«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай даңқты еңбек ардагерлерінің мол тәжірибесін, жетістіктері мен жеңістерін жас ұрпаққа үлгі, өнеге етуіміз керек. Бұл орайда екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий, ұжымдық шаруашылықтарды ұршықша иірген Ыбрайымжан Қожахметов, Нүсіпбек Сауранбаев, Имәр Белалов сында ардагерлердің есімі бүгінгі жас ұрпаққа аңыз болып жетті. Сол бір ерен еңбек дүбіріне үн қосқан, қатарластарының алдында жүрген ардагерлердің ішінде Еңбек Ері Күләш Айтжанова апамыз бен Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күлғайша Бердіғұлова әпкеміз сол бір даңқты жылдардың тірі куәсі, даңқты еңбеккерлердің бізге жеткен көзі.
Ерекше белсенділігімен, еңбекқорлығымен ауылдас ағайынның құрметіне бөленген ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет», Еңбек қызыл ту, «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін» секілді орден-медальдардың иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Күлғайша Бердіғұлованың «Дала аруы» атанған жүгері дақылын баптағанына биыл тура 53 жыл толыпты. Нақышты наурыз айында жасы 75-ке толатын, балаларынан 20 немере, 14 шөбере сүйіп отырған еңбекқор ананы мерейтойымен құттықтап, оның ізгілік пен игілікке толы өмір жолы туралы аз-кем әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Сонау 1972 жылы «Үшарал» ұжымдық шаруашылығы басқармасының төрағасы, марқұм Нүсіпбек Сауранбаевтың өтінішімен қолына кетпен ұстап, жүгеріші болуға бел буған жас келіншек өнімді еңбегінің нәтижесінде атақ-даңққа кенелді. Сол кездегі «Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы» атанып, қолына жеңіс туын ұстады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде бір алтын, екі күміс медаль тағынды. Бесжылдықтың қорытындысында жоғары көрсеткіштері үшін 1983 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бірнеше мәрте республикалық, облыстық кеңестерге депутат болып сайланды. Партия съездеріне делегат болып қатысты.
Еліміз тәуелсіздік алып, халық шаруашылығы нарыққа өткен кезде ауыл әйелдері арасында өзінің батылдығымен, іскерлігімен тағы көзге түсті. Өзі тұратын Үшарал ауылдық округінде алғашқылардың бірі болып «Сұңқар» шаруа қожалығын құрып, 23 гектар суармалы жер, 30 гектар шабындық, 100 гектар жайылымдық жерді меншігіне алды. Бұл істе оған өмірлік жары марқұм Кеңесбек Нұрбопаев пен олардың 6 баласы қолдаушы әрі көмекші болды.
Биыл «Сұңқар» ЖШҚ 23 гектар суармалы алқаптың 13 гектарына 120 күнде пісіп-жетілетін АҚШ-тың «Пионер» сортты жүгері тұқымын себуге дайындады. «Дала аруының» өнімділігі жоғары бұл сорты жүгері өсірудің барлық технологиялары сақталған жағдайда гектар сайын 130 центнерден өнім бермек. Жүгеріден басқа 10 гектар алқапқа жоңышқа өсірген қожалықта қазір 3 адам тұрақты еңбек етеді. Ауыл шаруасы малдан да құралақан емес. Меншігінде жүзге жуық ірі қара, 25 жылқы, бір отар қойы бар.
Күлғайша Бердіғұлова тек өз ауылында ғана емес, аудан, облыс аумағында белсенділігімен көптеген қыз-келіншекке үлгі көрсетіп жүрген ана. Күлекең қазір Панфилов аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның еңбек ардагерлері ұйымының алқа мүшесі. Бұл бағытта оның 2003 жылы кәсіпкер әйелдердің облыстық байқауында «Жетісудың Тұмар ханшайымы» атанғанын, 2001 жылдан бері республикалық Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі екенін және 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталғанын айта кетсек болатындай.
Еліміздегі ұсақ шаруа қожалықтарының басын біріктірудің жолы қарастырылған сәтте тіршілігін егіншілікпен байланыстырған белсенді ана тағы да сергектік танытты. Күғайша Бердіғұлқызының жетекшілігімен облысымыздағы алғашқы ауыл- шаруашылық тауар өндірушілерінің су пайдаланушылар кооперативі 2004 жылы Үшарал ауылында құрылды. Ауылдастары арасынан егіншілікпен шұғылданатын 22 жеке шаруа қожалығы осы «Қарасу» кооперативіне мүше болды. Ұжым жыл сайын 325 гектар суармалы жерге жүгері және көпжылдық шөп өсіріп, мол өнім жинап келеді. Татымды табысқа ұжым төрайымының егін өсірудегі мол тәжірибесі мен агрономдық жоғары білімі негіз екенін ауылдастары жақсы біледі. Сондықтан болар, жерлестері бұрынғы «Қарасу» су пайдаланушылар кооперативінің негізінде өндірістік кооператив құруға ұсыныс жасап жүр. Бұл кооператив мүшелерінің Үкіметтен бірлесіп жеңілдетілген несие алып, ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға, басқа да игіліктерді пайдалануына мүмкіндік бермек.
Үшарал ауылы жерасты сулары мол, ойпаң сазды аумаққа орналасқан. Бұл өңірдің егістік алқаптарына сырттан келетін өзен суы жоқтың қасы. Сондықтан көктемгі егін егу науқаны басталған сәттен бірлесіп өнім өндіретін ЖШҚ мүшелері жер астынан шығып жатқан қарасу көздерін ашып, оларды бір арнаға жинап, еккен егіндерін кезектесіп суарады. Осыдан 30-40 жыл бұрын жасалған су жолдарының тозығы жеткен темірбетон каналдары күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол себепті егіншілердің науқан кезінде көп күш жұмсайтын машақаты да аз емес.
Үшаралдықтар қазір көктемгі егін егу науқанына қызу әзірлік үстінде екен. Кімге қанша минералды тыңайтқыш, жанармай қажеттігін анықтап, Үкіметтің қолдауымен берілетін арзандатылған тыңайтқыштар мен жанармайының есеп-қисабын жасап, осы ауылдағы жер жыртып, тұқым себетін техникалары сақадай сай тұрған механизатор кәсіпкерлермен келісімшарт жасауға кірісіпті.
Биылғы қыс маусымында жерге түскен мол ылғал жерасты суларын пайдаланатын үшаралдық диқандардың үмітін үкілеп тұр.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы