Білім күнінде киелі Көксу ауданына қарасты Қаратал ауылында жаңа мектеп іске қосылды. Жиырма бес балаға арналған шағын орталығы бар 120 орынды жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов бастаған ел ағалары, зиялы қауым арнайы қатысып, көпшілікпен бірге қуанышты сәттің куәгері болды.
Өткен жылдың сәуір айында іргетасы құйылып басталған мектеп жарқыраған, жайнаған күйде көпшілік игілігіне беріліп отыр. Аталмыш елді мекендегі ескі мектеп 1970 жылы салынып, мұнда тек бастауыш сынып оқышылары ғана білім алып келген. Қалған оқушылар аудан орталықтары мен жақын маңдағы мектептерге тасымалданатын. Енді көркі көз сүйсінтетін заманауи мектепте 1-11 сынып оқшылары білім аламақ әрі алтын ұяның салынуымен балаларды тасымалдап оқыту, ыстық тамақпен қамту мәселелері шешімін тапты.
Білім күні аясында есігін айқарған жаңа мектептің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев:
– Білім – адамзатты алға жетелейтін, болашағын айқындайтын ең ұлы құндылық. Осынау құндылықты әрбір қазақ игеріп, бойына тоғытып, жүрегіне сіңіруі керек. Бұл орайда облысымызда барлық жағдай жасалған десек, бүгінде айағымызда салынып жатқан бірқатар мектеп соның жарқын айқағы. Ал қараталдықтар, сіздер үшін ғана емес, облыс үшін де осы мектептің ел игілігіне берілгені – облыстың ортақ мерейі, – деген Мәрлен Қапашұлы өз кезегінде облыс әкімінің ыстық сәлемін жеткізіп, аймақ басшысы атынан мектепке интеративті тақта, компьютер, принтер сыйға тартты.
Өз кезегінде сөз алған «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалыны төрағасы Арыстанғали Арын, Көксу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлау Базілов секілді бірқатар азамат ізгі тілегін білдіріп, осы мектептен еліне елеулі тұлғалар шықсын деген ниеттерін батамен ұштастырды.
Асқақтаған ән, күмбірлеген күймен бірге бүлдіршіндер мың бұрала билеп мерекемен қатар келген мерейлі сәттің көрігін қыздырды. 11-сынып оқышысы Аяулым Оразбек жаңа мектеп салып берген облыс, аудан басшылығына оқышылар атынан алғыс айтып, «осындай қолдау көрсеткен, бізге сенген ата-ана, ұстаз, ел ағаларының үмітін білім шырағданын шағып, биік белестерді бағындырып ақтайтын боламыз» деген уәдесін де берді. Ал, 11-сынып оқушысы Бедел Қуатнұр және мектеп табалдырығын жаңа аттаған Медина Закирова жаңа мектептің алғашқы қоңырауын сыңғырлатты. Өз кезегінде ел ағалары, зиялы қауым өкілдері жаңа мектептің лентасын қиды.
Айта кетерлігі, бұл мектепте 12 орындық кітапхана, спорт зал, 80 орынды мәжіліс залы, 40 орынды асхана қарастырылған. Мұнда жаңа модификациялы физика, химия, биология және мультимедиялық кабинеттер, ағаш ұсталығына, ас пісіруге, киім тігуге арналған құрал-жабдықтармен қамтылған шеберханалар бар. Алаңсыз білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған осындай жаңа білім мекемесінің ашылғанына елді мекен тұрғындары, оқушылар мен ұстаздар дән риза.
– Қаратал бастауыш мектебінде 20 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Спорт залдың жоқтығы сабақ өткізуде біршама қиындық тудыратын еді. Енді балалар арнайы құрал-жабдықтары бар спорт залда жаттығатын болады. Сол сияқты бұрын буфеттік тамақтандыру болса, қазір жаңа ғимараттағы асханада балалар ыстық тамақпен қамтылады. Бес жүздей тұрғыны бар шағын ауылымыз үшін бұл үлкен қуаныш, – дейді Қаратал мектебінің мұғалімі Құсайын Күреңов.
Алғашқы қоңырау салтанатынан кейін меймандар әрбір сыныпқа ат басын бұрып, мектеппен тыныстап шықты. Ұлдараға арналған кешенді маталл және ағаш өңдеу шеберханасы, қыздарға арналған матаны өңдеу бөлмесі, химия, биология кабинеттеріне кіріп, ұстаздардың оқушылармен жасаған тәжірибелік сабақтарына қатысты.
Айта кетерлігі, жаңа оқу жылында мектеп сыныптарына 107 бала, мектепке даярлық тобында 10 бала, шағын орталыққа 25 бала қабылданған. Ал бұл мектепте 24 педагог жұмысқа қабылданса, оның 18-і жас мамандар.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ