«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – дейді Ыбырай Алтынсарин. Осы орайда мемлекетіміздің ұстаздар қауымына да ерекше көңіл бөліп отырғанын көпшілік жақсы біледі.
Соңғы жылдары ұстаздардың қоғам алдындағы мәртебесі өсіп, жалақылары да көтерілді. «Әліппе» оқулығы оралып, бірінші сынып оқушылары өз ана тілінде білім алатын болды. Яғни, шет тілдерін екінші, үшінші сыныпта оқуға мүмкіндік алды. Есесіне мұалімдердің де жауапкершілігі артты. Өз пәнінің кәсіби маманы болуы үшін ұстаз тұрақты ізденісте жүруі тиіс. Сонымен қатар, мұғалім оқушының болмысын, мінезін түсінетін психолог және жан дүниесіне мән беретін, өзін сыйлатып қана қоймай, шәкіртімен әңгімелесе алатын адам болуы керек.
Жүрегі жұмсақ ұстазды кез-келген оқушы жатсынбайды. Оның сабағын да жақсы көреді. Оқушы мұғалімді қорыққанынан емес, құрметтегенінен сыйлауы тиіс. Әрбір ұстаз жастардың XXI ғасырда өмір сүріп жатқанын естен шығармағаны жөн. Сол себептен мұғалім санасы азат, рухы сергек, адамгершілік, мейірімділік, отансүйгіштік қасиеттерін бойына сіңірген, заманауи білімді азаматтарды тәрбиелеуі қажет.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ойшыл әл-Фарабидің сөзін әрбір ұстаз жадында тұтуы тиіс. Сонымен қатар, «мектеп – ата-ана – оқушы» атты алтын үштіктің аражігінің үйлесіміне де назар аударған жөн.
«Отан – отбасынан басталады» дейтін ұлағатты сөздің де өз орны бар. Отан – отбасың, туған жерің, оның табиғаты, ұлттық тілі, дәстүрі, тарихы мен мәдениеті. Бұл қасиеттер адам санасына жылылық, жақындық, туысқандық, бауырмалдық сезімдерді ұялатып, өнегелі істердің бастауына айналады. Яғни, олар патриотизмге тәрбиелеудің негізі. Сондықтан, әр балаға Отанды сүюді үйрету, алдымен, отбасына, одан соң білім алған алтын ұя мектебіне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Патриоттық тәрбие беруде еліміздің жаңа Ата Заңы мен мемлекеттік рәміздердің де атқарар рөлі жоғары болмақ.
Бүгінгі Жаңа Қазақстандағы ұлттық патриотизмнің басты көрінісі – жастарымыздың ана тілінде сөйлеуі, жас ұрпақтың ұлттық тәрбиеге мән беруі, олардың бойларында ұлттық болмыс пен ізеттіліктің, қайырымдылық, мейірімділік, қамқорлық сынды сезімдердің болуында дер едік. Осы аталған тәрбиенің негізі жас ұрпақтың жүрегіне ұстаздің жанкешті еңбегімен қаланады. Бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан екенін естен шығармайық.
Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,
Н.Алдабергенов атындағы орта мектептің мұғалімі
Көксу ауданы,
Жетісу облысы
Сурет ғаламтордан алынды





