Бір жазушыны сүйіп, бірін сүйсініп оқисың. Ал сондай қаламгерлердің шығармалары жыл өткен сайын қадірі артып, әр оқығанда жаңа қырынан ашыла түседі. Сайын Мұратбеков – дәл сондай сирек таланттардың бірі.
Бала күнімде ауылда жүріп қолыма алғаш тиген дүниелері санама өшпестей із қалдырды. «Жусан иісіндегі» сарғыш тоны қаудырлаған, тобығы тайып, бір аяғын сүйрете жүгіретін Аянның аянышты тағдыры бала көңілді тербеді. Соғыстың қасіретін бүкпесіз бейнелеген «Жабайы алма» да қайта-қайта оқылған сүйікті туындыма айналды. Бұл кезде шығармалардың көркемдік қуатын толық бағамдай алмасам да өзгеше әсерін жан дүнием анық сезінді. Есейген шақта қайта оқып, бұрын байқалмаған астарлар ашылып, кейіпкерлердің жан әлемі тіпті жақындай түсті.
Меніңше, жазушыларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірі кең тынысты романдар арқылы дәуірдің тұтас панорамасын жасайды. Екіншісі көлемі шағын әңгіменің өзіне бүтін бір заманның барысын, адамның тағдырын, қоғамның қайғы-қасіретін сыйғызады. Бұл – ұзақ қашықтық пен қысқа қашықтыққа шабатын сәйгүліктер тәрізді. Сайын Мұратбеков – сол екінші топтың көшін бастаған сөз зергері.
Оның «Қылау» әңгімесіндегі еңбекке ерте араласқан Сатайы, «Менің қарындасымдағы»: «Алғашқы махаббатың сәтті болсын, қарындасым…» деген жүрек шымырлатар сөзі «Махаббаттағы» ата-анасының мейірімінен алыстап, жан дүниесі жараланған Әсия, «Алғашқы қардағы» момын мінезді Сұлтан мен өжет Күлипа болсын, «Кәментоғайдағы» көпбалалы әке Кәменнің тағдыры – бұлардың бәрі өмірден ойып алынған бейнелер. Осындай кейіпкерлерді қазақтың кез келген ауылынан кездестіруге болады. Сол сияқты «Отау үй», «Ананың арманы», «Жеңеше», «Ескек жел», «Басында Үшқараның», «Күзгі бұралаң жол», «Қызғаныш» секілді әңгімелерінің қай-қайсысын алсақ та көлемі шағын болғанымен, бір-бір роман жүгін көтереді. Бір қарағанда бірнеше-ақ беттен тұратын дүниелердің астарында тұтас бір дәуірдің тынысы, қазақ ауылының қарапайым болмысы өріліп жатады. Кейбір қаламгерлер көлемді романға сыйғыза алмайтын ойды Сайын Мұратбеков шағын әңгіменің өзіне шеберлікпен енгізе білді.
Осы әңгімелерінің ішінде жүрегіме ең жақыны – «Күзгі бұралаң жол». Қайта оқыған сайын жүректі шымырлатып, көңілге мұң ұялататын шығарма. «Күн сәскеден ауып барады. Біз Гришка, Қанатай үшеуміз диірменнің желке тұсындағы қойтастың үстінде отырмыз…» деп басталатын әңгіменің өн бойынан соғыстан кейінгі қазақ ауылының ауыр тынысы, жоқшылық пен жетімдік анық сезіледі. Әңгімедегі Қанатай өзін «әкем соғыста қаза тапқан» деп мақтан етеді. Алайда оқиға өрбіген сайын оның өмірінің ащы ақиқаты біртіндеп ашылады. Анасы Бибі мен колхоз төрағасы Шынтемірдің тағдыры, сұрапыл соғыстың адам жанына салған жарасы, мұңға айналған өкініш бір арнада тоғысады. Ақырында Қанатай өз әкесінің майданда қаза таппағанын, оның дәл осы Шынтемір екенін біледі. Бірақ Қанатай мұндай шындықты қабылдай алмайды. Әңгіменің соңында «Менің әкем соғыста өлген, апа-а…»: деп еңіреген сәті оқырманның жан дүниесін астаң-кестең етеді.
Сайын Мұратбековтің суреткерлік болмысының басты ерекшелігі – адам жанының ең нәзік пернелерін дөп басуында. Сондай-ақ ауылдың тыныс-тіршілігімен қатар, қазақы мінезді, ұлттық танымды, адамгершілік пен мейірімді, сағыныш пен адалдықты көркем сөзбен кестеледі. Оның құдіреті де осында, ол тазалықтың символы. Сондықтан оның мұрасы уақыт озған сайын құнын жоғалтпай келеді. Бүгінгі оқырман да, ертеңгі ұрпақ та сол шығармалардан өз өмірінің бір үзігін, өз ауылының бір көрінісін, өз жүрегінің бір түкпіріндегі ойды табары сөзсіз.
Қысқасы, биыл – қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековтің 90 жылдық мерейтойы. Жетісу жұртшылығы бұл айтулы датаны кең көлемде атап өткелі жатқаны қуантады. Бұл, әрине, ұлттық әдебиетке, руханиятқа көрсетілген құрмет. Өйткені туған топырақтан түлеген заңғар суреткердің мұрасын ұлық- тау – бүгінгі буынның перзенттік парызы, келер ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілігі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





