Адам жан дүниесінің кемел, ісінің кенен болуы үшін оған ең алдымен терең тәрбие, телегей тәлім һәм бабалардан алтын арқауы үзілмей жеткен тағылым қажет. Өнердің тазасын, баяндысын бойына дарыту керек. Бұл орайда кемеңгер қазақ халқы «Тәрбие – тал бесіктен…» деп айрықша айшықтап атап өткен.
Шындығында әрбір баланы жас құрақтай жайқала бастаған шағынан тәрбиелеу аса қажетті құндылық. Әсіресе, «Жер бесіктен – тал бесікке дейін» деп келетін өмірдің өлшеулі қашықтығындағы нысаналы білім мен нақтылы тәрбиені балаға, өскелең ұрпаққа бағыттау – ұлттың мыңжылдық болашағына жасалар баянды бағдар деп білеміз.
Тәрбие де биік әрі алып бәйтерек секілді. Оның да сан бұтағы, жапырағы, шыбықтары бар. Тіпті, әлемнің дамыған елдерінде музыка тыңдау мәдениеті қалыптасқан. Олар симфония, саз, ән мен күйді тыңдаудан айрықша ләззат алады. Өмірінің қалтарыс-бұлтарысында ғана емес, арнайы уақыт бөліп операға, симфониялық оркестрлердің концертіне барады. Ал мұны олар қалай қалыптастырған дерсіз, әрине бала жастан салтанатты сарайларға ұрпағын ертіп апарып, олардың бойына өз ұлтының «Үкілі Ыбырайы», «Біржан Салдарының» әнін, «Тәттімбет», «Диналарының» күйін құяды. Сол арқылы жас құрақтай желек атқан шағынан балаларын саз ырғағына қанықтырып, өз ұлтының мақтаныштарының ұлттық нақыштағы әуенімен ауыздандырады.
Адам жан дүниесін сыйқырға бөлейтін, көңілді көктем ететін, жан күйін көкжиекпен астастыратын музыканың қаншалықты терең тәрбие құралы екенін білген қазақ халқы, баланы «Әлди» әнмен жөргекке бөлеген. Бесік жырымен құндақтаған. Ендеше қазақ халқын музыкадан кенже қалды деп айыптап, тәрбиесінің құралы ретінде қарастырмаған деп айта алмаймыз.
Сайын даласының төсінде сазы қалықтаған, әр сайына ән қонып, әр бұтасына жыр ұялаған қазақ халқының өмірі де, еткен еңбек, сүрген тірлігі де тәтті күй секілді. Бірде бойды шымырлататын нәзік саз, бірде көңілді асқақтататын ән іспетті. Басынан бақайшығына дейін тәрбиенің ең асылымен қаруланған біздің кемеңгер бабалар сол әннің асқағын, күйдің керімін ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Ендеше, біз де сол музыка өнерімен ұрпақты лайықты түрде тәрбиелей білуіміз керек.
Бағдат УМАРОВА,
Қарашоқы орта мектебі музыка
пәнінің мұғалімі
Кербұлақ ауданы