…«Шынайы ақынның шыншыл шығармасы әр үтіріне дейін үн қатқандай сыр шертіп тұрады. Сырласыңа құлағыңды түргендей қайтадан қайталап тыңдағың келеді, оралып оқығың келеді»,– депті ой-толғамдары топтасқан «Көңіл күнделігінен» кітабында Мұзафар Әлімбай. Талант тақсырларының қай шығармасын алып қарасаң да көңіл пернесін дөп басса, ішкі жан әуезін елітіп, құйын тұрғандай құйқылтып-құбылжытып жіберсе, әлгі жазбаны парақтап-тарақтағаннан кейін де әсерін ұзақ уақыт кеудеден шығара алмасаң, онда бұл жалпы әдебиетке, ақын мен жазушыға қарата айтылған пайым әрі сентиментальдік көзқарастан оқшау деп айтар едік. Бұл тұста шығармашылығының тұтас бір тарауын эссеге арнаған М. Әлімбайдың «шынайы ақын» деген сөзін «шынайы қаламгер» деген ортақ атау, ақын-жазушыға бірдей тіркеске төңкеріп саларымыз даусыз.
Шынайы талант, шынайы ақын яки жазушы бол, ең алдымен қаламға борыштысың. «Қаламға және оның жазуына серт» деген Құран аятында айшықталған қасиетті үнге құлақ түрген адам ғана өз шығармашылық кеңістігін мөлшерлеп, кеңейтіп, сол рухани әлемде қарышты қадам жасай алмақ. Бұл орайда әуелі ақын-жазушы әдебиетте нақты айтылып жүрген рухани-эстетикалық өлшемге һәм теорияға я «өз дәуірінің жыршысы» деген миссия тектес тұжырымға лайық болуы қажет.
Өз заманының оқшау да одағай көріністерін, жалқы да жалпы сипатын, адамдарының әдеби портретін, тарихтың тарауын, тізбегін, оқиғалардың диптих, триптих, бәлкім, одан да көп қырын, фабуласын аша білу де талантты қажет ететін дүние. Осы тұрғыдан алғанда Қанат Әбілқайырдың қарымы мен қалыбын, дарыны мен танымын бір ғана шығарма арқылы айқын сезінгендей, оқырманның талқысына түскен, шынайы сүйініштің «шартты рефлексін» тудырған «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы арқылы анық аңғарғандай күй кештік.
Әлмерек баба ескерткіші Қарадала төсінде еңсе тіктеген уақытта, осыдан үш ай бұрын Қанат Әбілқайырдың қолынан романды алған едік. Кіріспесін көлікте бастап, бір-екі күнде таушалап тастадық. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» (Абай) таңдайда дәмі қалған шығарманы тамсап жүргенімізге де содан бері біраз уақыт болыпты. «…Оралып оқығың келеді» деген Мұзафар Әлімбай толғамы біздің ішкі сезімімізбен үйлесетін үн болған соң шығар, мақала басында айырықша айшықтап өткеніміз. Десе де, шынайы талант пен шыншыл шығарма хақында сөйлеген соң да әдепкі ойдың арнасын бірден солай бастап кеп жібердік.
Ал енді шындық тұрғысында бірлі-жарым ой сабақтайтын болсақ, Қанат Әбілқайыр «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын үлкен ізденіспен (қысқа мерзімде) жазғанын көреміз. Оған бір мысал келтірсек, жазушының романда келтірген оқшау сөз – «жаргондарын» теріп алып, біраз талқыға салдық. Бұл орайда ескерте кететін дүние, қаламгерлік түйсікті түрткілейтін шығармадағы кейбір оғаш ой, тіркес, сөзді үнемі назарда ұстауды әдетке айналдырған едік. Қарапайым оқырман қатарында бір кітапты бітіре салып екіншісіне көшуге әдеттенбептік. Әр шығарманы оқыған сайын рухани синтездеп, қалыптап, кейіптеп, басы мен аяғын тұжырымдап алатынымыз бар. Шоршытқан штрих пен дегбір қашырған детальдарға дейін, сөз-сөйлем сүйегіне, тіпті, буын-бунаққа дейін бадана көздің назары мен сұғын сұғанақтата қадаймыз. Алайда мұндай дүние көзге шалынбаған шып-шымыр әрі шырайлы шығармадан тек түрмедегі өмірді, диалог пен жаргонды ғана елеп алып, «Шын ба екен өзі?» деген секемде жүрдік. Осылайша өмірінің бір мүшелін абақтыда өткерген жандармен тілдесіп, романдағы әлгі «жаргондарды» тізбеледік. Сөйтсек, дөйдалада далбасалап қалыппыз. Көзге оғаш көрінген жаргондар нақты өмірде айтылып, қолданылып жүрген дүние екен. Шығарманың шынайылығын осыдан-ақ түйсініп-түсіндік…
Қарымы мен дарыны қатар шапқан жазушы ретінде танытқан романда Қанат Әбілқайыр тұрғысында айтылған яки шығармасы жөнінде келтірілген мысал ішкі құрмет пен қаламгерге деген алғыстың айғағы емес, тек оқырман есебіндегі пікір екенін ерекше аңғартқымыз бар. Біз де оқырманбыз. Біз де кітапсүйер, әдебиетке құштар адамбыз. «Ұлы адам – тіршілікте пенде» (Тұрсынжан Шапай) деген пайым бізге арналмаған. Бұл арқылы поэзия жазып, журналист болып жүргенімізді емексітіп, «жай бір әуесқой оқырманнан бір бәс жоғары шығармыз ә?» деген күлбілте күпірлікке баспаймыз. Ал қарапайым оқырман екенімізді айғақтай алсақ, онда біздің де шығарма тұрғысындағы ішкі пайым пен сүйініш-күйінішімізді толғауға құқығымыз бар деп ойлаймыз.
«Ағыраптағы аты жоқ адам» романы қай оқиғаны айшықтап, қай тарихи тараудың жүгін көтерген жазба екенін түсіндірудің қажеті шамалы деп санаймыз. Тәуелсіздік жылдары жасалған саяси кемшілік салдарында орын алған қасіреттің қандайлық із қалдырғанын аты жоқ кейіпкердің өмірбаяндық-хамсасы арқылы-ақ ұғынуға негіз бар. Жазасын өтеп шыққан жаны жаралы жанның Әлиямен танысқанынан бастап Нұршықтағы көмескі ізге сәп салған сәттері мен өмір бойы іздеп келген сұрақтарына жауап табуы санамызды соқыр тұманнан арылтқандай күйге түсіреді.
Ең ұтымды тұсы – роман жеңіл тілмен көркем түрде жазылған. Тіпті, әр кейіпкердің өзі бізді күнделікті көріп жүрген адаммен дидарласқандай әсер қалдырады. Бәрі де қарапайым! Қиыннан қиыстырған, жоқтан бар еткен немесе типтік образ емес. Бәрі жеке дара. Өмір бойы бас құрамаған, оған да аса құлықты емес аты жоқ кейіпкердің өзі – шығарманың тіні, өзегі яғни басты қаһарманы емес. Ол әлдебір шығармалардағыдай идеал адам да емес. Жазушы оған талпынбаған. Тіпті, пойызда танысқан Әлиямен бір мәрте қатынасқа түскен аты жоқ адамның жан сезімін, құштарлығын, еркектік көзқарасы мен психологиясын да жазушы тәптіштеп отырмаған. Алайда кейіпкердің адами көзқарас пен еркін кезінде санасына жарықшақ түсірген дүниелердің жауабын алуға деген құштарлығы Жан Вальжанның идеалдық, моралдық тұрғыдағы адами күресімен пара-пар секілді ме, қалай?
Иә, әйгілі «Аласталғандар» романында Викор Гюго әуелі Жан Вальжанның рухани күресін, жан дүниесінің ізгілікке сусар болғанын және адамдық өренің ең биік сатысына шыға білгенін жазады. Бәлкім, жазушы осы кейіпкері арқылы қоғамда идеал тұлға қалыптастырғысы келген немесе оқырманының сол арқылы адамгершілік пен ізгілік қасиетке мейлінше іңкәр болғанын қалаған шығар?! Десе де, жарты күлше нан үшін аттай 19 жыл бойы айдауға кеткен Жан Вальжанның мінез құбылысының оң нәтижесін данышпан Абайдың: «Закон қуаты қолымда бар адам болсам мінезді түзеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген тұжырымына айғақ етер едік.
Абай демекші, ұлы ақынның адами, тұлғалық болмысын аша білген Тұрсынжан Шапай «Анық Абай» кітабында: «Өнерпаз өз өнерінің мазмұнымен әруақытта сәйкес келе бермейді. Өнеріне қараңыз, өзіне қараңыз – қилы-қилы қызықты көресіз: өнерінің жанында – ергежейлі немесе өнері өзімен салыстырғанда – қораш. Жібек құртын көрген емеспін. Бірақ, анық: жібегінің жанында құбыжық. Немесе… Әйтеуір, өнер мен өмірдегі теңдестікті, айталық, өмірдегі пенде мен өлеңдегі бейненің мазмұндастығын табу – екіталай. Әрине, өкінішті!», – деп жазады. Осынау ойды, нақты айқын айтылған ғажайып теңеуді Виктор Гюгоның Вальжаны мен Қанат Әбілқайырдың аты жоқ кейіпкеріне таңуға болады. Олар өмір мен саясат артқан жүктің, берген жазаның жанында қораш, ал тірлікте, адами пәлсапада асқақ жандар. Неге?
Аты жоқ адам тозақ болып күйдірмеген, жаннат болып сүйдірмеген ағыраптай ақсүрдек тірлікте өзімен қатарлас жанға тиіп кеткен анасының, түрмеге бір іздеп келмеген әкесінің, тергеуде өзін көрсетіп берген інісінің қылығын түсіне алмай дал болады. Оның жауабын іздейді әрі шығарма соңында шешімін табады. Жан Вальжан да өзінің соңына түскендерге қарамай өмірдің биік сатысына ұмтылады. Ақыры табан тірейді, тиянақ табады.
Бірі көлемді, әлем сүйіп оқыған классикалық шығарма, бірі қазақтың қырыққа енді құлаш сермеген жазушысы жазған романда тағы бір параллель желі бар. Ол – өмірлік ғашығы, алайда жеңіл жүріске салынып кеткен Әния мен Париж көшесінде шалқып басқан, ойда жоқ оғаш әрекетке барып жұртты таңдандырған төрт сылқымның бірі, «Аласталғандар» романының ең ұтымды кейіпкері – Фантинаның тағдыры. Фантина Козеттены өмірге алып келеді. Аяулы қызы үшін өмірдің барлық қиыншылығына төзеді, ақша табудың жолында жаны мен арын табанға таптайды. Ізгілікті кейіпкер санатында жаныңды баурайды. «Өнерінің жанында – ергежейлі немесе өнері өзімен салыстырғанда – қораш» (Т. Шапай) байлам секілді, аналық мейірі мен махаббатының жанында ары ергежейлі, арының қасында адамдық қасиеті мен ұстанымы – қораш. Дәл осы дүниені Қанат Әбілқайырдың шығармасындағы Әнияның бойынан да аңдадық. Әкесін жаладан, үлкен нәбеттен құтқару үшін арын сатқан, ақшаға жалданған Әнияның да ары мен жаны әкеге деген махаббаттың, перзенттік өтеудің жанында – ергежейлі.
Міне, осындай байламдарға жетелеген, жазушы ретінде ешқандай ақтау, айыптау қоспай, шығарманы шығарма күйінде, шындықты ақиқат күйінде ұсынған Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы әрқилылығымен, жаңа заманға сай жасалған картинасы, фабуласы, ритмі, желісімен ырза етеді. Сүйсінтеді. «Шынайы ақынның шыншыл шығармасы әр үтіріне дейін үн қатқандай…» деген пікірге негіз болған осынау роман жайлы біздің қысқаша лебіз-лепесіміз осындай. Мұны терең толғап, кең көлемді етіп жазуға да болар еді, дегенмен бір тамшы жастың өзі жанардан шынайы шыққаны құнды секілді, ішкі тебіреністің де сынық сүйемдейін болсын, ілтипатпен бедерлеудің құны биік деп ойлаймыз…
АРДА БИ