Заман өзгерер, жыл артынан жыл келер. Бұл – уақыт заңдылығы. Қанша ғасыр жөңкісе де адам деген ұлы жаратылыстың ішкі әлемі руханият, әдебиет пен мәдениет деген құндылықсыз байымайтыны, ажарланбайтыны анық. Сондықтан да өзін кемел еткісі келген жанның бәрі осынау ошақтың үш тағанындай дүниеге мұқтаж әрі мойынсал болмақ. Оны біз өнер әлемінде есімін алтын әріппен айшықтаған бірегей тұлғалардың тебіреніске толы жазбаларынан, естеліктерінен танып, білдік. Бұл тұрғыдан алғанда тағылым ордасындай болған театрлардың, жалпы театр өнерінің де адам өміріне тигізер әсері мол.
Жер жаннаты Жетісудың аты аталса, бірден Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры көзге елестейді. Тарихы жарты ғасырға таяған осынау өнер ордасының қазақ руханиятына қосқан үлесін толыққанды мазмұндап шығу мүмкін еместей көрінеді. Өйткені сахнада шымылдық түрген сан қойылымды айтпағанда, сол қойылымдарда талантын шыңдап, киелі сахнадан тұлға болып қалыптасқан өнер майталмандарын жіпке тізу, олардың ұлағатынан тәлім алып тамыр жайған шәкірттерін тілге тиек ету үлкен қажыр-қайратты талап етеді-ау. Сондықтан да тағылым ордасы болған бұл өнер шаңырағының қазақ руханиятынан алар орны ерек деп жалқы байлам түйсек жеткілікті секілді.
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры былтырдың өзінде 66 спектакль сахналапты. Оның ішінде 7 спектакльдерінің премьерасы өткен екен. Атап айтар болсақ, Г. Хугаев «Қара шекпен» әфсанасы, М. Себастьян «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық дра-масы, Ф. Зеллер «Ана» трагифарсы, Б. Римова «Қос мұңлық» драмасы, Б. Ұзақов «Қазақы комедия» комедиясы және «Ер төстік» ертегісі, С. Сарыбай «Құзғын» әлеуметтік драмасы көрерменге жол тартқан. Осының өзінен-ақ бір өнер шаңырағының қаншама тағылым таратып, сан жүректің шөлін руханиятпен сусындатып отырғанын парықтай беріңіз?!
Рас, Жетісу – өнердің өлкесі, таланттар тұғыры. Осынау құтты мекендегі Б. Римова атындағы драма театрын алып бәйтеректің діңі деп елестетсек, Текелі қаласындағы «Эдельвейс» театр студиясын, ескелділік «Би-Ата», қараталдық «Қаратал», ақсулық «Smile Aksu», көксулық «Мұқыры», Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылындағы «Қуыршақ», алакөлдік «Үшарал», сарқандық «Сарқан аудандық өнерпаздары», талдықорғандық «Жас ұлан», кербұлақтық «Күреңбел» сынды театрлар сол еменнің алып бұтағы мен тамыры деп ой тарқатуға негіз бар. Сонымен қатар, Ақсу халықтық театры мен Панфилов ауданы Дәнеш Рақышев атындағы халық театрын бұл санатқа қоса беріңіз. Бір облыстың өзінде осыншама өнер шаңырағының жұмыс істеп, елдің әдебиеті мен мәдениеті жолында еңбек етуін, халыққа қазына ұсынуын қалайша тебіреніспен баяндамайсың?..
Өнері дамыған, мәдениеті кемелденген елдің өркениет көшінен алар орны жоғарыда екенін тарих сан мәрте дәлелдеп берді. Тіпті, француздың даңқты ақын-жазушысы В. Гюгоның «Аласталғандар» атты ғажайып романынан адамзат өмірінде руханияттың алар орны қаншалықты терең екенін ұғынғанбыз. Жазушы өз шығармасында опера тыңдап, театрға бармағандардың билікке келуі қатерлі екенін айтады. Опера тыңдамаған жан сезімсіз, театр көрмеген адам қоғам тудырған келеңсіз мәселелермен таныс болмайды деген ой түйеді В. Гюго. Сондықтан да сезімсіз, түйсіксіз адамның билікке келуінен асқан қатерлі қауіп жоқ деп білген.
Осынау жазушы ойын қорыта келе біз де жалпы халық болып қасиетті өнерімізді ұлықтай білуіміз керек деген байламнан тиянақ таптық. Өңірлердегі өнер ошағына жиі барып, қоғам сұранысына сай сахналанып жатқан қойылымдардан, тағылым таратқан дүниелерден сабақ алуға міндеттіміз. Сонда ғана кемел елдің келешегін болжап, бүгінгі күнімізден берекет тапқан, рухани уызға тояттаған, өнерін саралай алғандар санатынан табыларымыз хақ. Ендеше, өнері ортақ елдің мерекесі – Халықаралық театр күні құтты болсын, алдияр оқырман!
Арда Би





