Тәрбие – тал бесіктен. Біздің мына жарық дүниедегі ең басты миссиямыз – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Бала тәрбиесі үлкен ғылым. Үнемі ізденіс пен білімді қажет ететін бала тәрбиесіне ана да, әке де міндетті түрде атсалысуы қажет. Қалай десек те бала тәрбиесі ұлт тәрбиесіне тікелей қатысты екенін ұмытпауымыз керек.
Бала үшін тәрбиенің тал бесігі – отбасы. Балдай бақытты балалық шағының алаңсыз өтуі шаңырақта ата-анаға байланысты болса, балабақшада тәрбиешіге жауапкершілік жүгі мол артылады. Сондықтан да бала тәрбиесіне баршамыз бір кісідей атсалысуымыз керек.
Бала – әрбір ата-ананың үкілеген үміті. Болашағынан зор үміт күттіретін баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болуына бей-жай қарамағанымыз жөн. Себебі бала – елдің ертеңі, ұлағатты ұрпақтың жалғасы.
Тәрбиеші мамандығын таңдағанымда мен әр балаға барынша саналы тәрбие мен сапалы білім беремін деген қағиданы берік ұстандым. Сондықтан да қазіргі таңда «Балалардың бір минут та уақыты бос өтпесін» деп барынша жан-жақты ізденіп, балалардың жаңа дүниені үйренуі жолында дайындық жұмыстарын жасаудан шаршамаймын.
Бала тәрбиесінің қалыптасуына балабақшаның сіңіретін еңбегі зор. Әдептіліктің алғашқы әліппесін үйренуіне, жаңа ортаға бейімделуіне, достар табуына, жаңа білім алып, ұлттық құндылықпен сусындауына барлық жағдайды жасап келеміз.
Дүниені жаңа танып, әлемді өз көзқарасымен қабылдап келе жатқан бүлдіршіндердің жанына анасынан кейінгі жақыны – тәрбиеші. Сондықтан да балаларымды таңертең күліп қарсы алып, кешке күліп, қимай шығарып саламын. Олардың күндерінің сәтті әрі әсерлі өтуіне барлық мүмкіндікті жасай отырып, тәрбие бесігінің шайқалмауына атсалысамын. Менің бүлдіршіндерімнің тәрбиесі: «Сәлеметсіз бе!» деген бір ауыз сөзден басталады. Ең алғаш бала бойына сіңірген тәрбием де, тәлімім де осы. Дана халқымыз «Сөз басы – сәлем» деп текке айтпаған. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын жас ұрпақ санын арттырып, бүлдіршіндерді елжандылыққа баулып, жаңа Қазақстанның бір кетігіне берік кірпіш болып қаланатын мықты тұлғаны өсіріп, тәрбиелеу біздің басты міндетіміз. Қалай десек те баланың тәрбиесі қоғамның ортақ міндеті.
Динара БАЛТАШҚЫЗЫ,
«Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы
Көксу ауданы