Панфилов аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлбақыт Қасеннің «Бойтұмар жыр» атты оқырмандармен еркін форматтағы кездесу кеші өтті. Шараға аудандағы жырсүйер қауым, еңбек ардагерлері, кітапханашылар, аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мен талантты оқушылар қатысты.
Кездесудегі алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмаилов алып, тектілігі, биязылығы бір бойынан табылған ақын қарындасына ізгі тілегін білдіріп, ұзақ та бақытты өмір, кіршіксіз көңіл мен шығармашылық табыс тіледі. Аудан әкімі М. Сағымбектің Алғыс хатын табыстады.
Келесі кезекте ақынның өмір, еңбек және шығармашылық жолы жайлы бейнебаян көрсетілген соң Гүлбақыт Тоқтанқызына сөз беріліп, ол өзінің жазиралы Жаркент жерінің бар көрінісін шебер суреттеген жырын оқып, қатысушыларды тәнті етті. Өзі дүниеге келген Айдарлы ауылы, ата-бабасының атамекені – Қоңырөлең өңірі туралы, аяулы ата-ана, бауырлары, білім алған, өмірінде айшықты із қалдырған оқиғалар туралы жүрек тебірентер сырларымен бөлісті. Аудандағы 26 кітапханаға қаламгерлердің қолтаңбасы қойылған 300 дана кітабын таратып беретінін айта келе аудандық кітапхана директоры Д. Сұлтанбековаға, жастық және оқушылық шағы өткен Айдарлы ауылдық кітапханасы мен аудандық Жауынгерлік даңқ мұражайына өз атынан жеке кітап топтамасын табыстады. Сонымен бірге балалар кітапханасының қорына әлемдік және отандық қаламгерлердің белгілі шығармаларын, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған аудиокітаптар жинағын табыстап, өзінің сиясы кеппеген «Кітапхана» жырын оқыды.
Гүлбақыт кездесуге келген Еңбек Ері К. Айтжановаға, атақты жүгеріші К. Бердіғұловаға, абыз ақын ана Б. Әбдікерімқызының иықтарына оюлы қамзол жапты.
Кездесуде сөз сөйлеген сазгер Б. Жақыбаев талант иесіне ізгі тілегін білдіріп, нағашылық туыстығының белгісі ретінде оған тай атады. Еңбек Ері К. Айтжанова, ардагер аналар К. Бердіғұлова, Б. Әбдікерімқызы, ақын А. Есімбеков, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Т. Керімқұлов, тағы басқалар ақынға өздерінің жүрекжарды игі тілек-лебіздерін білдірді.
Кездесу соңында аудандық кітапхананың директоры Дария Бекжігітқызы Гүлбақытқа жүрекжарды ізгі тілегін білдіріп, иығына қамзол жауып, мойнына ақ орамал тартты.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ