Мерекелік шараға жер жәннаты Жетісудың әр аудан, қаласынан жиналған кәсіби домбырашылар мен жас өнерпаздар, мектеп оқушылары және қала тұрғындары қатысты. Рухани бастаманың басты мақсаты – ұлтымыздың ұлы мұрасы киелі домбыраны жас ұрпақ санасында жаңғыртып, төл өнерімізбен мәдениетімізді кеңінен дәріптеу. Сондай-ақ, тарихымызды бағалап, болашаққа бағдар боларлық құндылықтарды ұлықтау.
Бұл жолғы челлендж аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық өнер жаңғырып, бірлік пен рухтың символына айналды. Домбыра үні асқақтаған осы эстафетаны Жетісу жұрты Қарағанды халқынан қабылдап, Атырау облысына жолдады. Бастысы 5 мың жетісулықтың бір мезетте «Балбырауын» және белгілі күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шеберлікпен орындап әр санаға сөнбес әсер қалдыруы болды.
– Бұл тек музыкалық қойылым емес, ұлттық болмысқа деген шынайы құрмет пен ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Себебі, домбыра – сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мұрасы. Салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, тәуелсіздік туы тұғырында желбіреп тұрған бүгінгі күнде ел үшін еңбек ету әрбір жанның азаматтық борышы. Ал, өнер – мәңгілік. Шет шекарасы жоқ өнерді құрметтеп, өмірден өткен өнер дүлдүлдерінің еңбектерін қатпары қазынаға толы тарих парағына жазып қалдыру ұлтжанды әрбір азаматтың көкейтесті арманы»,– деді танымал сазгер, бас дирижер Әли Алпысбаев.
Айдын КӘЛІМХАН