– Алло, Сембек Ақшабайұлы ма екен (аты-жөні өзгертілген)?
– Иә, дәл өзі.
– Менің аты-жөнім Армангүл Алмабекова (аты-жөні өзгертілген). Сізге «Форте банктен» хабарласып тұрмын.
– Айта беріңіз
– Қазір біздің банкте жаңа бағдарлама бойынша ауылшаруашылығын дамытып, кәсіп ашамын деген тұрғындарға 5 млн. теңге «Грант» тағайындалып, пайызсыз несие беріліп жатыр. Сіздің кәсіп ашқыңыз келе ме?
– Иә, әрине
– Онда маған төлқұжаттағы ИИН нөміріңізді, банктен ақша түсетін карточкаңыздың бетіндегі және артындағы үш санын айтып жіберсеңіз?
– Жақсы (Сембек барлығын айтты)
– Рахмет. Мен сізге бір күннің ішінде хабарласамын. Күтіңіз.
Сембек аядай ғана ауылда азын-аулақ мал өсіріп, бала-шаға нәпақасын айырып отырған қарапайым тұрғынның бірі. Атакәсіпті өркендетіп, мал басын көбейтуді армандап жүрген оның жүзінде күтпеген қоңыраудан кейін ақша түссе жаңа кәсіп ашамын деген арман үйіріліп, күні бойы өзінше жоспар құрып, балаша қуанып жүрді. Кешкісін әйеліне банктен хабарласқанын, қаржы аударылса мал басын көбейтетінін айтып, жаңалығымен бөлісті. Екеуінде алаяққа алданып қалдық-ау деген бөтен ой болған жоқ. Керісінше, қуанғаннан қыруар қаржыны қайда жұмсайтынын ойластырып, таңға дейін неше түрлі кәсіп ашып тастады.
Ертесі өзін банк қызметкерімін деп таныстырған әйел қайта хабарласып, «Құжаттарыңызды тексеріп шықтық, сізге несие шығады екен» деп алдап, өзінің көмегі үшін 200 000 теңге ақша аударуын сұрайды. Сембек жайдарман жаңалықты естігенде бөркін аспанға атып қуанып, ойланбастан хабарласқан адамның атына тіркелген «Kaspi Gold» шотына ақшаны аударып жібереді.
Армангүл Сембектің ақшаны жылдам арада аударып жібергеніне таң қалады. Сөйтіп ол жұртты алдап, жан қинамай тез арада көп табыс тауып, тез баю жағын мықтап ойластырды. Ол жеңіл табыстың болмайтынын білсе де кейбір адамдардың сауатсыздығын пайдалана алатынын, сөйтіп оларды алдап-арбап қақпанға түсіру жағын жоспарлайды. Егер сондай адамдарды іздеп тауып сендіре алса, олар ақшасы болмаған жағдайда қарыз немесе несие алып, соңғы теңгесіне дейін санап беруге дайын екенін іштей сезді.
Ақшаның дәмін сезген алаяқ әйел әркімге бір хабарласып, банк қызметкерімін деп қоңырау шала бастайды. Онысынан еш нәтиже болмаған соң Сембекті қайта айналдырады. Алаяқ әйел оған «Грант» несиелерін алумен байланысты шындыққа жанаспайтын ақпараттар жіберіп, жәбірленушінің сеніміне кіріп, 1 647 000 теңгесін қағып алады. Содан соң Сембекті кездесуге шақырып, басшылық саған жуық арада 20 млн. теңге көлемінде ақша шығарып бермекші деп тағы да алдап, 96 мың теңгесін аудартып алады. Алаяқтың арбауына түскен жәбірленуші үйіне бара сала «Жуық арада маған 20 млн. теңге беретін болды» деп қуанышты жаңалығымен бөліседі. Оны естіген туысы Сенім де несие алуға қызығушылық танытып, Сембекке танысымен сөйлесіп беруін өтінеді. Сөйтіп Сембек арқылы Армангүлге 200 мың теңге аударады. Енді алаяқтың құрығында 2 адам. Ақшаның дәмін сезген әйел Сенімге хабарласып, несиесін нақты алатынына сендіртіп, содан аталған несиені тезірек шығарып беруіне көмектесе алатыны туралы жалған уәде беріп, өзінің көмегі үшін 500 000 теңге аудартып алады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ ауылда «Сембектің банкте жақсы танысы бар, ол ірі көлемде несие алып береді екен» деген әңгіме тарай бастайды. Сембекке «танысыңмен сөйлесіп көрші, маған несие шыға ма екен?» дейтіндер көбейеді. Сембек аузынан артық сөз шықпайтын ауылдағы ең момын, ақкөңіл адамның бірі. Бұйымтайын айта келгеннің қолын бос қайтармайтын. Ешқашан «жоқ» деп айта алмауы да оның көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Ол келген кісінің бәріне «жақсы» деп банкирсымақ танысына хабарласып отырды.
Сұрқиялық пен сұмпайылық, ұятсыздық пен ұждансыздық бойында тоқайласқан алаяқты енді тоқтату мүмкін емес еді. Ол «тағы, тағы, тағы да» деген тойымсыздық оқпанын толтыруды көкседі. Осылай заңсыздықпен баюды көксеген алаяқ әйел бір ауылдан 12 адамды сан соқтырды. Бірақ, ұзақ сайран сала алмады.
«Ұрлық түбі – қорлық» деген халық даналығы текке айтылмаған. Алаяқ әйел жымысқы тірлігін қанша кәсіби дәрежеде мінсіз жүргіздім дегенімен сәл ғана қателігінен тергеушінің қолына түсіп, судья оның айыбын аймаңдай етіп әшкере етті. Бірақ бәрі де енді кеш еді, осылай жалғанды жалпағынан басып жүре берем деген алаяқ әйел жаны қиналмай тапқан ақшаны аямай есепсіз шашып, қылмысы ашылғанда оны қайтаруға шамасы келмей, темір торға қамалды. Осылайша, бұл іске нүкте қойылып, лайықты жазасын алған Армангүл жәбірленушілерден олжалаған ақшасын толық көлемде қайтарып беруге міндеттелді.
Айдар ҚАЛИЕВ