Бала мәдениеті де ойын арқылы дамиды. Ал бүгінде оқу үдерісінде ойын алдыңғы орында. Яғни, ойын технологиясы арқылы баланың оқуға ынтасын, қызығушылығын арттыру жеңіл болмақ. Ойын арқылы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғалы дамуын қалыптастыруға болады.
Мазмұны бойынша барлық дидактикалық ойын ақыл-ой белсенділігінің маңызды құралы бола отырып, олардың бағдарлама материалының негізгі тақырыптары бойынша алған білімдерін тереңдете түсуді әрі пысықтауды көздейді. Бұл ойындар сабақ үстіндегі жұмысты түрлендіріп қана қоймай, қызығушылығын оятып, ынта-ықылас қоюына баулиды және зейінін арттырып, ойлау қабілетін дамытады.
Дидактикалық ойындар – оқыту мақсатын жүзеге асыруға арналған. Дидактикалық ойындар баланың байқампаздық, елестету, есте сақтау, сөйлеу, ойлау қабілеттерін, сенсорлық бағдарын дамытады. Ойын барысында балалар да жаңа білім мен әдістерді үйрену керек екенін түсінеді. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев: «Балалар өздігінен кішкентай кезінен оқуға ұмтылмайды. Балаларды білімге деген құштарлығы артқанша оларды күштеп тарту арқылы үйрету керек» деп текке айтпаған. Ойын барысына қызыққан бала, ол өзі де үйреніп жатқанын байқамай да қалады. Бірақ бала іс-қимылдарды қайта құрылымдаған кезінде қиналады. Ойын барысында бала өзінің қолынан келетінін жасауға ұмтылады. Дидактикалық ойын көп жоспарлы, қиын педагогикалық құбылыс. Ол балаларды ойын әдісі арқылы үйретеді.
Дидактикалық ойында басты рөлді мұғалім атқарады. Педагог әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, ойын жағдайын туғызады, жарыс элементтерін қолданады. Мұғалім ойын барысында тек қана ойнатып қоймай, балаларға белгілі бір білімді береді, ойнау дағдыларын қалыптастырады.
Б. СУЛЕЙМЕНОВА,
«Ерке Нұр» балабақшасының тәрбиешісі
Алакөл ауданы