ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ПЕШ ЖАРЫЛЫП, ЕКІ АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ

Уақыты: 02.10.2020
Оқылды: 1411
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының орталығы - Сарыөзек кентінде жеке тұрғын үй ішінде жарылыс болды. Бұл туралы Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Жарылыстың туындауына көмір жағатын пештің ақауы себеп болған. Жарылыс салдарынан үйдің жекелеген қабырғасы, пеші зақымдалды. Жалпы есептегенде 2 шаршы метр жер бүлінді. Өрт дер кезінде ауыздықталды. Бірақ екі адам зардап шекті. Олардың жағдайы орташа ауыр. 1963 жылы туған үй қожайынының аяғын күйік шалды. Ал 1985 жылы туған ұлының аяғы сынған.

Мамандардың анықтауынша, пештің жылыту жүйесінде су жеткіліксіз болған. Осыған байланысты төтенше жағдай департаментінің өкілдері пешті толық тексеруден өткізбей, от жағуға болмайтынын, түтін шығатын құбырларды мұқият қарау керектігін, пеш пен жылу жүйесіне қатысты арнайы талаптарды орындау қажеттігін қатаң ескертеді. Сондай-ақ, пештің ауызын ашық қалдырмауға, пеш үстінде немесе маңайында киім кептірмеуге кеңес береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"