Еліміздегі жастардың мемлекеттік тілді бұрмалап сөйлеуі, жетік білмеуі қазақ тілін оқытатын мұғалімдерге тікелей байланысты. Орта мектепте сапалы білім алмаған студент айтар ойын толық жеткізіп, пікірін қағазға қатесіз түсіру үшін қиналады. Бұған Алматыдағы жоғары оқу орындарының білімгерлеріне жүргізілген сауалнама дәлел.
Мұндай пікірді Талдықорғанда өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумында білікті тіл мамандары ортаға салды. Б. Римова атындағы облыстық театрда ашылған форумда Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице- президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, А. Байтұрсын- ұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі теориясы және әдістеме кафедрасының меңгерушісі Нағима Ілиясова, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов сөз сөйлеп, қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.
Мысалы, Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілінің ғылыми тұрғыда дамуына ең алдымен мектеп оқулықтарының сапалы жазылуы ықпал ететінін әңгімелесе, Анар Фазылжанова 500-ден астам студент жазған диктанттың нәтижесі дұрыс жазу мәдениетінің ақсап тұрғанын түсіндірді. Оның айтуынша, арнайы сынақ көп нәрсенің бетін ашқан.
– Диктант нәтижелеріне қарап отырып, балалардың оқу сауаттылығы төмендеген екен деп ойладық. Себебі, кітап оқитын бала тыныс белгілерінің қай жерде тұратынын визуальды сана арқылы біледі. Күнделікті тыныс белгісін көріп жүрген бала үтірді, тырнақшаны қай жерге қою керектігіне жетік болады. Сондықтан қазіргі балалар кітап оқымайтын болды. Оқу үдерісі қазақ тілі пәнінде басты назарға алынбайтын болған. Коммуникативтік шарттардың қатарына жататын жазылым, айтылым, оқылым, тыңдалым, тілдесім үдерістерін сабақта теңдей алып жүру керек. Тілдің ауызша және жазбаша деген екі-ақ формасы бар. Осы екеуі шәкіртке тең дәрежеде үйретілуі үшін жаңағы 5 үдеріс қатар жүруі тиіс, – деген Анар Мұратқызы әлемде ақыл-ойдың тоқырауы жүріп, сананың топастануы белең ала бастағанын заманның зауалына балайтынын жасырмады.
Жетісу облысындағы мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысқан форумда сөз алған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов форум аясында тұсауы кесілген «Ұлттық аударма бюросы» дайындаған қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігінің өскелең ұрпаққа беретін пайдасына тоқталып, секция жұмыстары мен шеберлік сағаттарының ұстаздардың білімі мен білігін арттырарына сенім білдірді.
Форум соңында өңірдегі орта мектептерде еңбек етіп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері марапатталды.
Өз тілшіміз