Таңмен таласып, күн шапағымен егістікке ұмтылған еңбек адамының асы да, ісі де адал. Таңдайымызды қағып, тамсана жейтін көкөністердің дастарқанымызға піскен күйінде келуінде диқандардың қаншама еңбегі мен маңдай тері жатыр десеңізші?! Талай шаңыраққа құт қондырған, дарқан дала төсінен несібесін жинап, ауылшаруашылығының егіншілік саласына саналы ғұмырын арнаған әкеміз Мұхидин Тұрысбековтың ерен еңбегін ерекше атауға болады.
Асқар тау әкеміз 1925 жылы бірлігі мен берекесі жарасқан қарапайым отбасында дүниеге келді. Бала кезінен алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын ол ешқашанда шаршауды білмейтін. Әкеміздің «Болдым, толдым, бәріне қолым жетті» деп шіреніп, аяғының астындағыны көре алмай қалған кезі болған жоқ. Қашанда бойына сіңген қарапайымдылығымен көптің алғысын арқалай білді. Әкеміз жақсылар мен жақындардан жанын аямайтын, обал-сауапты ойлайтын, жан-жағына шуақ шашқан жаны жайсаң жан еді.
Тегінде, текті жігітке өмір жақсы жар сыйлайтын болса керек. Өсетін, өнетін азаматтың бағын байламау, жолын ашу үшін мынау өмірде айы оңынан туған азаматтардың құдай қосқан қосақтары да егіздің сыңарындай сыйлас, үндес болып келеді емес пе?! Сірә, бұл да тегін емес. Әкемізді баптап, сағын сындырмай сақтап, елге еңбек етуіне жағдай жасаған өмірлік жары Күлсімхан анамыздың есімін айтпай кету үлкен қателік болар. Мұндайда текті халқымыз «Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» деп тегін айтпаса керек. Күлсімхан Тұрысбекова анамыздың ешқашанда дауысы қатты шығып, ұрысқанын я болмаса өзге жайлы артық ауыз сөз қылғанын естіген емеспіз. Байсалды, байыпты, жанашыр, дана жан болатын. Әкеміз бен анамыз құрған шаңырақтан береке-бірлік кеткен емес. Мерейлі отбасында екі перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол қос баласынан тараған ұрпақ ел дамуына аз да болса өз үлестерін қосып келеді.
Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде науқандық жұмыстар белең алып жатқан шақта әкеміз өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. 1955 жылы өзінің білімі мен біліктілігінің, тиянақтылығы мен ширақы қимылының, еңбексүйгіштігінің арқасында еңбекші қауымның үздігі болды. Ұйымдастырушылық, жұмыс жүргізу қабілетінің нәтижесінде 1957 жылы Ленин атындағы ұжымшардың Талапты бөлімшесінде қант қызылшасына жауапты звено жетекші болып бекітілді.
Бабын таба білсең Жер-Ана да адамзатқа өз несібесін үйіп-төгіп береді. Жерді жыртып, жеміс егіп, отбасыңды асырау – еңбек, ал сол жердің құнарын зерттеп, қалайда мол өнім алу жолын қарау, жергілікті талдау, көкөністі зиянкестерден қорғау – білім мен біліктілікті, тынымсыз еңбекті, жауапкершілікті, табандылық пен қажырлылықты талап етеді. Міне, осындай ауыр жұмысты шаршамай, талмай істеген әкеміздің еңбек жолы бізге үлгі-өнеге.
Қант қызылшасы ерекше баптауды сүйетін дақыл. Сондықтан да бұл көп еңбектенуді қажет етеді. Ол кезде қазіргідей емес, техника аз, жұмыс тек жұмысшы қолымен ғана бітетін. Қызылшадан мол өнім алу үшін ерте көктемнен бастап қазу жұмысына дейін жаз бойы күтіп-баптап өсірген өнімді ысырапсыз жинап алу үшін звено жетекшісі болған әкеміз бір күн де арқасын кеңге салып демалмайтын. Еңбек адамдарының тілін тауып, қант қызылшасы өсіп шыққаннан оны сирету, арамшөптен тазарту, суару, минералды тыңайтқыштарды мезгілімен беру, егістікті күтіп-баптау әкеміздің ең басты міндеті болды. Еңбекті ұйымдастырып механизаторлармен, сушылармен, қызылшашылармен әңгімелесіп, тіл табысып, жерді баптап, өсімдік күтімін жақсартуға ынталандырып отырды. Осындай еңбектің нәтижесінде Ленин орденін иеленген әкеміз жетекшілік ететін звено ұжымы 1973 жылы 300 гектардың әр гектарынан 540 центнерден өнім жинады. Нәтижесінде Ленин ордені және Октябрь революциясы ордендерінің иегері Мұхидин Тұрысбеков атындағы жүлде белгіленді.
Озат тәжірибесімен Алматы студиясына барып, мыңдаған көрерменге өзінің білімі мен тәжірибесін бөлісіп, газет-журналдарға сұхбат беріп, үлкен жиналыстарда биік мінберлерден сөйлеп, жастарды адал еңбек етуге шақырды. Еңбегімен елге танылған азамат жайлы газетке былай деп естелік те жазылған: «Айналаның бәрі қарақошқылданып жапырақ жайған тап-таза 40 гектар қызылша алқабына қызыға көз тастаған Дінмұхамед Қонаев бригадир Қайыржан Бейісбеков пен звено жетекшісі Мұхидин Тұрысбековпен сұхбаттаса түсті. Содан соң тебірене сөйлеп: «Тамаша жер екен. Табиғаты таңғаларлық арқырап ағып жатқан өзендерің анау, айнала тау. Бұдан артық табиғаттың қандай әсемдігі болмақ?!», – деп разы көңілмен аттанды. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың Талаптыға келуі ауылдықтар үшін үлкен мәртебе болды. Үлкен кісінің келуі бекер емес қой. Басшылық келеді деп естігеннен қатты дайындық жүрді. Облыс, аудан басшылары екі ақшаңқан қазақ үй тіккізді. Бұл ауыл халқын еңбекке дұрыс ұйымдастыра білген бригадир Қайыржан Бейісбеков пен звено жетекшісі М. Тұрысбековтің тынбай еткен еңбектерінің нәтижесі еді».
Әр еңбектің, қызметтің өз өтеуі болады. Еліме пайдам тисін, білім мен ғылым ізденген жасқа жарық жол сілтеп тұрсын деген мақсатта жасалған құнды дүниелері мен өзге де еңбектері атқарған қызметінің арқасында түрлі марапатқа ие болып, елдің алғысын алды. Әкеміздің мерейін үстем еткен марапаттары кейінгі жастарды жігерлендіруі тиіс. Сонау 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, 1970 жылы «В. И. Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалі, 1970, 1971, 1976 жылдары үш мәрте КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалі, 1973 және 1977 жылдары екі мәрте КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі, 1972 жылы Ленин ордені, 1975 жылы кезектен тыс «Жигули» машинасы сыйға берілсе, 1976 жылы «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды. «Қазақ ССР-інің Құрмет Кітабына» есімі мен еңбегі алтын әріппен жазылды. 2024 жылы Қазақстанның Алтын кітабына есімі мен еңбегі жазылып жарыққа шықты.
Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана қайраткер. Әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» деген қанатты қағидасы әкемізге арналып айтылғандай. Жарық дүниенің жылуы жүзін шарпыған әрбір пенде өмірде бір мамандықты игеріп, сол салада еңбек сіңіріп, еліне пайдасын тигізуді мұрат етеді. Сол бағытта білім алып, шыңдалып, біліктілігін арттырып, бойындағы қабілетін қайрап, ұштап, жетістікке жетуге талпынады. Сол кезде ғана еңбек туы желбірейді. Әкеміз саналы ғұмырын егін шаруашылығына арнап, экономиканың жетекші күші саналған ауылшаруашылығы саласын дамытуға өзіндік зор үлесін қоса білген.
Әкеміз тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. Амал қанша?! Бірақ асқар тау салған сара жолмен бүгінде балалары, немере-шөберелері жүріп келеді. Әке жолы – ұрпаққа салынған дара жол.
Тұрысбековтар отбасы
Талдықорған қаласы