Шіркін,бала шақта ешнәрседен хабарсыз, беймәлім, құдды бір ғажайыптар әлемінде жүргендей сезініппін өзімді. Бізге бәрі таң, бәрі беймәлім. Әйтеуір қасымызда жылы жүзді, ақжарқын жандардың барына қуанатынбыз. Сол кездердің осылай әп-сәтте өте шығарын кім білген?… Бұл – Гүлнәр Дәнешқызының ата-анасымен бірге жүрген күндерін сағына еске алған ішкі ойы.
«Асылдың сынығы» айдарына өзі жайлы жазғымыз келетінін айтқанымызда Гүлнәр замандас: «Бір сәт тәтті шақтарды еске түсіріп, өткенге көз жүгіртсем, өзімді дәл сол асыл жандардың қасында жүргендей сезінемін», – дейді ағынан жарылып.
«Әке» деген жылы сөздің жанға ерекше жайлылық сыйлайтыны мәлім. Әкең мейірімді, сыйлы, бекзат болса бағыңның еселенгені. Алыстан келгенде үйде асқар тауыңның бар екеніне шаттанып, еркелеп: «Әке, мен келдім» – деп қуана кірудің өзі бақыт. Бірақ, сол бақыттың мәңгілік емес екенін білмей жататынымыз рас.
Кейіпкеріміз халықтың сүйікті әншісі Дәнеш Рақышұлының қызы Гүлнәр. Дәнеш аға қызметін Құлжадағы қазақ-ұйғыр драма театрының актері болып бастаған. Онда Бейімбет Майлиннің «Шұға», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» пьесаларында асыл бейнелерді сомдады. Кейіннен осы театрдан қазақ бөлімшесін ашып, басқарады. Қазақстанға оралғаннан кейін бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы халық театрының режиссері қызметін атқарды. 1968 жылдан Талдықорған филармониясының әнші-солисі болды және «Тамаша» әзіл-сықақ тобының жетекшілігін қолына алды. Қазақтың дәстүрлі ән орындаушыларының көшін бастады. Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Әсеттің «Ардақ», «Мақпал», «Атым Әсет», «Хисмет», «Аха-ау, жалған», «Жайқоңыр» әндерін көпшілікке жеткізіп, «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жас қайрат», «Жер сұлуы Жетісу», «Комсомол», «Саясында алманың», «Жеңеше», «Туған жер», «Алматым» сынды көптеген әсем әндер жазды. Дәнеш Рақышұлына 1976 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, 1986 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағы берілген.
Гүлнәрді Талдықорғандағы №1 мектеп-интернатқа әкесі жетектеп апарып еді. Алғашқы қоңырауды соғып, газет бетіне шығып, қуанышы қойнына сыймаған бүлдіршін жаңалығын әкесіне жеткізуге тырысқаны әлі есінде. Өзі мектепке кеш барды. Өйткені әке-шешесімен концерттік іссапарларда жүргенде бірнеше қыркүйек өтіп кеткен-ді. Анасы биші, әрі конферансье еді. Қызы мектепке барған соң ол жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Сол жылдары әртістер концерттік сапарға 2-3 айлап кететін. Үлкендер жағы Гүлнәрдан: «Үйлерің қайда?» – деп сұраса: «Гостиницада!» – деп жауап қатады екен. Шынында да олардың үйі – қонақүй еді. Артынып-тартынып киім-кешек, ыдыс-аяқтарын алып, ұзақ сапарға аттанатын отбасының өмірі мейманханада өтетін. Филармонияның «Кубань» автокөлігі бұлардың еншісінде. Дүниенің кең кезі. Халықтың көңілі жай, қай үйге бас сұқса да: «Дәнеш келіп қалыпты, мал сойылып, ауылымызда той тойлансын», – деп үлкендер мәз болысып қалатын. Әншіге таласып, қонақ қылып, төріне отырғызуға құмар еді. Сол күндерді ерекше сағынышпен еске алған Гүлнәр Дәнешқызы:
– Жаз шығысымен жазиралы Жаркент өңіріндегі Әдепхан, Базархан Жақыбаев ағалардың қасында жүріп, «Белжайлаудың» тамаша табиғатына малынып, жеріміздің сұлулығына тамсанып, таудан аққан өзеннің зәмзәм суынан дәм татып қайтатынбыз. Мұның да бар жақсылығын әкеміздің жан достары мен туыстарының арқасында көретінбіз. Әрқайсысы бір-бір үй тігіп, сый-құрмет көрсетіп, көкпар тартып, бәйге қуып, той тойлап, демалатынбыз. Жақын достар арасындағы кеңпейілдікке, ағайындылардың сыйластығына тәнті едік. Күнде ет асылады. Ол кезде біз «құрмет» дегенді қайдан білейік: «Еттен әбден жалықтық, неге біреулер манты, біреулер лағман жасамайды?!», – деп кәдімгідей ренжіп, тамақ ішпей қоятынбыз. Сонда әкем: «Әй, қырсықпаңдар, кесірленуге болмайды. Тәуба деңдер, осыған да зар болып қалмаңдар», – деп басын шайқап қойып, – бала ғой, бұлар не біледі, – деп қасындағыларға ақталып жататын. Ұрысып, қатты сөйлемейтін. Бірақ, қабағына қарайтынмын. Неге екенін өзім де білмеймін. Қорқатынмын дейін десем, ешқашан маған айғайлап, зекіп, қатты сөйлеп көрген емес. Жай ғана көзін бір аударып қарағаны жеткілікті болатын. Сөйлемесе де не айтайын деп тұрғанын сезе қоятынмын да үндемей теріс бұрылып кетіп қалатынмын. Кейде еркеліктің салдарынан қырғи қабақ танытып қалсақ, бетімізге қарап тұрып ұрыса алмай мырс етіп күліп жіберетін, – дейді әкенің асыл қасиетін еске алып.
ЖАН ДАУЫСЫ
Сөзі мен әні: Гүлнәр Рақышева
Жетелеп барад сағыныш мені биікке,
Теңедім сені елес боп өткен киікке.
Көмескі көңіл алаңдап артқа қарайды,
Қайтемін сірә, іштегі жатқан күйік пе?!Жан-жағым түнек, көрсоқыр болдым жалғанда,
Жетпеді әке, қолым бір созған арманға.
Өзіңсіз өмір, өшкен бір шамға ұқсайды,
Өзіңсіз әлде адасып тағы қалғам ба?Соққандай дауыл жүрегім тулап барады,
Мен болдым аққу көлдегі жатқан жаралы.
Бір сәтке ғана жадырап келші әкетай,
«Қиналдың неден, жыламағын» деп қарағым.Өзіңді аңсап, әніңді келем іздеумен,
Әуелеп ұшып, құлдырап түсем құз-белден.
Самғайын десем, айырылдым ұшар қанаттан,
Тарылды тыныс, тіршілік сөнді, мұз денем.
Бірде Дәнеш аға бастаған топ Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына концерт қойып барады. Дайындық үстінде сахнада музыканттарға кедергі жасап, ойнап жүрген Гүлнәрді Владимир Горшков деген музыкант ұстап алып:
– Гуля, сен бүгін сахнадан ән сала ғой. Әкеңнің қуанғанын көресің. Ол үшін сыйлық болады, – дейді. Күнде сахнаны көріп, еркін өскен бала тайсалсын ба, «жарайды» дейді. Содан Гүлнәр әбден дайындалып, кешкісін ән айтып шығады. Ол кезде бүлдіршін қыз Алла Пугачева орындайтын «Песня первоклассника», «Вместе весело шагать» деген әндерді жаттап алған еді. Сол күні «Песня первоклассниканы» орындайды. Концерт жүргізуші Төлеш Баисов ән мен әншіні хабарлағанда сахнаның сыртында тұрған әкесінің көзі шарасынан шығып кете жаздайды. «Бағдарламада жоқ нәрсе. Бұларың не?» дегендей Володяға жалт қарайды. Володя болса концерт біткенше Дәнеш аға жаққа бұрылмай қояды. Содан ерке қыз әнін айтып болысымен «қалай болды» дегендей әкесіне жүгіріп барады. Ол қызына: «Керемет қызым, жарайсың», – деп жауап береді. Музыканттарға:
– Бұл не қылғандарың? Маған айтпай неге шығарасыңдар? Мен рұқсат берген жоқпын ғой, – деп басын шайқап ренжігендей кейіп танытады. Бәрінде үн жоқ, бастары салбырап кеткен, бір-біріне жаутаңдап қарап қояды. Содан Володя:
– Жарайды, Дәнеш аға, онда тұрған не бар?! Ән айта берсін. Бүлдіршіннің сахнаға шыққаны көпке қызық қой, – деп ақталып жатты. Сол жолы әншінің перзенті Гүлнәр алғаш рет ән айтып, облыстық газеттерге шығып, біраз жерлерді аралап, есейіп қайтқан еді.
Көзін ашқалы өнерпаздардың ортасында өскен балаға ән айту таңсық емес еді. Ол да солар сияқты ән салып, би билесем деп армандайтын. Бірақ, әкесі Гүлнәрдің өнер жолына түскенін қаламады. «Журналист немесе мұғалім бол!» дейтін. Ол кісі қызын өнерден алшақтатқан сайын: «Киноға түссе, спектакльде бас рөлді сомдаса!» деушілер көбейеді.
– Бұл қыз өнерден білім алған да жоқ қой әлі, – дегеніне де қарамай, – «ештеңе жоқ, оқымаса өзіміз оқытып аламыз», – деген Алмахан Кенжебекова, режиссер, марқұм Бәйтен Омаров, Сағат Жылгелдиевтер талай рет рұқсат сұраған еді. Бірақ әкесі:
– Ешқайда бармайды, актер да болмайды, сахнаға да шықпайды, – деп жібермей қояды. Сахнаға бейім оқушыға ұстаздары да әртүрлі рөлдер ұсынатын. Жасырын жүріп мектепте өтетін концерттерге қатысатын. Бағдарламалардың сценарийін жазып, көріністерде ойнайтын. Ұстаздары барлық олимпиада, мерекелік іс-шара, байқауларға алып кете беретін. Сөйтіп жүріп: «Мектептің әртісі» атанды. Үйде әкесінен жасырып өлең жазатын. Әкесі қайтыс боларының алдында ғана қызының өнерін байқап, бірнеше өлеңін редакцияға өз қолымен апарып тапсырған еді.
«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды». Ақыры Гүлнәр Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы музыка училищесінің ұлт аспаптар бөліміне түсті. Болат Баяшұлы деген домбырашыдан дәріс алып, оқуды тамамдап шықты. Одан соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда атақты күйші, композитор К. Күмісбеков, М. Әубәкіров, Т. Мерғалиев сынды өнер майталмандарының алдында емтихан тапсырып, оқуға қабылданды. Шертпе-күйдің шебері, күйші, композитор Б. Ысқақовтан білім алып жүргенінде әкесі дүниеден озып, жалғыз қалған анасын ойлап, оқуын аяқтамай Талдықорғанға қайтады. Кейіннен Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің музыка факультетін тәмамдайды.
Гүлнәр Дәнешқызы еңбек жолын Талдықорған қаласындағы өзі білім алған №1 мектеп-интернатында музыка пәнінің мұғалімі болудан бастады. Қазіргі таңда бұл мектеп Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернат деп аталады. Сол жылдардан бастап облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның М. Төлебаев атындағы оркестрінде күйші-домбырашы, әрі конферансье қызметтерін атқарып, «Арай» телеарнасында «Саз әлемі» хабарын жүргізді. 2006-шы жылы Панфилов ауданында Дәнеш Рақышұлының 80-жылдық мерейтойы аталып өткенде облыс әкімі Серік Үмбетов Жаркент қаласындағы коммуналдық тұрғын үйден әншінің жарына баспана берді. Гүлнәр Талды ауылындағы Мәдениет үйіне көркемдік жетекші, одан филиал басшысы жұмысына тұрды. 2011-ші жылы Панфилов аудандық Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалып, 2015–2023 жылдар аралығында «Өнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында директорлық қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен аталған мектепке Дәнеш Рақышұлының есімі берілген еді. Гүлнәр ұстаз мектеп ішінен әкесінің кішігірім мұражайын ашты. Одан 90-жылдық мерейтойына арнап, «Өнермен өрілген өмір» атты кітап шығарды.
– Адам баласы өзін-өзі алға сүйремесе, ешкім біреу үшін еңбек етпейді. Біріншіден, көзімді ашқалы ата-анамның қасында жүріп, жақсылық пен жамандықты айыра білуді үйрендім. Тәрбие беріп өсірген әкем мен анамның рухының алдында басымды иіп, алғысымды айтамын. Олардан қалған мол мұра – біздің, яғни, соңынан ерген ұрпақтарының жеп отырған жемісі. Екіншіден, сонау жастық шақтан көпті көріп, бастан өткізген өмірдің соқпақтарынан ащы-тұщыны татып, көрген-түйгенімді саралап, көп білім алдым. Болашаққа да жоспарлап отырған жұмыстар бар. Бірақ, оның барлығын алдын-ала айтудың қажеті шамалы. Өзіме тиесілі біраз жұмыстарды атқардым. «Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деген. Ең бастысы аруақ разы болсын, – деген Гүлнәр ата-ана алдындағы парызы жайлы толғанып, отбасындағы сыйластықты үлгі етті.
– Аз уақыт болса да талай қызықты күндерді әкем мен анаммен бірге өткіздім. Бақытты адаммын. Ұлы адамның қасында жүріп, тәлімді отбасында тәрбие алғаным үшін Аллаға мың тәубе деймін! Әсіресе, анам Рахилям екеуінің махаббаттарына қарап қызығатынмын. Неткен сабырлық, неткен кішіпейілділік десеңізші?! Бір-біріне қатты да сөйлеп көрмепті. Қол ұстасып, шақырған жерге бірге барып, жарасып жүретін. Елдің бәрі қызығатын. Әкем жаймашуақ көрінгенімен мінезді еді. Өмірдің тауқыметін көп тартып, денсаулығы сыр беріп, жүйкесі әбден тозған-ау деп ойлаймын. Ол ашуланғанда анам үндемей құтылатын. Көбі анамды «үндемес келін» деп атайтын. Жымиып қойып отыра беретін. Ал, әкем жұмыстан көңіл-күйі болмай келгенде, қолындағы папкасын үстелдің үстіне лақтыра салып, ары-бері жүреді де, бір кезде көшеге шығып кетеді. 10-15 минуттай көшені айналып келіп, анама:
– Рая, кешірші шаршап тұрмын, көңілім орнында болмай тұрғаны, – деп маңдайынан сүйетін. Үш бөлмелі пәтерімізде кімдер тұрмады екен?! – дейді Гүлнәр ата-анасының кеңдігін мақтан етіп.
Бірнеше жыл бұрын жезтаңдай әншінің де дәм-тұзы таусылды. Өмір заңы. Дәнеш ағаны көпшілік ән өлкесі Жетісудың шұрайлы мекені Мұқырының баурайына жерледі. Күре жолдың бойында өткен-кеткеннің амандығын қадағалап, ақ жол тілеп жатқан аға рухы жыл өткен сайын биіктей береді.
Жетісудың жезтаңдай әншісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі Дәнеш Рақышұлы мен Рахилямдай биші ананың ұрпағы Гүлнәр бақытты жан. Ол әкесі мен анасының атына кір келтірмеді. Әрқашан әке тәрбиесін темірқазық етті. Олардың мұрасын сақтап, атын ардақтады. Бүгінде Дәнегүл, Ақмарал есімді қос қыздың қорғаны. Мақтан тұтар күйеу балалары бар. Немерелері де шеттерінен өнерлі, дарынды. Міне, осының бәрі бақыт пен байлық, қазына емес пе?!
Гүлжан ТҰРСЫН