Сонымен арғы жағы АҚШ-тан, одан Мәскеуден келген тілшілерге республикалық ақпарат құралдарының өкілдері қосылып, Сарыөзекке жеттік. «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің тілшілерін алып жүру Кербұлақ аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нығмет Сәдуақасқызына тапсырылыпты. «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын» деген қарапайым қара өлеңнің кейіпкеріндей болған ер мінезді аяулы жанмен осылай танысқан едік.
Өзі 10 жылдық мектепті бітіріп, бір жыл еңбек еткен соң есінен кетпес жақсылық көрген. Ауырып, операцияға түсіп, бірден жоғары оқу орнына аттана алмаған. Келесі жылы ауылға профессор Мұхтар Арынов аға келіпті. Ол мектеп бітіріп, еңбекке араласқан жастарды Алматыдағы шет тілдер институтына шақыру мақсатымен туған жеріне ат басын тіреген. Мектепті бір жыл бұрын бітірген Нығметті және Құсайынды, Күләшті және басқа ауылдың жұмыс істеп жүрген 12 қыз-жігітін жинап, төрт ай даярлайтын курсқа алып кетеді. Келер жылы оқуға түскен Нығмет осы институттан неміс тілінің маманы болып шықты.
Содан ұстаздық және қайраткерлік еңбек жолы басталды. Мектепте 1962-1967 жылдары мұғалім болғанда, бұл кісі оқытқан неміс тілін ұмытпағандар көп. ХХІ ғасырда бір зіңгіттей азамат «тәте, сонда Сізге мына немісше сөйлемді жаңылмай айтып, «бес» алғанмын» деп сол сөйлемді қайталап берген. Ал 1999 жылы Талдықорғанда той үстінде бір келіншек амандасады. Содан кейін жиналған жұрт алдында немісше «Eins, zwei, drei» деп басталатын өлеңге билеп жүріп, айнала отырғандарға «бізге Ниха апай немісше сөйлеуді былай үйреткен» деп қалжыңдап, бірер ауыз немісше сөйледі. Шәкірттері тапсырманы жарты ғасыр бойы ұмытпай естерінде сақтап жүрсе, оларды мұғалім Нығмет жақсылап оқытқан ғой деп ой түюге болады.
Бес жылдан соң оған Гвардия ауданында идеологиямен айналысу жайында ұсыныс айтылды. Тура, өткір сөздері, ашық мінезі, халықтың қызу ортасында жүретін көпшілдігі аудан басшыларына мәлім екен. Ұсынысқа еш жүрексінбей бірден келіседі. Осылайша Нығмет Сәдуақасқызы Гвардия аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Содан бастап осы сала бойынша қызметі өсе берді.
Оның келуімен ауданның мәдениет саласына зор серпін келді. Ауылдар арасында халық өнерпаздарының, спортшылардың жарыстары қолға алынды. Түрлі сала бойынша үздіктер анықталатын конкурстар өтіп, жеңімпаздар лайықты құрметтеліп жатты. Ауылшаруашылығымен шұғылданатын ауданның жетістіктері облыстық және республикалық газеттерде жиі жазылды.
Сол уақытта КСРО Халық әртісі Роза Бағланова (кейін Қазақстанның Халық қаһарманы атағын да алды) бастаған өнер адамдары, ансамбльдер, театр ұжымдары ауданға келіп, концерт бере бастады. Бәрі Нығмет апаның есінде. Әсіресе, Роза Тәжібайқызын қарсы алғанын ұмытар емес.
– Өзімнің бар ықыласыммен мұндай атақты апамызға қызмет көрсетуді мәртебе санадым, – деп сол дүбірлі күндерді ойға түсірген Нығмет Сәдуақасқызы. – Содан болар апамыз мені сіңлісіндей көрді. Тіпті, сіңлісінен артық бағаласа керек, кетерінде маған «Азамат» деген ат берді.
Нығмет идеология хатшысы болып қызмет атқарған жылдары тоғыз шаруашылығы бар Гвардия ауданының бесеуінде жаңа мектеп салынды. Бес кеңшар мен ұжымшар орталығында жаңа аурухана бой көтерді. Көптеген шаруашылық орталығында балалар бақшасының құрылысы аяқталды. Осының бәрі жаңа жоба бойынша салынған. Мәдениет үйі, кітапхана дегендерге ұдайы көңіл бөлінді. Жоғы салынды, бары жөнделді. Ауылдардағы тұрғын үй құрылысы қызу жүрді. Нығметтің өзі алдыңғы толқын апалардан көп үлгі алды. «Еңбекші» шаруашылығына қырық жылға жуық басшысы болып, республика тұрмақ, Одаққа танылған Зылиха Тамшыбаеваның ақылын тыңдап жүрді. Республика басшылары Дінмұхамед Қонаев пен Бәйкен Әшімов қатты құрметтейтін Бәтима Сақауова апасының тапсырмаларын орындап, ұдайы қадағалауында болды. Күмісжан Өмірбаеваны кеңседен емес, адамдар жұмыс істейтін жерден кездестіретін. Қайраткер әйелден осы тәсілді үйренді. Мал фермалары мен қызылша алқабына, егін басына барғанда қасында жүрді.
1982 жылы малының өрісі, халқының тамыры ортақ, жері бір-біріне қабысып жатқан Гвардия ауданы мен Сарыөзек ауданын қайта қосты. Ауданды Кербұлақ деп атап, орталығын Сарыөзек кенті деп белгіледі. Аудандар қосылғанда Нығмет Сәдуақасқызын атқарып жүрген идеологиялық хатшы қызметінде қалдырды. Енді жауапкершілік екі есе ауырлады. Нығмет Сәдуақасқызының хатшы қызметіндегі үлкен жетістігінің бірі – 1989 жылы Сарыөзекте ұйымдастырған «Наурыз» тойы. Ол мереке облыс бойынша ең көрнектісі, әрі мәндісі деп табылды. Бұл тойға облыстағы барлық ауданның басшылары шақырылып, бәрін өз көзімен көрді. Ұлттық мерекені қалай ұйымдастыру керек дегенде, өздеріне жақсы сабақ алды.
Келер жылы айрықша тапсырма түсті. Кеңес Одағына даниялық әйелдер делегациясы келеді екен. Мәскеу оны Қазақстанға жіберуге ұйғарыпты. Қазақстан басшылары оны Кербұлақ ауданы қарсы алсын деп шешіпті. Шамасы, ауданда мықты хатшы әйел бар деп сенсе керек. Осылай Скандинав түбегінен келген әйелдерге қазақтың нағыз қонақжайлығы көрсетілді. Қонақтар жергілікті әдет-ғұрыппен жақсылап танысты. Нығмет оларға қай дәстүрдің қай уақытта жасалатынын айтып, кейбірін көрініс ретінде көрсетті. Киіз үй, ондағы шымши, басқұр, адалбақан, текемет, құрақ көрпе, тағы басқасы тұрмыстық бұйымдар болғанмен, өнер туындысы іспетті екенін айтты. Соның бәрін Даниядан келген әйелдер өте қызығушылықпен тамашалады. Қонақтардың Қазақстандағы әйелдердің тұрмысына қатысты сұрақтарына жауап берді. Қазақ әйелдері ежелден еркектен кем саналмайды. Бетін тұмшаламайды, тамақты оңаша отырып ішпейді. Бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілікті атқарады. Бір кезде батыр қыздардың найза ұстап жауға қарсы шыққанын, кешегі екінші дүниежүзілік соғыста мылтық пен пулемет ұстап жаумен атысқанын айтты. Оған мейман әйелдер дән риза болды. Шоқан Уәлиханов музейімен таныстырды. Музейдің Құрметті қонақтар кітабына пікір жазып, қолтаңбаларын қалдырды. Міне, сондай ыстық кездесулерде болған қонақтар Нығмет Сәдуақасқызын өз еліне шақырды.
Жауап сапар 1991 жылғы 29 мамыр мен 7 маусым аралығында өтті. Өте үлкен делегацияға мүше болып, Даниядан бір-ақ шықты. Ол елдің Ұлттық әйелдер кеңесінің құрметті қонағы болды. Басты қаласы Копенгаген бір көргенде-ақ тазалығымен, экологияны бұзбай сақтауымен өзіне баурады. Ежелдің ерте күнінде салынған парламент ғимаратында ресми мерекеде отырды. Мұнда Дания Конституциясы күнін атап өтті. Сол мерекеде Кеңес Одағынан барған делегация ішінен Нығмет Сәдуақасоваға сөз берді. Мінберде қазақстандықтар атынан жергілікті халықты шын жүректен құттықтады. Осы сөзі ертесі күні дат тілінде газетте жариялаған.
Өмірінің тағы бір өрнекті тұсы – 1991 жылы Қызылорда облысына ресми сапармен барғаны. Онда атақты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 100 жылдық тойында Талдықорған облысының делегациясының құрамында құрметті қонақ ретінде жүрді. Әрі қарай Дүниежүзі қазақтарының Алматыда өткен бірінші құрылтайына келген шет елдердегі қазақтар делегациясын Кербұлақ ауданына жіберіпті. Соны қонақжай қабақпен әрі әдеппен күтті. Оның ішінде жеті мемлекеттен қандастар бар екен. Халифа Алтай ақсақалдың өзі аудан халқына риза болды. Дастарқан соңында берген батасы сондай шұрайлы, мағыналы еді. Кербұлақ ауданын әрі Нығмет Сәдуақасқызын абыройлы етуге сол кісінің батасы да оңды ықпал етті деп ойлауға болар. Одан кейін Кербұлақ өңіріне бар жолдасын ертіп Мұстафа Өзтүрік келді.
Осындай оқиғаларға толы жылдармен тарих бетінде қалып, тәуелсіздіктің де арайлы таңы атты. Осы күнге дейінгі қызмет баспалдағының қызу ортасында жүрген қазақтың қайраткер қызы Нығмет экономикалық реформалар басталған уақытта Талдықорғандағы қалалық зейнетақы қорын басқарды. Кейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына кадр бөлімінің бастығы қызметіне орналасты. Мұнда тәлім-тәрбие ісіне көңіл бөлетін маман зәру екен. Мамандармен, жастармен нәтижелі жұмыс істейтін қабілетін бірден танытты. Одан соң академияның іс басқарушы деген маңызды қызметке тағайындады. Кадр бөлімі де қарамағында қала берді.
Жоғары оқу орнының бүкіл шаруашылығы Нығмет Сәдуақасқызының қолына тапсырылып, ректор мен проректорлар оқыту, жаңа методика, спорттық және туристік шаралар, шет ел жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық дегендей істермен айналысты. Оқу ғимараттары, студенттер жатақханалары, кітапхана, асхана, кадр, мамандардың жүріс-тұрысы бәріне жауапты болды. Бұл істен ешкім ешқандай кінәрат таппайтын деңгейге көтеруге тырысты. Әрине ректоры қолдады, айналадағылар көмектесті.
Осы тұста іс басқарушысына бұрын болмаған тың идея келді. Осы қаншама чемпиондары бар, спорт қайраткерлері бар академияның неге Спорт даңқы музейі жоқ деп ойлады. Ректорға айтып еді, Қайрат Зәкірияұлына идея өте ұнады.
Нығмет апа Спорт даңқы музейін ұйымдастыру барысында 600-ден астам экспонат жинады. Оның ішінде түрлі медаль мен кубоктарды, дипломдар мен куәліктерді айтпағанда, Серік Қонақбаевтың, Виктор Демьяненконың Олимпиадада бокстасқан қолғаптары, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ақтық жарыста киген күрес киімі және басқасы бар. Үш залды жабдықтады. Алғаш рет осы музейде ұлттық спорттың жәдігерлеріне назар аударылып, көңіл бөлінді. Бұл енді апамыздың сүйікті тақырыбы емес пе! Кербұлақ ауданында тұңғыш Наурыз өткізгенде түрлі ұлттық спорт ойындарын көрсеткен. Сол кезден бастап ұлттық спорт түрлерінің тарихы мен дамуын жақсы біліп алған.
Мазасыз да нәтижелі өмір жолы мұнымен толас таппады. Ұлы Ержан Бабақұмаров Президент Әкімшілігінде өте жауапты қызметке тағайындалған соң оны қолдап Астанаға көшті. Арқа төсіндегі қалада қарап жүрмей Нығмет Сәдуақасқызы Мемлекеттік басқару академиясының ректорына кіреді. Өзін таныстырады. Академия ректоры Аманқұл Серікбаевтың күтіп отырғаны осындай іскер де білікті адам болса керек. Қызметке алып әлі құрылмаған баспахананы басқаруды тапсырды. Дереу жаңа жабдықтар іздеді, баспахана ісін білетін мамандардан ұжым жинады. Өзі алпыс жасында компьютерлік графика деп аталатын саланың ұңғыл-шұңғылына үңілді.
Алматыдағы музейді ашқанда көптеген жазулар, парақшалар, стендтер қалай көркемделуі керек, соны ұзақ талдаған. Сол тәжірибесі кәдеге асты. Не керек, Мемлекеттік қызмет академиясының типографиясын іске қосты. Енді түрлі құттықтаулар мен семинар, жиналыстарға шақырулардан бастап кітапша, ғылыми еңбектерге дейін өздерінде басылатын болды. Баспа өнімдерін шығаратын бөлім академияның жұмысын оңайлатты. Оның базасына бір берік кірпіш болып қосылды.
Ректор, академияның ұстаздар қауымы, тіпті шетелдік әріптестер баспахана өнімдерінің сапалы екеніне лайықты баға берді. Осылайша, Нықмет Сәдуақасқызы Астана қаласының дамуына, мемлекеттік қызметкерлердің жақсы даярлануына өз үлесін қосты.
Бұл кісінің мерейтойларын Жетісу облысының, Кербұлақ ауданының басшыларымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясы құттықтап жатса, оның сыры апамыздың осындай іскерлік, батылдық және жанашырлық қасиеттерінде жатыр.
Қайнар ОЛЖАЙ