Елде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Оған Текелі қаласының тұрғындары да белсенді қатысып жатыр.
Қала тұрғыны, зейнеткер Василий Бредихин акцияның ең белсенді қатысушыларының бірі. Қаратал жағалауындағы кішкентай жасыл алаң текеліліктердің сүйікті демалыс орны. Зейнеткер бүгінде тазалық пен тәртіпке көп көңіл бөлінбейтінін, сол себепті мұндай іс-шараға қалалықтарды көбірек тарту керегін, барлық жердің әдемі, таза, мәдени әрі жайлы болуы үшін оған барлық адамның ықпал етуі қажет екенін айтады.
Бұл күні жергілікті кәсіпкерлер де сырт қалмады. Олар өздерінің қатысуымен барлық адамға үлгі көрсетуге бел буды.
– Бұл біздің туған қаламыз, балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы, сондықтан мен Текелінің гүлденуін қолдаймын және текеліліктердің қаланы әрдайым таза ұстауға және осындай шараларға үзбей қатысуға шақырамын, – дейді кәсіпкер Сәкен Сандыбаев.
Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаевтың айтуынша, акция басталғалы қалада 34 сенбілік өткізіліп, 350 ағаш көшеті мен гүлзарлар отырғызылған және 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 3,5 мыңнан аса қала тұрғыны өз үлесін қосқан.
Текелі еліміздің туризм үшін тартымды қалаларының бірі. Жақында мұнда шаңғы-биатлон кешені пайда болады. Осыны ескере отырып, кеншілер қаласының тұрғындары Жетісу аймағының нағыз маржаны болуы үшін зор күш-жігер жұмсауда.
Айгүл Байжұмақызы
Текелі қаласы