі болып жүрген жерінен КСРО-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ғабиден Тұяқаевтың қолына филармонияның тізгінін ұстатады. Ғабидендей талантты тұлғаның талғамынан өткен Гүлзияға Өзбекәлі ағамыз да сәттілік тілеп, жол сілтейді. Өзағаңның қабылдауынан қанаттанып шыққан Қарасаздың қарлығашы сол күні-ақ Мәдина Ералиевамен бірге Қызылорда жеріне гастрольдік сапарға шығып кетеді. Бұл күнде сағымдар арасына сіңіп, сағынышқа айналған Мәдина мен Гүлзияның достығының алғашқы парағы осылай ашылған еді. Осы сапармен алғашқы қадамы басталған Гүлзия 40 жыл ғұмырын өнер сахнасына арнады. Бұл мамандықтың сол кездегі маңыздылығы туралы аз-кем айта кетейін. Өзағаңның талабы бойынша жүргізуші тек хабарлап қана қоймайды. Арасында тақырыпқа сай поэзия оқып, сын-сықақтар орындап, кештің көрігін қыздырып тұратын болған. Міне, сөз басындағы «концерт жүргізушінің қандай шығармашылығы болуы мүмкін» деген сауалымыздың жауабы осы жерден шығады. Кескін-келбеті келіскен талдырмаш қыз сахнаға шығып сөз бастағанда тыңдаушының сілтідей тына қалған сәттері де бұл күнде естен кетпес естелік болып қалған.
Сол күнгі шығармашылық кеште тек Гүлзияның шеберлігі ғана көрсетілмеді. Ұлтының жоғын түгендеп, барының қадірін арттыра білген Өзбекәлі ағамыз жайлы көңіл толқытар естеліктер айтылды. Өнер тарланы Ғабиден аға жайлы жан жадыратар сөздер ақтарылды. Орайы келгенде кешке келген қонақтарды кәсіби маман ретінде сахна төріне шақырған Гүлзия қазақтың қасиетті қара өлеңіне шекпен жапқан Мұқағали ағасының жауһар поэзияларынан бастап, Фариза мен Ақұштаптың, Тұманбай мен Мұхтардың кестелі жырларын кезек-кезегімен көрерменге ұсынды. Қара өлеңге деген құмарлық қанымды тулатты ма, Гүлзия әпкемнің өлең оқу мәнерінен шабыттанып, арасында қолдап, қуаттап отырған көпшілікке өзім де қара өлеңнен сыбаға ұсындым.
Кешке арнайы келген Мұқағали ақынның ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүлдің төбе көрсетіп қана қоймай, сахнаға көтеріліп, қарасаздық қарындасына сый-құрмет жасауы да әсерлі болды. Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен де анасының құрбысын құрметтеп келіп, гүл шоғын ұсынып, мерейін үстем етті. Алматы облысының және Райымбек ауданының ақжарма тілегін алып келген азаматтардың да лебізі Гүл әпкемізді шабыттандырғаны сөзсіз. Халық әртісі Алмахан Кенжебекова апамның аналық ілтипаты, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтің аймақ басшысының ақ тілегі мен сый-құрметін жеткізгені де жарасым тауып тұрды. Талды қалаға осы кеш үшін атбасын бұрған Халық әртісі Рамазан Стамғазының, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлованың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейістің, «Құрмет» орденінің иегері Өмірқұл Айниязов пен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғанипа Садықованың ән шашулары көп көңілін бір желпінтіп тастады. Ал кештің өн бойында көркем би, әуезді әнмен әспеттеген облыстық Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншілері ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Әбенова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Арафат Ысқақов, композитор Гүлнұр Нұрасылова және «Күреңбел» триосы мен бишілер құрамы да ел көңілін бірде толқытып, бірде шалқытты. ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрсынхан Қарақожаева жетекшілік ететін «Жетісу сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен флейта аспабында жұртшылыққа өнерін паш еткен Гүлзияның ізі, атын әнші Мәдина «Ақбаян» деп қойған қызының орындауындағы шығарма да ерекше әсер етті. Осылайша «жүргізушінің» де шығармашылық кеш өткізуге қақысы бар екенін дәлелдеген Гүлзия Байбосынованың «Алғысым шексіз, өнер» атты шығармашылық кеші жоғарғы нотада аяқталды.
Жұматай Оспанұлы