Қазіргі жастардың өмірге көзқарасы әртүрлі. Біреулер болашағына нақты жоспар құрып, мақсатқа жетуге тырысады. Ал кейбір жастар бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, ертеңін көп ойлай бермейді.
Қазіргі кезде менің таныстарымның арасында бүгінгі күнмен ғана өмір сүретіндер көп. Олар көбіне қазіргі қызыққа көңіл бөліп, болашақ туралы терең ойлана бермейді.
Мысалы, кейбір достарым қолына ақша түсе қалса, оны бірден қажет емес заттарға жұмсап жібереді. Олар ақша жинап, болашаққа сақтаудың маңызын түсіне бермейді. Кейін керек кезде қиналып жатады. Бұл – жоспарсыз өмір сүрудің бір көрінісі.
Қазіргі кезде жастарға қарап, мен тағы бір нәрсені байқаймын — ол олардың арман мен мақсатқа деген көзқарасы. Кейбір жастар өз арманына жету үшін көп еңбектенеді. Олар қиындықтан қорықпай, үнемі алға ұмтылады. Ал кейбіреулер тез нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Егер бірден нәтиже болмаса, тез көңілі түсіп, бастаған ісін аяқтамай қояды.
Менің ойымша, өмірге дұрыс көзқарас – ең маңызды нәрсе. Әр адам өз өміріне жауапты екенін түсінуі керек. Уақытты бағалап, мақсат қойып, соған жетуге тырысу қажет. Сонда ғана адам өз арманына жетеді.
Қорытындылай келе, жастардың өмірге көзқарасы олардың болашағына тікелей әсер етеді. Егер жастар саналы, еңбекқор болса, олардың болашағы да жарқын болады.
Меруерт Бейсенбек,
СДУ-Сүлеймен Демирел атындағы Университет





