2026 жыл Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Конституциялық реформа заң үстемдігіне, биліктің жауапкершілігіне, халық өкілдігіне және азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуына негізделген заманауи саяси жүйенің берік іргетасын қалады. Бүгінде еліміздің алдында тұрған басты міндет – жаңа Конституцияның қағидаларын мемлекетті дамытудың нақты тетігіне айналдыру.
Жаңа Конституция – елдің алдағы ұзақ жылдарға арналған даму бағытын айқындайтын қоғамдық келісім. Алайда кез келген Конституцияның құндылығы ондағы баптардың санымен емес, оның нормаларының іс жүзінде қаншалықты тиімді жүзеге асырылуымен өлшенеді. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалар мемлекеттік институттардың қызметінде, депутаттардың жұмысында және билік пен қоғам арасындағы күнделікті өзара іс-қимылда нақты көрініс табуға тиіс.
Мемлекет басшысы реформалардың реформа үшін жүргізілмейтінін бірнеше рет атап өтті. Олардың басты мақсаты – заң бәріне бірдей үстемдік ететін, мемлекеттік институттар халық мүддесіне қызмет ететін және әрбір азамат ел тағдырына қатысуға мүмкіндік алатын әділетті, қуатты әрі тиімді мемлекет қалыптастыру. Бүгінде Қазақстанның саяси бағыты дәл осы ұстанымдарға негізделіп отыр.
Жаңа модельге сәйкес Құрылтайдың 145 депутаты сайланады. Дәл осы халық қалаулылары ел сенімінің жоғары мандатына ие болып, Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қатысты маңызды шешімдерді қабылдау жауапкершілігін мойнына алады. Осы 145 депутаттық мандаттың әрқайсысының артында миллиондаған азаматтың сенімі мен мемлекет алдындағы зор жауапкершілік тұр.
Қазақстанға құр уәде беретін саясаткерлер емес, мемлекетшіл көзқарастағы, кәсіби, принципшіл әрі адал азаматтар қажет.
Жаңа Құрылтайда өңір өкілдерінің рөлі ерекше болуы тиіс. Өйткені олар халықтың тұрмыс-тіршілігін, аймақтардың өзекті мәселелері мен қажеттіліктерін жақсы біледі және әр өңірдің үнін республикалық деңгейде жеткізе алады. Қуатты мемлекет күшті өңірлерсіз құрылмайды, ал тиімді мемлекеттік саясат халықпен ашық диалогтан басталады.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде біз тек депутаттардың жаңа құрамын ғана таңдап отырған жоқпыз деп есептеймін. Біз еліміздің саяси жүйесінің болашағын, конституциялық реформалардың қаншалықты тиімді жүзеге асырылатынын және мемлекет пен қоғам арасындағы сенім деңгейін таңдап отырмыз. Бұл таңдаудың жауапкершілікпен жасалуы жаңа Конституцияның жай ғана өзгерістердің символы болып қалмай, азаматтардың өмір сапасын жақсартудың нақты құралына айналуына тікелей ықпал етеді.
Тарих көрсеткендей, қуатты мемлекеттер заң үстемдік құрғанда, мемлекеттік институттар қоғам сеніміне ие болғанда және халық сайлаған өкілдер ел мүддесін басшылыққа алғанда ғана қалыптасады. Президент жүргізіп отырған реформалардың негізгі мәні де – осы.
Бүгінде әрбір дауыс маңызды. Әрбір саналы таңдау – Қазақстанның болашағына қосылған үлес. Құрылтай депутаттарының сайлауы – қуатты мемлекетке, әділетті заңдарға, жауапты билікке және орнықты дамуға жасалған таңдау. Сондықтан жаңа Конституция саяси декларация болып қалмай, елдің күнделікті өмірін айқындайтын әрі әрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктер ашатын өміршең құжатқа айналуы – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Римма САЛЫҚОВА,
облыстық мәслихат
депутаты





