Дәрілік өсімдіктер адам мен жануарлар ауруының алдын алу және емдеу үшін қолданылады.
«AZIA GOLD» ЖШС 25 жылдан аса уақыт экспортқа шығарылатын дәрілік шөп түрлері мен ауылшаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. Айта кетейік, бұл Жетісу облысы бойынша осындай қызмет түрімен айналысатын жалғыз компания. Кәсіпорын Сарқан ауданында орналасқан. Шамамен 30 жылдық тарихы бар серіктестіктің жұмысы жабайы шөптерді қолмен жинаудан басталған. Олар шикізаттың қолжетімділігі мен табиғи ресурстарды сақтай отырып, біртіндеп дәрілік өсімдік түрлерін өсіруге бел байлады.
– Өсімдік тұқымдары алдымен Ресей мен Еуропадан сатып алынды. Содан кейін оларды акклиматизациялаумен айналыстық. Оң нәтиже көрсетіп, өсімдіктер бейімделді. Тұқым мен көшет алынғаннан кейін егіс алқаптары кеңейтілді. Қазір дәрілік шөптердің егіс алқабы 5 мың гектарды құрайды. Бізде түймедақ, жалбыз, шалфей, валериан, қалақай, лаванда, сондай-ақ долана, қаражидек және таңқурай сияқты дәрілік шөптердің 10-нан аса түрі өсіріледі, – дейді компания жетекшісі Алексей Коржиков.
«AZIA GOLD» ЖШС субсидиялау құралы бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін «Қазақстан Халық Банк» АҚ-ға жүгініп, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде несиеге қол жеткізді, сондай-ақ «Даму» қорының кепілдігі берілді. Бүгінгі таңда аталған компания қарқынды дамып келеді және тұтынушылар мен серіктестерінің сеніміне ие.
Осылайша олар өздері таңдап алған сала бойынша сапалы қызмет көрсетіп, нарықтан өз орындарын тапты. Бүгінде компанияның дәрілік шөптерді өңдеу бойынша өндірістік базасы мен қоймалары, жері және машина-трактор паркі бар.
Айгүл Байжұмақызы
Сарқан ауданы