Кәсіби қарым-қатынаста мемлекеттік тілде сауатты сөйлей білу – әрбір маманның алдына қойылар басты талап болуы шарт. Қазіргі таңда елімізде халықпен тығыз қарым-қатынас кезінде еркін сөйлей білетін маман иелеріне сұраныс артқан. Сондықтан да қазақ тілінде дұрыс сөйлей білумен қатар іс-қағаздарын сапалы толтыра білетін мамандарды даярлау, олардың сөздік қорларын дамыту, толықтыру бүгінгі күннің ең басты мәселесінің бірі.
Тіл саясаты – құқықтық негізін жасау, қоғамда кеңінен насихаттау, Үкімет тарапынан қаржылық қолдау сынды үш негізге сүйенеді. Еліміздің тіл саясатында осы үшеуі де ескерілген. Мемлекеттік тілді табыс- ты қолдану мен дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Себебі, мемлекеттік тіл мәселелері еліміздің қауіпсіздігіне, ұлттық нығаюына тікелей қатысты. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметін кеңейтіп, оның маңызын, қажеттілігін табиғи түрде арттыру, жан-жақты дамытудың бірден-бір жолы – тілді меңгеруді тиімді жүзеге асыру, оқыту сапасына қатаң талап қою, тіл қолданушының өздігінен білім алуын ұйымдастыру, оның нәтижелеріне тұрақты бақылау жасау. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында тіл саясатын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар дәстүрлі түрде жүргізіліп, нәтижелеріне тұрақты бақылау жасалады.
Мемлекеттік тіл саясатын басшылыққа ала отырып облысымызда тілді меңгеру, деңгейлеп оқыту негізінде жұмыс тұрақты атқарылуда. Әр деңгей түпкі мақсатына қарай тіл қолданушының коммуникативтік құзыреттілік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Ал, коммуникативтік құзыреттілік дегеніміз тілдік тұлғаның қалыптасу, даму деңгейін анықтау. Қазақ тілін коммуникативтік деңгейде білу құзыреттілігі – тілдік тұлға моделін құрайтын негізгі фактор. Түсінікті болу үшін «коммуникативтік құзыреттілік» терминіне тоқталып өтейін.
Коммуникативтік құзыреттілік (латынның «соmpetere» – «қол жеткізу», «сәйкес келу» сөзінен шыққан) – қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әртүрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Коммуникативтік құзыреттілік адамдардың өз ана тілімен қатар өзге тілді де меңгеруін қарастырады. Коммуникативтік құзыреттілік құзыреттілік амалына негізделеді. Құзыреттілік амалы – білім беру нәтижесіне ден қоятын амал, бұл жерде нәтиже ретінде ақпарат көлемін игеруді емес, адамның алған білімін қолдана, жаңа білім тудыра отырып, түрлі проблемалық жағдайларда өз бетімен әрекет етуін қарастырады.
Осыған орай, облыста тіл саясаты негізінде қазақ тілін меңгеру еуропалық стандартқа сәйкес 6 деңгей бойынша жүзеге асады.
Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының негізгі мақсаты – әр тыңдаушыны, мемлекеттік тілді меңгеруге құлықты әр маманды қарапайым деңгейден бастап, мотивациялық-прагматикалық деңгейге жеткізіп, өзіндік күрделі де қайшылықты ішкі әлемі бар, дүниедегі құбылыстарға өзіндік көзқарасы, қарым-қатынас межесі қалыптасқан, өздігінен және барлық ортада ерекше диалог орната білетін үлкен сана мен тіл иесін, шын мәніндегі адамды, оның тілі арқылы танылатын бейнесі бар тілдік тұлғаны қалыптастыру.
Әйгерім МОЛДАБАЕВА,
облыстық «Тіл»
оқу-әдістемелік орталығының Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі