Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихын ауылымның жазып кеттім, білсін деп саналы ұрпақ баласына» атты өмірі үлкен-кішіге үлгі болған, тілге ұста, сөзге шешен, шежіреші Балтабай Ғалиевтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қараша Қараманның «Шежіреші Балтабай» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кеш шымылдығын Қаратал ауданының Құрметті азаматы Рахымғали Өтегенов ақыл-ойға, парасат-пайымға толы ақ батамен ашты.
Осыдан кейін сөз алған қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев:
– Қазақы тәрбиенің мәйегі саналатын шежіре тек адам есімдерін тізіп қана қоймай, жер-су тарихын, ұлтымыздың салт-дәстүрін, жалпы құндылықтарын жинақтайтын рухани ұғым екеніне баса назар аударды. Елді мекендерімізде болған маңызды оқиғалар, жаумен арадағы қақтығыстар, өмір сүрген би-батырлар шежіреде тайға таңба басқандай көрсетіледі. Ол тарих сырын ашуға қажетті мағлұмат беретін қазына, – деп Балтекеңнің үнемі ізденіс үстінде болғанын, ал оның жазбалары сан дәптерді құрағанын мақтанышпен атап өтті.
Қараша Қараманның «Шежіреші Балтабай» кітабының тұсауын Наурыз ағамыз бастаған қалың топ, соның ішінде кеш қаһарманы Балтекеңнің ұлы Әбдіқалық, келіні Күләш, қызы Қарлығаш кесті. Артынша кітап авторы Қараша Қонысұлы сөз алып, кітаптың шығу тарихына тоқталды. Балтакеңмен аға-інідей дәмдес, сыйлас, сырлас болғанын, онымен сан түрлі тақырыпқа сұхбат өрбіткенін әңгімелеп берді. Кеш соңында тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Рысбек Балтабайұлы әке өмірінен сыр шертіп, онымен өткен күндерін сағынышпен еске алды.
Ұрпағына саялы бәйтерек болған, кісілігі мен адамгершілігі мол әкенің қамқорлығымен қатар шаңырақтың шырағын сөндірмей, отын жағып, бала-шағасының береке-бірлігін келтіріп отырған аналары Шакизаның арқасында өсіп-өнгендерін, бүгінде бауырлары мен әпке-қарындастарының әр салада жемісті еңбек етіп жатқанын айта келе, кітап авторына алғыс білдіріп, үстіне оқалы шапан жауып, ат мінгізді.
Жексенбек СҰЛТАНБЕКОВ
Қаратал ауданы





