Тауарихтың мың жылдық қатпарындағы тұлғалардың өмірі мен ерлігін жырмен қашап, әлем әдебиеті мен мәдениетінің мәуелі тұстарын өлеңімен өрнектеген шайырдың шұғылалы ғұмыры басталды. 80 жылдық мерейтойының қарсаңында іркесі мен тіркесін, теңеуін айшықтап, жырындағы жасампаз жолдардың мәнін ашып, мазмұнын түсіндірер әдеби лекция өтті. Қара өлеңнің қағанатын құрған Жұматай Жақыпбаевтың жыр әлеміне арналған рухани шарада рух жаңғырды, көңіл тебіренді, жан сергіді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, аудармашы Ержан Алаштуған кейіпкер болған әдеби дәрісте Жұмағұл-Шора әлеміне әдеби шолу жасалды.
Тарау-тарау тарихтың ақтаңдақ бетіндегі ардақтылардың ерлігі мен өрлігін жырға қашап, бірде «Дахлияның суы ащы, шұбаты балдай, жорыққа шықса жалтарғыш құр аты қандай» деп жырлап сонау Маңғыстау түбегіндегі маңғаз ұлысты суреттесе, бірде «Ақшалы байды жеңе алмай, патшалы ханды, батырлар өтті, бар мүлкін жат шауып алды» деп сұрқай заманның келер бағдарын да айқындайтын Жұматай поэзиясы – құдыреттің өзі еді. Ақшалы бай мен патшалы ханды жеңе алмай, ел үшін ерлік көрсеткісі келген бүгінгінің батырлары да қорғасын оққа кеуде тосқанын заңғар Заманбектердің, айбарлы Алтынбектердің тағдырынан көруге болатындай. Әулиелікпен сөз бастап, кемеңгерлікпен кестелі өлең жазған Жұматайдың өлмес мұрасының әр тармағы тәпсірлеуге тұратын кенен дүние.
– Тарихты жазған ақын-жазушылар жеткілікті. Есенберлин, Әлімжанов, кеше өмірден өткен Мағауин секілді көптеген жазушы мен дастан, поэма жазған ақындар жеткілікті. Алайда, шығармашылығының тұтас бір бөлігін тарихи бағытқа негіздеген Жұматай ғана. Өзінің әр шығармасының ішіне көркемдік құрал, әдеби әдіс-тәсіл ретінде тарихты кірістіріп отыруды Жұматайдың деңгейінде алып жүрген ақын қазақта жоқ деп ашық айта аламыз. Шайырдың тағы бір ерекшелігі – белгілі бір тарихи оқиғаны, кейіпкерді ғана емес, әрбір жолды мың жылдық шежіремен ұштастырып өрнектей алатындығында. Екінші қыры – көбіне-көп Жұматай жырында кейіпкердің атын атамайды. Бірақ сіз кейіпкерді танып отырасыз.
«Қалай деп ағам қарадым аспанға
кілең,
Бағасын жұлдыз көрсетті
басбармағымен.
Қасоққа әкеп береді балық пен суын,
Іле өзені Қытайдан басталғанымен», – деген жырында аты аталмағанымен мұның Олжас Сүлейменовке арналғанын біліп отырасыз. Сол секілді: «Вокзалға қара бұл елді кім бөріктірді, мәулімбас шыңдардың құшағын гүл көміп тұрды» деп келетін «Ғұндардың жүрегі» жырының Жамбыл Жабаевқа арналғанын ғасыр жасаған ақынның аты аталмаса да танып, біліп тұрасыз, – деп ой толғап, ақын поэзиясының құдыреті мен ерекшелігі туралы екі сағатқа жуық уақыт дәріс оқыған Ержан Алаштуған рух көкжиегіне күндей көтерілген Жұматайдың шұғылалы шығармашылығы туралы терең талдау жасады.
Әлем әдебиетінің ірі тұлғалары туралы тебіренісі мен сан ғасырлық тарихтағы бірегей болмыстарды жырына арқау еткен, ұлан-ғайыр атыраптағы асыл нәсіл – Алаш жұртының сөз өнерін биікке көтерген Жұматай Жақыпбаев шын мәнінде «Жыр қағаны» еді. Оның кемел шығармашылығынан кертіп алып, талдап берер дүние жеткілікті. Дәріс барысында соның негізгілеріне тоқталған Е. Алаштуған:
– Мақпал дала, манат жердің қойнында өскен, Жоңғар Алатауын өзінің асқақ тұлғасындай көріп, табиғаттан нәр алған шайырдың тәлімгері – туған жері. Ол Жоңғарға қарап бой түзеді, Сарноқай деп сыр шертті. Сондықтан Абайдың тәлімгері Зере әжесі болса, сол секілді талай тұлғаның тұлғалық болмысында ата мен әже өнегесінің әсері тисе, жыр қағаны Жетісудың табиғатымен тұтасып тұлғаланды, – деп тебіренді. Осылайша рухтың білтесі жағылған дәрісте І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгерлері тарапынан қойылған сан сауалға да салмақты жауап ұсынылды.
Иә, дарқан дала мен дүрия жамылған дарияның, табиғат пен текті қазақтың сан қасиетін саф жырға арқау еткен Жұматай әлемінен тың дүниелер айтылды. «Құрмет» орденінің иегері Жұматай Оспанұлы жүргізген, көрнекті ақын Ержан Алаштуған дәріс оқыған «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» атты әдеби лекциясы «Janr» әдеби бірлестігі мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бірлескен жобасы аясында өрнек тапты. Рухани шара барысында кеш кейіпкері жыр жинағын университет кітапханасына табыс етіп, биыл Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдығына орай іске асар рухани шараларды да атап өтті.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ