Әне-міне дегенше, аймақта шомылу маусымы басталады. Бұқараның күн шыжғырғанда су іздейтін әдеті. Жан рахатын судан таппақ. Облыста 4 шомылу аймағы бар: Талдықорған қаласындағы жағажай, Балқаш көлі, Алакөл көліндегі Ақши және Көктұма жағажайлары. Көп жұрт әдетте Алакөлге бет алады. Мәселен, былтыр бұл айдынның жағалауына 1,85 миллион турист демалыпты. 2024 жылы 1,5 миллион адам тыныққан. Ал биыл демалушылардың қарасы 2 миллионға жетеді деп күтілуде. Жұрт суға шомылып, тынығуға бет алғанда, құзырлылар қым-қуыт тірлікке кіріседі. Олардың басты мақсаты – қауіпті сейілту. Одан бөлек, әкімдік тарапы демалушыларға қолайлы жағдай жасауға қарекет етеді. Облыстағы шомылу маусымына дайындық жұмысы қандай? Демалушыларға қандай жағдай жасалуда? Таразылап көрелік…
Суы алыстан менмұндалайтын айдынды Алакөлдің жағалауында туристерге Ақши және Көктұма ауылдарындағы 320 демалыс орны құшақ жаяды. Мұнда 27 мыңнан аса жатын орны бар. Туризм ұлғайған сайын жұмыс орны да көбейеді деген сөз. Биыл 1200-ден аса тұрғын жұмыспен қамтылады. Оған жаңадан ашылатын 1,5 млрд. теңгеге жуық 6 инвестициялық жоба жүзеге асса, тағы да 44 жұмыс орны құрылады.
Мұндағы демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды дамыту бағытында жағалауды бекіту, қоршау бөгетін салу, электрмен жабдықтау желілерін жаңарту және орталықтандырылған ауызсу жүйесін кеңейту жұмыстары жүзеге асуда. Мәселен, көлдің қоршау бөгетінің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет қоржынынан 1,5 млрд. теңге қаралған еді. Оған 960 метр жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Ендігі ретте көлдің Ақши ауылы маңындағы 200 метр жағалауды бекіту жұмыстарына бюджеттік сұраным берілген. Бұл жобаның да жүзеге асар күні алыс емес.
Көл жағалауына инфрақұрылым тарту бойынша да ауыз толтырып айтар тірлік бар. Өткен жылы Бескөл, Ақши ауылдарының аралығынан жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Оған 10 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалды. Ақтоғай – Көктұма бағытында жоғары кернеулі желі тарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Көктұма ауылының ішкі электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүзеге асуда. Құны 67,5 млн. теңге болатын жобаны «Apolla C» серіктестігі қолға алған.
Көл жағалауын орталықтандырылған ауызсумен қамту да кезек күттірмес мәселе еді. Бүгінде ауызсумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде 137 нысан желіге қосылған. Туристік айлақтағы қауіпсіздік мақсатында ауызсу желісі бойынша 257 өрт гидранты орнатылған. Көл жағалауындағы кәріз желісі тіні тарқамай тұрған мәселе. Себебі, мұндағы кәріздік тазарту қондырғысын салу 2022 жылы қолға алынған. Алайда мердігердің жауапсыздығы жергілікті әкімдікті сотқа жүгінуге мәжбүр етті. Бүгінде аталмыш жұмыстарды жүзеге асыру конкурс нәтижесімен «TOLAGAI-2050» серіктестігіне жүктелген. Биыл құны 10,1 млрд. теңгелік жоба толық жүзеге асады.
Жағажайдағы санитарлық ахуалды сақтау мақсатында тазалық жұмыстары үздіксіз һәм тұрақты жүргізіледі. Осындай ауқымды мін- дет – «Алакөл Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның мойнына жүктелген. Мекеме Ақши ауылындағы саябақтарды, скверлерді, аллея, қоғамдық орындарды ағымдағы жөндеу абаттандыру және көл жағасында санитарлық тазалау, қоқыстарды арнайы орынға тасымалдау сынды жұмыстарды атқарады. Биыл аталмыш мекемеге 22 дана арнайы техника сатып алынған. Сонымен қатар, 24 модульдік дәретхана, 35 биодәретхана, киім ауыстыру орындары, қоқыс контейнерлері мен жәшіктері орнатылған.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Ол үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 13 құтқарушысы кезекшілік атқарады. 11 моторлы қайық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Мұнан бөлек, жағажайда 40 дана қауіпсіздік бақылау орнату көзделген. Қазір оның 25 данасы қойылған. Жағалаудағы қауіпсіздік заманауи техникамен де қамтамасыз етіледі. Мәселен, мұнда 30 бейнебақылау камерасы орнатылған. Шыбын-шіркейден келер қауіпті сейілту мақсатында туристік айлақты улау жұмыстары да басталып жатыр. Төтеншеліктермен бірге ақхалаттылар да, құқық қорғаушылар да демалушыларға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Мәселен, Ақши ауылында 2 медициналық қызметкері бар 1 дәрігерлік пункт, Көктұма ауылында 6 ақхалатты қызметкері бар 1 амбулатория және 1 санитарлық автокөлік сақадай сай. Шомылу маусымында қосымша 4 дәрігер, 1 жедел жәрдем бригадасы тынығушылардың денсаулығына қалқан болады. Ал қоғамдық тәртіп 47 полиция қызметкері мен 4 су бақылау инспекторының бақылауында болмақ. Олар 16 автокөлік пен 3 дронның көмегімен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қазір көл жағасында туристер қайыққа отыратын 7 айлақ бар. Демалушылардың бұл маңдағы қауіпсіздігі де жіті назарда. Ал суға түсушілердің алаңсыз шомылуы үшін 13 шақырым судағы қауіпсіздік белгі жолағы орнатылады. Бүгінде оның 6 шақырымы тартылған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары берген мәліметке сенсек, Алакөлден бөлек Талдықорған қаласының жағажайы, Сарқан ауданының Балқаш көлінің жағалауы маңайындағы демалушылардың қауіпсіздігі де қырағы бақылауда. Өткен мамыр айында төтеншеліктер демалыс орындары мен балалар лагерьлері орналасқан су қоймаларын тексеру және тазарту жұмыстарын жүргізген. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп су қоймаларының қауіпті учаскелерінде 190 тыйым салу белгілерін орнатқан. Департамент өкілдері жергілікті бюджет есебінен 50 құтқару кеудешесін сатып алған. Мұнан бөлек, 6 үрлемелі қайық сатып алу жоспарланған. Жедел-құтқару жасағының 33 жүзу құралы, 45 бірлік сүңгуірлік және құтқару жабдығы толық дайын.
Төтеншеліктер қауіпсіздіктің қалқаны болғанмен, қауіпсіздікті тынығушылар назардан шығармаса деген тілек бар. Себебі, қарапайым ескертпені ескерусіз қалдыратындар табылады. Спирттік өнімді тұтынып, суға шомылу қауіпті еселейді. Мұны департамент өкілдері жиі ескертеді. Мұнан бөлек, құтқарушылар жағажайдағы демалыс уақытында балаларды назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Себебі қараусыз бала қауіптің «тырнағына» ілінуі мүмкін. Мынаны ескерген абзал, өмір құнды, оған құзырлылардан бөлек, адамның өзі де жауапты. Ескертпені ескеріп жүріңіз, көзі қарақты оқырман.
Дастанбек САДЫҚ





