Бұрындары Білім күнін айрықша атаушы едік. «Алғашқы қоңырау» дейтінбіз. Неге алғашқы? Өйткені осы күні сәбиліктің ең бір тәтті шағынан өткен, оң-солын парықтай бастаған бүлдіршін дер мектепке талпынып, алғаш рет күміс қоңырау үнін естиді. Алтын ұя мектеп табалдырығын аттайды. Осылайша оқушылық кезеңнің қаз-қаз қадамын жасап, әріп танымақ. Осынау тәтті кезең бәрінің де басынан өткен шығар?! Ал биыл Жетісу облысы бойынша 13 мыңға жуық бүлдіршін сол күміс қоңыраудың сыңғырын алғаш рет еститін болады.
Білім күні қарсаңында Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінен бір топ тілші киелі Көксу ауданына шықтық. Мақсатымыз – өңірдегі Қаратал ауылында жа ңадан салынған мектептің жай-күйімен танысып, арнайы сыныптарды аралап, ондағы әр дүниеге көзайым болу.
Аудан орталығының солтүстік-батыс беткейінде ор наласқан (ауданнан 3 шақырым) Қаратал ауылында бой көтерген 120 орынды мектеп бірден көз тартады. «Сәні мен салтанаты жарасқан» деген тіркеске сай салынған мектеп тің іші де, арнайы сыныптар да көңілге қуаныш сыйлайды. Жалпы құны 1,7 миллиард теңгеге салынған мектептің 25 орынды шағын орталығы бар. Спорт, акт залынан бө лек мультимедиялық кабинет, ұлдарға арналған кешенді металл және ағаш өңдеу шеберханасы, қыздарға арналған матаны өңдеу бөлмесі, көгалды стадион, 1 жеделсаты бар. Жалпы алғанда заманауи үлгіде бой көтерген бұл мектепте 107 оқушы білім алатын болады.
Шағын орталығы бар Қаратал орта мектебінің құры лыс жұмысы 100 пайыз біткен. Жаңа оқу жылынан бастап ел игілігіне берілмек. Мұнда 22 мұғалім ұстаздық етеді деп күтілуде.
– «Бала елдің келешегі» деп үнемі айтылатын сөздің парқын терең сезінемін. Рас, менің бұл мектепке 4 балам барады. Қуаныштымын. Үлкен ұлым аудан орталығына қатынап оқитын. Енді өз ауылымыздан білім алмақ. Оған қоса, кіші балам шағын орталыққа барады. Мектеп заман талабына сай салынды. Бізге бұдан үлкен қуаныш жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Әйгерім Түсіпбекова.
Ал 3 немересі жаңа мектептен білім алатынына риза екенін жеткізген Сайра Тоқтабаеваның 180 отбасыдан тұратын қараталдықтарға үлкен қуаныш сыйлаған облыс, аудан басшылығына айтар алғысы шексіз.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлі метінше, Жетісу облысы құрылғалы бері 3810 орынды 12 мектеп пайдалануға бе ріліп, 116 мектеп жаңартылған. Оған қоса 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл ретте биыл 2100 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Биыл іске қосылатын 4 мектептің қата рында Ақсу ауданы, Көшкентал ауылында 75 балаға арналған шағын орталығы бар 180 орынды жаңа мектеп салынып жатыр. Қаратал ауылындағы жаңа мектептің жағ дайымен танысқаннан кейін көш-көлікті Көшкентал ауылына бұрдық.
Аталған мектептің директоры Ержан Әділхановтың айтуынша, бұған дейін Көшкентал мектебі 1970 жылдары салынған бейімделген ғимаратта отырған дықтан тиісті стандарттарға сәйкес емес еді. Осыған байланысты жаңадан ғимарат салу туралы шешім қабылданып, өткен жылы сәуір айынан мектептің құрылысы басталған болатын. 1200-дей тұрғыны бар ауылдың оқушылары мен ата-аналары жаңа мектепті асыға күтуде.
– Енді жаңа ғимаратта балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады. Мұнда жаңа модификация дағы пән кабинеттері, заманауи оқу кабинеттері, шеберхана, оқу залы бар кітапхана, спорт зал, 40 орынды асхана, 124 орынды мәжіліс залы сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа мектеп іске қосылғанда мек теп жанындағы шағын орталығымызға тағы 25 баланы қабылдаймыз, сөйтіп тәрбиеленушілер саны 60-тан асады деп межеленіп отыр. Осылайша бұл заманауи мектепте білім сапасын арттыруға қажетті барлық жағдайлар қарастырылады, – дейді Е. Әділханов.
Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Айдын Алтаевтың айтуынша, бүгінгі күні нысандағы құрылыс жұмысы ның 65%-ы атқарылған. Құрылыс алаңына 75 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмыл дырылған. Мектепті іске қосу биылғы желтоқсан айына жоспарланған.
Айта кетерлігі, Көшкентал мектебінде 181 оқушы, 38 мұғалім бар.
Еске салсақ, Жетісу облысы құрыл ғаннан бері 116 мектеп 7,6 млрд. теңгеге жаңғыртылып, мектептердің пән каби неттері, жиһаздар, асхана мен кітапхана қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған турникет орнатылса, бейнебақылау камераларымен білім ошақтары 100 пайыз жарақтанған.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ