Мен Бейсен ағамен 10 жылдан аса аралас-құралас болыппын. Бастапқыда бастық пен қатардағы қызметкер ретінде қарым-қатынас орнаттық, кейін өзге жастар сияқты мені де «бауырым» деп жанына жақын тартты. Аға-іні, ұстаз-шәкірт болып сыйластық. Көзі тірісінде ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын аямады. Соңғы 5 жылда тіпті етене жақын араласқан екенбіз. «Айтуға оңайға» шақырып, ток-шоу форматындағы бағдарламада қызмет етуге мүмкіндік берді. Өзі ұйытқы болған көптеген игі шараларға қатыстырды. Кіндік қаны тамған Қызылжар ауылын аралатып, ағайын-туысын көрсетті. Ғұмырының соңғы жылдарында айкидоға баулыды. Сол кезде қалам ұстаған қолымен кездікті, қылышты, таяқты ұршықша иіргенін, жекпе-жекті жетік меңгергенінің куәсі болдық. Жаттығу барысында Бейсен ағамен өзі жақсы көрген жекпе-жек өнері туралы біраз сұхбаттастық.
ҚОЛТАҢБА
Бірде ағам екеуміз «Жетісу» арнасының дәлізінде кездесіп қалдық.
– Батыр, қалайсың? – деп амандық-саулық сұрасқан соң – Шыңғыс, қолың босағанда келіп кетерсің, – деп қысқа қайырып, баспалдақпен көтеріліп кете барды. 10-15 минуттан соң екінші қабаттағы кабинетіне кірсем, жалғыз отыр екен.
– Кел, батыр!
Орнынан көтеріліп, диванға жайғасты. Ойлы көзімен бір қарап алды да: «Батыр, айкидомен шұғылдануға қалай қарайсың?» – деді.
– Шұғылданайық!
– Онда Олжас Байбосынмен бірге кел. Оның да жаттыққысы келіп жүр… Әй, бірақ, сендер де қиналғанда сылтау айтып, қашудың амалын іздерсіңдер. Екі шәкіртім жап-жақсы келе жатыр еді. Қазір қойды. Солар сияқты тастап кетесіңдер ғой, – деп намысымды қамшылай түсті.
Кімдерді меңзеп тұрғанын бірден сезген мен:
– Жоқ, шыдаймыз, – дедім.
– Шыдасаң, мына нәрсені айтайын. «Бір істі бастасаң, шебер деңгейіне дейін жету керек. Орта жолда тастасаң бәрі ұмыт болады. Ал мастер атансаң өмір бойы жадыңда қалады. Ұмыттым дегеннің өзінде сәл шынықсаң есіңе түсіп, бұлшық етің тез шымырланады. Себебі адамда «мышечная память» болады. Апамды білесің ғой, тоқсаннан асқан шағында жамбасын сындырып алды. «Ешкімге масыл болмайын», – деп темірге сүйеніп, алдымен тұрып үйренді. Сосын адымдады. Бұлшық еті ширағанда қайтадан өзі жүріп-тұратын болды. Бұл – бұлшық етті өмір бойы дамытуға болатынын білдіреді. Солай, батыр… – Сәл кідірістен кейін: – Ертең таңғы алтыда мені үйден алып кетесің, – деп екеуара әңгімені аяқтады.
Содан бастап таңғы 6-да есігінің алдында тұратын болдым. Өйткені, сағат 7-де спорт басқармасының ғимаратында жаттығу басталады.
Ә дегенде айкидоның әдебін түсіндірді. Спортзалға кіріп-шыққанда тағзым етудің, 5 минуттық медитациямен іштей дайындалудың маңыздылығын айтты. Бірер аптадан соң қатарымызға Бейсен ағаның жары Гүлмира тәте мен қызы Жауһар қосылды. Жеңешеміздің ертеректе шұғылданғаны көзге көрініп-ақ тұр. Ал Жауһар енді бастапты. Ол кезде біздің денеміз икемге келіп қалған. Құлау мен аунауды қатырып, жартылай отырып адымдауды қиналмай орындайтын болғанымызда пышақ шабуылынан қорғанатын тәсілге көштік. Оны ағам жетектеп жүріп көрсетті.
– Менің қолтаңбамды білесің ғой?
– Иә!
Ағаның ерекше қолтаңбасы есіме сап ете қалды. Құжатқа қол қойғанда түзу сызықпен бастай келе дөңгелектеп, найзағайдың белгісіндей етіп, соңын тік тартатын. Сол ұзынша сызықтың үстіне латын қарпімен Beisen Quranbek деп жазатын.
– Қолтаңба осы әдістің сызбасы. Бұл жауынгерлерге үйрететін айкидоның ең басты әдісі. Тіке тартылған сызық төтесінен төніп келе жатқан қауіп. Дөңгеленген тұсы қатердің бетін қайтарып, шабуылдаушыны өз ырқыңа көндірудің көрінісі. Найзағай сияқты белгі қарсыласты екпінімен жеке шекараңнан шығарып жіберу дегенді білдіреді. Ешкімге шабуылдамайтын, сөйте тұра, өзгенің күш көрсетуіне жол бермейтін айкидоның түпкі мақсаты, ең маңызды философиясы осы, – деп жаттығу арасындағы қысқа әңгімені түйіндеді.
Жаттығу аяқталып, киім ауыстыру бөлмесіне келгенде Бейсен аға айкидоның философиясы жайлы әңгімені қайта өрбітіп:
– Жаңа көрсеткен әдіс бар ғой, соны мен жұмыс істеу үрдісіме енгізіп алғам. Оның мағынасы былай: түзу сызық – туындаған проблема, ал дөңгелек – мәселені жан-жақты зерттеу, найзағай сияқтысы – жылдам шешім қабылдап, тез арада түйткілді тарқату. Адам күн сайын, тіпті, сағат сайын саналы, бейсаналы түрде нешетүрлі шешім қабылдайды. Оның өмірі сол шешімдердің сапасына байланысты қалыптасады,– деп өз ұстанымын түсіндіріп, аз уақытта көп жұмыс атқаруының құпиясын ашқандай болды.
АЙКИДО ЖОЛЫ
Басқа шығыс жекпе-жектерден айкидоның айырмашылығы неде, білесің бе?!
Кезекті әңгімесін тосыннан сұрақпен бастады. Маңызды нәрсе айтқысы келгені түрінен көрініп тұр. Жаныма жайғасып, бар назармен жауап күтті.
– Білмедім.
– Күштің жұмсақтығында. Айкидо қара күшті жұмсақтықпен еңсереді. Кейбір спортпен қартайғанда шұғылдана алмай қаласың. Өйткені қара күш керек. Ал айкидомен өле өлгенше дамисың. Қауқарың қайтқанша жаттыға аласың. «Қырықтан асқандардың бәріне айкидомен шұғылдану керек», – дейтінім содан.
– Айкидоға қалай келдіңіз?
–Екі жылдық әскери өмірім бар, оған қоса каратэмен шұғылдандым. Сол кезде болмысым өзгере бастағанын түсініп, мінез-құлқыма жақын спорт түрі ретінде айкидоны таптым. Енді айкидоның маған неге ұнағанын айтайын, – деп астыңғы ернін тістеген күйі ойын жинақтап, әңгімесін жалғастырды.
– Айкидода жалаң қолмен жекпе-жекке шығудан бөлек, қылыштасуды, пышақтасуды, таяқпен қорғанып, шабуыл жасауды үйретеді. Жапонның «тантосы» кәдімгі кездік. Қылышы да біздің қайқы қылыштай иілген. Ақ таяқты бұрын әрбір қойшы ұстап жүретін. Түсіндің бе?! Жапондікіндей өнер бізде де болған. Әрбір қазақ қылыштасуды, пышақтасуды, таяқты қару етіп, ұрыс салуды білген. Онсыз мынандай ұлан-ғайыр жерді алып қалу мүмкін емес. Қанымызға сіңген ондай спортты біз жоғалтып алдық, жапондар сақтап қалды. Менің жұмыстағы жеті атамның қатарында айкидоның негізін қалап, әрбір әдісті, бар тәсілді жүйелеген, жекпе-жек ретінде дамытқан, сол арқылы жапонның жауынгерлік өнерін сақтап қалған Морихэй Уэсиба бар. Ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі осы.
АЛҒАШҚЫ СПОРТЗАЛ
Әрбір жаттығудан кейін Бейсен аға, Олжас үшеуміз залды жинастыратынбыз. Сондай сәттің бірінде Бейсен аға кезекті әңгімеге тартты.
– Білесің бе, жаттыққан жеріңді жинау айкидоның маңызды бір бөлшегі. Іргетасы қалыптасқан дәстүрлі спорт мектептерінің бәрі ұқыптылыққа үйретеді. Сол арқылы адамды тазалыққа, әр нәрсеге құрметпен қарауға шақырады. Айкидода жаттығатын орын «додзэ» деп аталады. Жастау күнімде Весновканың бойында, Сәтпаев көшесінен жоғары орналасқан мектептің спортзалында тұрдым. Кішірек бөлмесі киім-кешек қоятын жатын орным болды. Жұмыстан кейін сол жерде жаттығу жасаймын. Ұстазды жапонша «сэнсэй» дейді. Сэнсэй келгенше додзені жуып, сүртіп, керек-жарақты дайындап қоямын. Оны тап-тұйнақтай етіп ұстадым. Жеңгең екеуміз отау құрғаннан кейін де сол спортзалдың бір бөлмесінде тұрдық. Түсінесің бе, үй емес, пәтер емес, спортзал. Алты айдан соң ғана қос бөлмелі жер үйді жалға алдық. Одан кейін де пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Астанадан үй алғанша солай болды. Қысқасы, көшіп-қонудан чемпионбыз. Қазір көпшілік мені елге танымал, атақ-абыройы бар, қаржылық тұрғыда тәуелсіз, жағдайын жасаған адам ретінде қабылдайды. Мұндай деңгейге жету үшін біраз еңбек еттік, қиындықтарды да еңсердік. Солай, батыр, – деген Бейсен аға жетістігінің құпиясы еңбекте екенін айтып, отырған жерінен тұрып кете барды.
КРИС МУНИ ТАПСЫРҒАН АТАҚ
Жылдар бойы айкидомен шұғылданса да «мастер» атағын алуға ұмтылмаған Бейсен аға жекпе-жек өнерінің «І-дан иегері» деген сертификатты бертін келе еншіледі. Ол туралы шәкірттері Асқар Құранбек пен Ерлан Ошақбай былай деп еске алады.
– Алматыдағы халықаралық семинарда жаңа әдістерді көрсеткен сэнсэй қатысушыларды аралап, тәсілдің дұрыс орындалуын қадағалап жүрді. Арасында Бейсен ағамен бірге бірнеше әдісті жасады. Семинар аяқталғанда еліміздің әр аймағынан келген айкидо мектебінің өкілдері марапатталды. Рәсім соңында Крис Муни сөз алып, жоспардан тыс тағы бір спортшыға атақ беретінін мәлімдеді. Сөйтті де көпшіліктің ортасынан Бейсен Құранбекті шақыртты. Бәрі таң қалып, қошемет көрсетті. Себебі жиналғандар сэнсэй атаған адам алдыңғы қатардағы мықтының бірі болар деп ойлады. Ал Бейсен аға қарапайым қалпын сақтаған күйі орта тұстан көтерілді. Осылайша ағаның шеберлігін Крис Муни мойындады. Ол айкидоның негізін қалаған Морихэй Уэсибаның төл шәкіртінен тәлім алған 7-дан иегері болатын.
АСҚАҚ РУХ
Айкидо – денені шынықтырумен қатар жан-дүниені күшейтіп, ерік-жігерді нығайтады. Жекпе-жек өнері Бейсен ағаның рухани тұрғыда мықты азамат болып қалыптасуына ықпал еткенімен ата-анадан алған тәлім-тәрбиенің, ағайын-туыс, дос-жаранның, әскери өмірдің, тектілігінің де әсері ерекше. Ағаның шыдамдылығы, сабырлылығы сырқаттанып жатқанда анық көрініс тапты.
Бірде Олжас екеуміз қал сұрай бардық. Алматыдан келген беті екен. Бізді көріп, қуанып қалды. Амандық-саулық сұрап, отбасымызды түгендеп шықты. Ертерек келмегенімізді айтып бір ұялтты да: «Әй, бұларда жұмыс қой», – деп артынша өзі ақтап алды. Сөйтті де «жұмыста не жаңалық?» – деп сөздің ауанын бірден басқа арнаға бұрды.
Телеарнадағы әрбір адамның ғұмыр тарихын, басынан өткенін жақсы білетін Олжас біраз әңгіменің басын қайырды. Жақында болған қызық оқиғаларды айтып, күлдірді. Бейсен аға бір сәтке сырқатын ұмытқандай сергіп қалды. Ұзағынан көсілген Олжас: «Шыңғыс жақында ғана үй алған» – деп сөзін аяқтады.
– Батыр, құтты болсын! Балаларға жақсы болды ғой.
– Иә, балаларды бұрынғыдай 3-бөлімшеден балабақшаға тасымаймыз, мектеп те тиіп тұр.
– Ммм, дұрыс болған екен, – деп Олжас екеумізге бала-шаға тәрбиесіне қатысты біраз ақыл айтты.
– Сіз жазылып шыққан соң Шаған тауынан асып, балалық шағыңыз өткен Қызылжар ауылына дейін атпен барайық, – деп едім, Бейсен ағаның көзінде қуаныш лебі сезіліп, жалт еткен бір ұшқын пайда болды.
– Барайық. Мен де биыл соны ойластырып жүргенмін. Бала күнімдегі жерлерді көріп, Шаған тауының сайы мен жотасын түгел шолып, ары қарай Онжасқа дейін барғым келген. Табиғаты керемет жерлер ғой. Біздің жайлауымыз сол жақта. Ата-бабамның бейіті де сонда жатыр, – деп тоқтады.
Бабалары кеткен жолмен мәңгілік сапарға аттанарын сезді ме, көзін жұмып ұзақ ойға шомды. Олжас аяғын, мен қолын уқалап отырмыз. Бір кезде әңгімесін қайта жалғап: «Өлім деген бір есіктің жабылуы, екіншісінің ашылуы» – деді… Арадағы үнсіздікті тағы да өзі бұзып: «Сендердің алдарыңда кісілер келген, мен біраз демалайын», – деп жатуға ыңғайланды.
– Аға, жақсы, сау болыңыз, тез жазылыңыз, тағы келеміз, – деп қоштасып, үйден дәм татып, шығып кете бардық. Ойда жоқта өлім туралы айтқаны күні бойы есімнен кетпеді. Себебі ел алдында жарқырап жүрген, көпке көмегі тиген, ағалық ақылын аямаған ағаны жамандыққа қимадым. Бізге «мына ауру алмай қоймайды» дегенді білдіргісі келген болар, сол үшін айтқан шығар деп топшыладым. Өйткені сөзі анық, санасы сергек. О дүниеге кететін уақыттың таяп қалғанын біліп-сезіп отырса да ақжарқын қалпынан айнымады. Хал сұрай келгендердің көңілін көтеріп, жігерлендіріп жіберетін әдетінен жаңылмады. Ахілеп-үхілеп күрсінген жоқ. Ағзасын меңдеген ауыр дерттің жанына батқанын да білдірмеді. Ішкі арпалысын саналы түрде басқарып отырды. Сол бір жүздесуде құр сүлдесі қалса да асқақ рухы сынбағаны анық байқалды. Бейсен ағаның бекзат болмысы ажалдың атқан оғына қасқайып қарсы тұрған жаужүрек жауынгердей көрінді.
Шыңғыс Қалиден,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі