Балалық дәуреннің бал шақтарын соғыстың сүреңсіз сұрғылт жылдарына ұрлатқан ұрпақтың жасы бүгінде сексеннен әріге жығылды. Алайда нәубетті жылдардың ауыр зілін көкірегіне беріштей қатырған олардың өмірі өзінше шежіре. Ересектермен бірге жүріп, жас құрақтай майысқанына қарамай еңбекке араласқан жеткіншектердің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі орасан.
Сұм соғыс болмағанда ата-ананың қамқорлығымен балалық шағын бақыт құшағында өткізетін ұлдардың бірі Өкен Әбілмәжін-ұлы болар ма еді? Әрине, жауапсыз сауал. Есесіне сәби шағынан соғыстың зардабын көзбен көріп, көкірегіне тоқыған Өкен Әбілмәжінов майданда қаза тапқан әкесі мен соғыс зардабынан ерте солған құрбы-құрдастарын ауыр күрсініспен еске алады. Панфилов және Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атанған ақсақал әкесі туралы үнемі сағынышпен әңгімелейді.
Өкен қарияның әкесі Әбілмәжін Құрманбайұлы бұрынғы Октябрь ауданының Қоңырөлең ауылдық кеңесіне қарасты Сарытөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастаған. Ауыл молдасынан хат таныған. Көкірегі ояу, көңілі зерек жан Қоңырөлең өңіріндегі алғашқы мойынсерік, артель, ұжымдық шаруашылық құру жұмыстарына жетекшілік еткен. Әбілмәжін Құрманбаев 1934 жылы ақпан айында Сарытөбе фермасының партия ұйымының хатшысы болып сайланған. Алғыр азамат көп ұзамай Алматы қаласындағы кеңестік қызметкерлер дайындайтын жұмысшылар факультетіне оқуға жіберіліп, оны 1939 жылы тамамдап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы жолдамасымен «Октябрь» аудандық партия комитетіне саяси қызметке жіберіледі. Білікті азамат соғыс басталардың алдында аудандық «Социалистік жол» газетінде редактор болған. Газет редакторлығынан кейін аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшы қызметтерін атқарыпты.
– Әкем 1941 жылы майдан даласына аттанып, содан оралмады. Білетініміз атты әскер қатарында соғысыпты. Соңғы хатында Белоруссия жерінде ұрыста жүргенін айтқан еді. Сол хатында естелік ретінде жіберген суретін осы күнге дейін көздің қарашығындай сақтап жүрміз. Сұрапыл соғыс зардаптарын бастан бірге өткерген жандардың да қатары сиреді. Олардың көбі зейнеткерлікке де жетпей дүниеден өтті. Оның себебі – соғыс кезіндегі ашаршылық пен жоқшылықтың салдары. Буынымыз қатпаса да шешелерімізбен бірге ұжымшардың түрлі шаруаларына жәрдемдестік. Ал 5-сыныптан бастап қоғамдық өндірістің белді жұмысшысына айналдық, – дейді майдангердің ұлы.
Саналы өмірін Кеңес өкіметінің қалыптасуына арнаған, Отан үшін жан қиған азаматтың ұрпағы ретінде Өкен Әбілмәжінұлы ауылдас ағайынға, мектептегі жеткіншек жастарға өз басынан өткерген қиындықтарын айтып, тәуелсіздік тағылымына әркез үн қосып отырады.
– Сол сұрапыл жылдарда балалық шақты бірге өткізген замандастарымызды еш ұмытпаймыз. 1945 жылы сегіз жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Нұрым ауылындағы бастауыш мектептегі сыныптастарыммен 1946 жылы түскен суретіміз сақталыпты. Сол суреттегілердің осы күнге аман жеткені санаулы. Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, олардың қалған өмірлерінің мәнді, сәнді болып, балаларының, немере, шөберелерінің қызығын көрсе деген тілегім бар, – дейді Өкен қария.
Өкен Әбілмәжінұлы ес білгелі ауылшаруашылық өндірісінде еңбек етті. Өзі туып-өскен ауылында «Октябрь» асыл тұқымды қой шаруашылығының директоры қызметін атқарды. Зейнеткерлік демалысқа шықса да өндірістен қол үзбей, жеке шаруа қожалығының жұмысын жандандырып жүрген зиялы қарияның тіршіліктен түйгені көп. Ол соғыс құрбаны болған әкесі жайлы, ауыр жылдардағы ауылдастары мен туыстары, қатарластары жайлы көптеген ғибратты естеліктерін қағазға түсіріп жүр. Салиқалы кітапқа салмақ боларлық бұл естеліктердің бәрін бір мақаланың ауқымында қамту мүмкін емес. Біз тек сұрапыл соғыстың бір адамның тағдырына қаншалықты әсер еткенін қысқаша айтуды мақсат еттік.
Мырзағали Нұрсейіт
Кербұлақ ауданы