Қызмет бөлмесіндегі сұр телефон бар екенін білдіріп, шыр ете қалды. Құлағын көтерсе күйеуі Қайдар ар жақтан:
– Гүлеке, анам келе жатыр, кешқұрым пойыздан түседі. Мен қарсы аламын, – деп қуанышын жасырмады.
– Не істейміз? – деген Гүлжан да қапелімде аузына жөнді сөз түспей сасып қалды.
– Не істеймізі несі, көреміз. Енді анама келме деп айтуым керек пе еді? – деді күйеуі ренжіңкіреп.
– Жоқ, сен мені түсінбедің, келген соң ұрсып, айғайласа не істеймін дегенім ғой, өткен жолы есіңде ме? – деп жас әйел ақырын сөйлеп ақталып жатыр.
– Гүлжан, біздің мамашаның мінезі бар деп ескертіп едім ғой, маған неғыл дейсің? – деп Қайдардың дауысы қатыңқы шықты. – Не десе де шыдайсың, келін деген атың бар, шыдамды бол.
Телефон тұтқасын орнына қоя салған Гүлжан өрекпіген көңілін, дүрсілдей соққан жүрегін кәне баса алсашы. Айдарынан жел ескен адуынды енеге тап боламын деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті.
Қайдар екеуі институт қабырғасында оқып жүргенде танысып, махаббат гүл қауызын шашып, көңілдері жарасып кеткен. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындарын түсінген жас жігіт қызға ұсыныс жасап, үйленейік деп ой-тілегін білдірген. Қыз бұл тілекке балаң сезіммен қуана келісіп, екеуі бірігіп шаңырақ көтеретін сәттерін армандай асыға тосқан.
Бірақ, түн жамылған сырға толы кездесу кезінде Қайдардың әлдене айтқысы келіп күмілжіп, қипақтай беретінін қыз бірнеше рет байқап қалған. Бір күдіктер көңіліне ұяласа да жігіттің көкейіндегі айта алмай жүрген сыр бар екеніне онша мән бермеген. Ақыры бірде жігіт:
– Гүлім, білесің бе, менің анам өте қатал, бірбеткей адам, егерде ұнамай қалсаң жағдайымыз қиын болады, – деп әлдеқандай әңгіменің шетін шығарған.
– Мен неге ұнамаймын? Екеуміз бір-бірімізді сүйеміз, оқу бітіріп, диплом аламыз. Қызмет жасаймыз. Ешкімге ауыртпашылығымызды салмаймыз, – деп Гүлжан аппақ маржан тістерін көрсетіп, риясыз күліп жіберіп, әңгіме төркінін әзіл деп түсінген.
– Ләйім солай болсын, анаммен тіл табыссаң болды, – деп Қайдар екіұшты оймен сөз арнасын басқа жаққа бұрған.
Ақыры көптен күткен Қайдардың анасымен, туған- туыстарымен танысатын күн де келіп жетті. Қайдар екеуі кешкілік жолаушылар пойызына отырып, алыстағы шағын теміржол стансысына жол тартқан. Қыздың жүрегі алдағы кездесуден сескеніңкіреп, біртүрлі қобалжу мен алып-ұшпа сезім көңілін баурап алған. Осындай кезде марқұм әкесі есіне түсіп, көңілі босап, бей-берекеті кетіп, мазасыз күй кешетін.
Олар арайлап атқан таң шапағы жер бетіне аялай төгіліп, шырайлы күн жарқырап шыққанда бір кішігірім жолаушылар бекетінен түсіп қалды. Қыздың көзіне алғаш түскені шағын ауылдың жадау суреті, шашырай егілген ағаштары мен еңсесі төмен, сұрықсыз үйлері болды. Көше дейтін көше жоқ, қып-қызыл сусылдаған құмға туфлиінің биік өкшесі батып кетіп, әбігерге түскен.
Қайдардың ойы алаңсыз, шашы желмен желбіреген, аппақ жүзді нәзік қызды жетелеп, үйіне беттеген. Қисық, сынық шарбақпен қоршалған шағын үйдің ауласына Қайдар жүрексінген қызды өзі жетектеп кіргізді. Аула ішіндегі кішкене үйшіктегі күшік бір шәңк етті де қайтадан дыбыс шығарған жоқ.
– Бұл кім? – деген дауыспен үйден толықша келген, етженді егде әйел басындағы ақ орамалын жөндеп тартып шыға келгенде Гүлжан жігіттің анасы екенін ұқты.
– Мама, амансыз ба? – деп Қайдар анасының бетінен сүйді. – Міне, болашақ келініңіз Гүлжан.
Жігіт соңынан ілескен қызды анасына қарай жетелеп, өткізіп жіберді.
– Сәлеметсіз бе, мама, – деді қыз оқыстан аузына сөз түспей, ыңғайсызданып, абдырап қалды.
– Иә, амансың ба, қарағым. Бірден мама дегенің дұрыс. Бірақ оны кейін көре жатармыз, – деп әйел қарлығыңқы дауысында реніш бар, ары сөйлемей тоқтап қалды. Гүлжан абыржып, бір нәрсе бүлдіргендей екі беті ду ете қалды.
– Үйге кір, үйге кір, – деп Қайдар үйдің есігін ашып, қызды салқындау бөлмеге кіргізді. Бөлме ішінде шашын төбесіне түйген қараторы талдырмаш қыз үй жинап жүр екен.
– Бұл менің үлкен әпкем Айман, – деп Қайдар костюмін шешіп, босағаға ілді.
– Сәлеметсіз бе? – деді Гүлжан ізеттілікпен, қыздан жылышырай күтетінін білдіріп. Алайда қыз Гүлжанның жүзіне суық пішінмен қарады да әзер басын изеп, ишарат білдірді.
Гүлжан болашақ енесі де, жігіттің әпкесі де өзін күтпегенін бірден іші сезді. Неліктен өзін жігіттің жақындары жақтырмай қарсы алғанын түсінбей, қобалжыған көңілін баса алмай денесі қалтырап, бір ысып, бір суыды. Жігіттің анасы алдынан жайраңдап күліп шығып, ерекше мейіріммен қарсы алар деген қиялы көкке ұшты да, қуаныш күткен көңілі бірден су сепкендей басылды.
Азанғы шай да көп күттірген жоқ, дастарқан жайылып, екі иінінан дем алған самаурын дөңгелек үстел басына келді. Гүлжанның байқағаны – дастарқан үсті әртүрлі үй тағамдарына толы екен.
– Қарағым, ішіп-жеп отыр. Ұлым ертіп келген қызға шай беру парызымыз, – деп жігіт анасы қыз алдына қарай сап-сары болып піскен бауырсақтарды ысырып қойды. Одан кейін сұрақ-жауап кезеңі басталды.
– Әкең бар ма?
– Жоқ, қайтыс болған.
– Шешең бар ма?
– Бар, мұғалім.
– Отбасында неше баласыңдар?
– Екеуміз, мектеп жасындағы інім бар.
Сонан соң:
– Е, құда жоқ. Құдағидың түрі анау, мұғалім. Жетіскен екенбіз, – деді жігіт анасы кесесінің түбіндегі шай самасын сілкіп төгіп жатып.
Гүлжанның үстіне біреу мұздай суық су құйып жібергендей жүзін төмен салып, кінәлі адамдай басын көтере алмай қалды. Қайдарға жалт қараса жігіт те көзімен дастарқан шұқып отыр екен.
– Шынымды айтсам, балам бай, бар жерден қыз алса екен деп Алладан тілеуші едім. Неге менің құдам болмауы тиіс? Бақша егіп, жер тырмалап жүріп жесірлік көріп екі баламды өсірдім. Қызымды оқыта алмадым, әне омалып үйде отыр. Диплом алып көгертеді деген ұлымның түрі мынау, сайда саны, құмда ізі жоқ бейтаныс қызды ертіп келіп отыр, – деп ренішін жасырмай қынжылып барып, жігіт анасы демігіп бір тоқтады. Мұндай сөзді өмірінде естіп көрмеген қыздың жан дүниесі шайқалып, қорланғаннан екі көзі жасқа толып кетті. Қайдар анасына бір нәрсе деп қарсы жауап берер деп күткен, алайда жігіт жақтан үн шыққан жоқ.
– Кешіріңіз, Қайдар екеуміз бір-бірімізді сүйеміз, – деді Гүлжан амалсыз күмілжіп, шыдай алмай дауысы дірілдеп шықты.
– Сүйе бер, кім сүйме дейді сендерге, маған көмектесетін бай жердің қызы керек. Өзіңе қарашы, белің үзілейін деп тұр, бір шелек су көтере алмайсың, сиыр қалай сауасың, бақша қалай шөптейсің? – деп әйел дауысы тіпті екіленіп шықты.
Гүлжан ләм деген жоқ. Көзінен аққан ыстық жас моншақтап түсті. Өксік тамағына келіп кептелді де тынысын тарылтып жіберді. Содан кейін бұл үйде қала алмасын түсініп, бір шешімге келгендей.
– Қайдар, мен кешікпей қайтайын, қашан пойыз жүреді? –деп жігіт жүзіне қарады.
– Жолаушы пойызы Алматыға бір сағаттан кейін жүреді, қайта ғой, қарағым. Құдай бет алдыңнан жарылқасын, менің ұлымнан үмітіңді үз, – деп жігіт анасы иығынан ауыр бір жүк түскендей жүзіне үйірілген қуанышын жасырған жоқ. Содан кейін әңгіме аяқталғанын білдіріп, орнынан тұрып кетті.
Гүлжан жолаушы пойызына билет алып, вагонға мінгенше өзін шығарып салуға ілесіп келген жігіт жаққа қарамауға тырысты. Бүкіл жан дүниесі әлем-жәлем болып, денесінде бір белгісіз діріл пайда болып, аяқтарынан әл кетіп, ол үйден әрең шыққан. Қыз қақпадан шығып кетіп бара жатып артына еріксіз бұрылып, жалт қараса жігіттің анасы мен әпкесі жайбарақат кейіппен соңынан қарап, өзін көздерімен шығарып салып тұр екен. Жүздеріндегі масайрау сезімдерін тіпті екеуі де жасырған жоқ. «Не деген қатыгез жандар?» деп қыз іштей түңіліп, күрсінді де үндемей жүре берді. Әйтеуір Қайдардың соңынан сөлбірейіп ілесіп келе жатқанын сезіп келеді.
Қызғылт еріндерін тістелеп, көзі жасаурап мазасы кеткен қалпы, ақ тұман арасында адасып жүргендей болды. Жер әлемді көшіріп барып тоқтаған жолаушылар пойызының вагонына қалай кіргенін, бос орынға қалай отыра кеткенін сезген де жоқ. Тек қана пойыз жайлап жылжығанда барып терезеден алаңға көз жіберсе, Қайдар жоқ, кетіп қалыпты.
Ал, келіп солқылдап жыласын, ал кеп еңіреп жыласын, вагон дәлізімен арлы-берлі өткен адамдар өзіне мүсіркей қарап, басын шайқағанын көрген жоқ.
– Гүлім, жылағаныңды қойшы, мына купе ішін су басып кетті, – деген дауысқа басын көтеріп алса, жанында күлімсіреп Қайдар тұр.
– Саған не керек? Бәрі бітті, анаң мен әпкең мені қабылдамады, – деп қыз көзінен тарам-тарам жас ағып, одан әрі бетін басып жыласын.
– Сені осындай солқылдақ, жылауық деп ойламаппын. Менің сезімім, көңілім, махаббатым еш нәрсе шешпей ме?– деп қып-қызыл болған Қайдар ақталып әлек. – Көрмейсің бе, мен сенімен кетіп барамын ғой.
– Бәрібір ол сенің анаң, бізге өмір сүргізбейді. Ақ батасын да бермейді, ол кісі маған қарсы, – деп Гүлжан одан әрі солқылдап жыласын.
– Қарсы бола берсін, мен өз тағдырымды өзім шешемін. Қашан анам сені келінім деп қабылдайды, сол сәттен бастап ол кісімен қатысамын, – деді жігіт бір шешімге келгендей нығыз үнмен.
– Бізге мүлдем қиын болады, ұлым тастап кетті деп қарғап-сілейтін шығар.
– Жоқ, ол менің анам ғой, баласын қарғамайды. Одан да қалай жұптасып өмір сүреміз, қалай жаңа өмір жолын бастаймыз, соны ойластырайық, – деп Қайдар Гүлжанды иығынан аялай құшақтаған.
Гүлжан ойлап отырса одан бері бес жыл жылжып өтіп кетіпті. Қайдар екеуі қалаға келіп, дереу қызметке тұрды. Заң түрінде некелерін тіркеді. Жас мамандар ретінде несиеге пәтер алып, бөпелі болды. Қаншама қиыншылығы мол күндерді бірге бастан өткерді. Бірақ, бірде-бір рет Қайдардай жігітпен тұрмыс құрғанына өкінген жоқ, тек қана көңілінің көгінде енесінің ренжіген кейпі, ауылдың көңілсіз суреті мәңгі қалып қойыпты. Енді сол адуынды енесі келе жатыр, не дер екен? Ал, дәл қазір өзін қалай ұстарын білмей дал болып, үрейлене бастады.
Қобалжыған көңіліне көп ой қонақтатып үлгерген Гүлжан үйіне құстай ұша жете салысымен неше түрлі тамақ әзірлеуге кірісті. Мұрны тершіп есі шығып жүгіріп жүріп, уақыттың қалай жылжып өткенін білмей қалды. Кішкене ұлын балабақшадан алып келгенде күннің бесін ауғанын білді. Дастарқан мәзірін жайнатып, өздеріне зәулім сарайдай көрінетін үш бөлмесін жинаумен мазасы кетті.
Әлден уақытта есіктің қоңырауы шылдыр еткенде селк ете қалғаны. Жүрегі алқынып дүрсілдей соқты, қобалжығанын білдірмеуге тырысып, жедел барып есік ашты. Қарсы алдында бәз-баяғы етжеңді әйел тұр, тек қана самай шашына ақ кіріп, маңдайына әжім жолақтары пайда болыпты. Өткен жылдар ізі жүзіне еріксіз жазылып қалыпты.
– Мама, амансыз ба? – деп Гүлжан амалсыз енесінің бетінен сүйді. Ол кісіде үн жоқ, киімін шешіп төрге шықты. Жан-жағына көз жүгіртіп қарады, үй іші жайнап тұр, жарық, таза, жылы.
– Русик, апаң келді, бара ғой, – деп Қайдар ішкі бөлмеден кішкене қара домалақ ұлын жетектеп алып шықты.
– Келе ғой, жарығым. Мұрныңнан айналдым, садағаң кетейін. Бір сені іздеп келдім, әйтпесе мына екеуіне менің керегім жоқ, – деп апаның түсі жылып, көзінде мейірім пайда болды. Кішкентай ұлды айналып, толғанып, құшағына алып, бетінен сүйіп жатыр. Бала да жатырқамай апаның алдына отырып алды. Қайдар мен Гүлжан бір-біріне қарап күлімсіреп қойды.
Дастарқан басында енесі көңілді отырды. Ауылдың әңгімесін айтып тауыса алмай, сампылдап сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр.
– Әй, балам, мына пәтер сендердікі ме?
– Әрине, мама, несиеге алдық, төлеп жатырмыз, – деп Қайдар жайбарақат жауап беріп.
– Несие төлеп отырып, бес жыл бойы бізге көп ақша жібердің, қарағым. Енді әуелі ауылдағы ауқатты отбасының біріне айналдық. Елдің бәрі бала болса Қайдардай болсын, ай сайын ақша жіберіп, анасына көмектесіп тұрады деп тамсанып айтатын болды. Әпкең институтын оқып, дипломын алды. Көне үйді, әкеңнің қара шаңырағы ғой, жақсылап жөндеттім. Жылма-жыл соғым сойып, ел қатарына қосылдық. Ауылдағылар «Қайдардай мейірімді бала бергеніне шүкір демейсің бе? Неге өкпеңді қойып бармайсың?», – деп айта берген соң ұялғаннан келдім. Мына тәтті немеремді көргім келді. Бір күні өкпелеп-өкпелеп өліп қалсам, өкінемін ғой, әрине. Балам, бай жерден қыз ал дегенім ақымақтық екен. Байлықты өз қолдарыңмен жасапсыңдар ғой, – деген анасы тоқтамай, риза екенін жасырмай екпіндеп сөйлеп жатыр. Қайдар еш нәрсені ұқпай;
– Мама, қандай ақша? – деп ауызын ашып үлгерген жоқ, Гүлжан күйеуінің аяғын басып, тыныш отыр деп белгі берді.
– Соңғы рет тіпті әлгі ұялы байланыс телефонға «Мама, сені сағындым, бізді кешіріп, өзің келші»деген хабарыңды бүкіл ауыл болып оқыдық. Анаңды қалай сыйлайтыныңды бүкіл ауыл аңыз қылып әңгімелеуде. Жан балам, сен мені кешір, анаң сол жолы ақымақтық жасады. Көңілің қалаған қызыңа үйленіп, бақытты болғаныңа қатты қуаныштымын, – деп манадан бері айтқан сөзінің дәлеліндей енесі көзіне жас алып, ақ орамалының ұшымен іркілген жасты сүртті.
– Мама, көңіліңізді босатпаңызшы, әлі немереңіздің қуаныш төрінде отырасыз, – деп Гүлжанның да көзі жасаурап, үлкен кісінің бетінен мейірлене сүйді.
Әйелі екеуі оңаша қалғанда Қайдар шыдамсыздық танытып:
– Мамам қайдағы ақшаны айтады?, – деп сұраған.
– Мен сенің атыңнан ай сайын әпкең мен анаңа қомақты қаржы жіберіп тұрдым. Сөйтіп сені жақсы ұл атандырдым. Бес жыл дегенде әрең көңілдеріндегі мұздарын еріттім-ау, әйтеуір, – деп Гүлжан күйеуінің құлағына сыбырлап күліп жіберді.
Қайдар естіген хабарына сене алмай көп ойланып отырды. Содан кейін:
– Не деген ақылды келін едің, басқа біреу болса адуынды кемпірдің аузынан шыққан сөздерін ешқашанда кешірмес еді. Рахмет саған, жаным, әлі күнге шейін бір сенің соңыңнан ілесіп, анама қайырылмай тастап кеткенім дұрыс па, бұрыс па деген көңілімде көк түтін күдік жүруші еді. Бүгін сол ала бұлтты сейілтіп жібердің.
– Ал, мен кешірімдімін. Оның себебі, маған дұрыс тәлім-тәрбие берген. Сендей асыл азаматты өмірге әкелген ананың көңілін табу үшін бәріне әзірмін, – дейді Гүлжан бақыттылықтан күлімсіреп, төсек салып жүріп.
Содан кейін жас әйел көп жылдан бері өзінің иығынан бір ауыр жүк түскендей әсерден арыла алмай, ұйқысы келмей ұзақ жатты. Қайдар болса қалың ұйқы құшағына еніп, түс көріп жатқанға ұқсайды. Дүниені жарастырып, жоғын түгендейтін, жыртығын жамайтын, береке-бірлікті қолымен жасай білетін жан жарына алаңсыз сеніп кеткен. Ал, ақылымен жігіт анасының көңілін тапқан Гүлжан бұл дүниеде татулық, бірлік, сыйластықтың құны қымбат екенін жаңа ұққандай болды. Көңілі көп жылдардан бері алғаш рет жайланып, қуанышпен өмір сүретін күндерінің келе жатқанын сезіп жатыр.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
жазушы