Қандай істің болмасын заңдылығын бақылайтын құзыретке ие әрі қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтайтын жалғыз орган прокуратура. Бүгінде прокуратура органдары озық технологияларды жетік меңгеріп, азаматтардың барлық арыз-шағымы мен талап-тілегін жедел қабылдап алу жүйесін іске қосқан. Осылайша прокуратура органдары қазақ- стандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, мемлекет мүддесін қорғауға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Маңызды мақсатты мойнына жүктеген құзыретті құрылымда білікті мамандар жеткілікті. Солардың қатарында Ақжол Саматұлы сынды азамат бар. Осындай білікті маманның еселі еңбегіне және қалтқысыз жұмыс істеуіне қалалық прокуратура басшылығы жан-жақты қолдау білдіруде.
Ол алғашында жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау бойынша жұмыс атқарды. Кейін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша еңбек етті. Бұл ретте жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, буллинг және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында қарекеттенді. Қазір ҚР Конституциялық құрылысына, қоғамдық тұрақтылыққа, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге әсер етуі мүмкін тәуекелдер мен деректерді зерделеп, олардың алдын алу бойынша тиісті шараларды ұйымдастыруға қатысады.
Білікті маман азаматтарды қабылдау және олардың өтініші мен мәселелерін шешу жұмыстарына ерекше жауапкершілікпен қарайды. Қызмет барысында тұрғындардың құқықтық мәселелеріне бейжай қарамай, заң аясында қажетті көмек көрсетеді. Кейбір мәселелер прокуратура органдарының тікелей құзыретіне жатпаса да құқықтық сүйемелдеу көрсету арқылы халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Себебі, Ақжол Саматұлы – заң үстемдігін қамтамасыз етіп жүрген тұлға.
Айсажан Мұхаметқалиқызы
Талдықорған қаласы





