АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ

Уақыты: 20.02.2021
Оқылды: 732
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.

                                            Қасым-Жомарт Тоқаев

     1986-жыл. 16 желтоқсан.  Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде профессор, қазақ журналистикасының  атасы  Тауман Амандосовтың  лекциясы өтіп жатыр.  Алғашқы екі айда ауылшаруашылық жұмыстарында жүргенімізді есептегенде сабақтың  шындап басталғанына аздаған  ғана уақыт  болған.  Курстастарымыздың  жартысы  Қостанайдан  картоп жинау науқанынан оралып,  бір-бірімізбен енді таныса бастағанбыз.  Қатты қайырымға келмейтін  нәзік қыздар мен ұлдардың  біразын  жеміс-консерві зауытына  жұмысқа қалдырды.  Кезекпен түнгі ауысымға   барамыз.  Томат шығаратын цехта жұмыс  істедік.  Маған екінші қабаттан қаңылтыр банканы арнайы сырғыма арқылы төменге жіберіп  отыратын міндет бұйырды.   Таң ата дарылдаған-гүрілдеген цехтың дауысы өшіп,  жиналып-киінуге жарты сағат уақыт беріледі.  Одан кейін келесі ауысым жұмысын бастап кетеді.  Мен сол кезде  бұрыш, сарымсақ салынған  мөшекті басыма жастап ұйықтай қаламын.  Бір-екі рет уақытында ояна алмай,  курстастарымнан  адасып қалғаным бар.  Қорыққаннан жанарым боталап,  шет елде  жалғыз  қалғандай жылап қоя беретінмін.  Содан  сүрініп-қабынып  түске жақын журналистиканың 5-ші жатақханасына жетемін.  Ол жерде  бәрі туыстай.  Жоғары курс студентттері  Әміржан Қосанов, Бауыржан Үсен,  Табылды  Досым,  Қайрат   Әлімбек сынды  ақын-әнші жігіттер  жатақхананы ән-думанға бөлеп жатады.  Құдды өлең-жырдың әлемі!   Бізді «Сары ауыз балапандар»  дейді.   Өнерпаздардың тұрақты көрерменіміз!  Аузымызды ашып,   бірде жатақхананың ауласында, бірде фойеде ақындардың жырып тыңдап шелпиіп отырамыз.  Қалам ұстаған жұрттың  ортасы әзіл- қалжың, той-думан,  әсерлі әңгіме!  

 Қазан айында сабақ басталды. Журналистиканың  майталмандары Ыдырысов Әбілпәйіз ағай, сырбаз, мінезі көркем Мамытбек Қалдыбаев ағай,  есімінен журфак-филфак  «үркетін»  Қожакеев,  Грозный патшадай  сұсты  Амандосов ағай .  Әрқайсысы газет-телеарна ісінің ақтаңгерлері.  Аудиториядан жаңа шығып, алғашқы  ұстаздық жолын бастаған, студенттердің жақтасы  Бауыржан  Жақып пен  Амантай Шәріп те бар журналистика факультетіне дәріс берушілер арасында. 

    «Журналистиканың негіздері» сабағы өтіп жатыр. Тауман ағайдың дәрісінде  шыбын ызыңы естілмеуі тиіс.  Ағаш есік ақырын ашылды да басына қазақы оюлы бөрік киген ұзын бойлы, әдеміше келген қараторы жігіт тілдей қағазды шеткі қатардағы партаға лақтырып  жіберді.  Бойжетіп қалғандықтан жігіттің кескін-келбетіне  бірден  көңіл аударатын  кезіміз.  Жігіт тұлғасы көз тартарлық.   Тілдей қағаз аудитория ішін аралап кетті.  Менің де алдыма жетті.

 «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса түсте алаңға жиналыңдар»  деген жазу.  Қан деген сөз әр қазақтың  бойына күш қуат берді.  Азаттық аңсаған ұлттың ұландары  қан деген сөзді естігенде намыс оты өршіп,  орындарынан өре түрегелді.  Бәріміз Тауман ағайдың сабағының екінші Жартысына қатыспай, аялдамаға жиналдық.  Кураторымыз Мамытбек Қалдыбаев ағай соңымыздан қуып жетіп,  алаңға барудың қауіпті екенін, бұл саяси соғыс, ұрынып қаласыңдар дегенді айтып, бармауға үгіттеді.  Атқа қонған қазақты кім тоқтатып еді!   Санада қазақтың қаны, намысы деген сөз  жаңғырып тұрды.    Сонымен автобусқа мінейік десек табалдырықты  аттағаннан  ток соғады.  Алаңға баратын автобустарға  топталған жастарды отырғызбаңдар деп тапсырма берілген  сыңайлы.  Сонымен, жаяу-жалпы  алған бағытымызға қарай  тартып отырдық.   Алаңға жақындағанда  бір көше жетпей танк, әскери  қару-жарақ тізіліп тұр.  Басында көшемен жүріп өтетін әскери  тізбек па  деп ойладық.  Көпшілік жиналған алаңға жақындағанда  арнайы көліктерден ит жетектеген  әскерилердің секіріп түсіп жатқанын көргенде  көңілге қорқыныш ұялап, көз шарасынан шығып,  жүрек атша тулады.  Ауылдан келген сары ауыз 18 жасар қыз  үшін бұл көрініс  соғысты көргенмен  тең еді.  Кәдімгі  Ұлы Отан соғысы жайлы кинодағы  көрінісі!  Жан-жақтан алаңға жастар лек-легімен келіп жатыр.  Бірақ, қаруланған әскерилер оларды  топ-топ қылып бөліп, қоршап алған.  Бір мезетте  көше бойымен  «Елім-ай»  әнін зарлата орындаған жастар легі келіп қосылды.  Япыр-ай, қазағым елім-ай деп зарлағанда  дауысы Аллаға жетеді екен ғой.  Не деген елшіл, бауырмал, қаншыл халық еді!  Жанарымыздан аққан жасқа ие бола алмай қалдық. Сол кезде орталықтағы  мінбеден мерекелерде жалынды сөз естігенде  Ура, Ура,Ура-ны айтатын радиодан  «Менің Қазақстаным» әні шырқалды да кетті. Елдің рухын көтеру үшін  әнді тетікті басқарып отырған қаншыл қазағым әдейі қосты-ау!  Мына әннен кейін  азаттықты аңсаған ұланды  тоқтату мүмкін емес еді.  Бәрі жан-жақтан қоршауды бұзып,  ортаға қарай жүгірді. Бір-бірін құшақтап,  көбейіп жатыр, көбейіп жатыр.  Бір қауым ел болдық.  Енді  жастарды алаңнан қумаса  көтерілістің үдеп кететінін білген өкімет басындағылар,  етіктері  сатырлаған милициялар тізбегін кіргізді алаңға .  Сол  қолында қалқан.   Оң қолында  резеңке сойыл.  Мен бұрын-соңды мұндай суық жүзді милиция көрмеппін. Ауылдағы учаскелік инспектор Төлеген аға мейірімді еді. Оны ел қрған санайтын. Шөп, мал ұрлығы болмасын, ішкіштер бірдеңені бүлдірмесін деп соларды аңдитын.    Формасы болмаса ауылдың басқа тұрғындарынан еш айырмасы жоқ еді. Мыналар сұсты екен. Сатырлаған етіктердің дауысы бізге қарай жақындағанда ұлдар қыздарды  өздерінің сыртына тығып, алдымызға тұра қалады.  Сонан соң алдыда тұрған жігіттер оларға:  «Ортаға жазушы, ақындар шықсын. Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановты  тыңдағымыз келеді.  Елде не болып жатыр?  Қазақ жерін  қазақ басқаруы тиіс.   Колбиннің бізге керегі жоқ.  Ел басқаратын азаматтар өзімізден де шығады», – деп  арман-тілектерін  ашық білдіруде.     Бірақ, ортаға  қазақша дұрыс сөйлей алмайты ер адам шықты да алаңнан тарқауымызды  талап етті. Келген жағымызға кетпесек күш қолданылатындарын  айтып,  қоқан-лоқы көрсетті.  Сол кезде  Өкімет үйі жақтан  сап түзеген милиция  легі екпіндете келіп, жастардың қатарында  тұрғандарды ұрып-соға бастады.  Біз  алаңның екінші жағына қаштық. Сонда жастардың соңында қалып қалғандарды милициялар іштеріне тартып алып, төпелеп ұра бастады.  Оны байқаған жігіттер  қайтадан күш жиып,  милицияның  арасында қалған  қыз-жігіттерді құтқару үшін  полицияға тап берді. Сол кездегі мына бір көрініс менің көз алдымда өмір бақи қалды.  Құқық қорғаушылардың аяғының астынан  шығарып  алған қыз ес-түссіз жатты.  Бет-жүзі  әппақ болып кетіпті.  Қимылсыз.   Үш-төрт жігіт қызды  дәрігерге бермейміз деп, көтеріп,  алаң шетіне ала қашты.  Ол кезде  жастар кімге сенерін білмей қалған. Милиция менің қорғаным деп жүрген құқық қорғаушылар таяқтап, тепкілеп жатқанда дәрігерге де сенбеуі заңды еді.  Елім айлаған қыз-жігіттер осыдан кейін тастай түйілді.  Азаттықты алмайынша  күресуді тоқтатпайтындарын  бір-біріне деген  қолдаулары мен тастай түйілген жұдырықтарынан байқауға болатын еді.  Мақаланы жазу  барысында  «Жетісулық Желтоқсандықтар» қоғамдық қорының төрағасы  Ермұхан Жүнісханды тақырыпқа орай  сұхбатқа тартқан едік.   

Ермұхан:  «Желтоқсанда қазақтың ұл-қыздары  көзсіз ерлік көрсетті.  Мұздай қаруланған әскерге  төтеп беру  ел мен жерді шексіз сүюдің дәлелі еді.  Көтеріліс  қазақтың  намысын  қайта жандандырды».

  Алаңдағы  қорқынышты  жан-жақтан келіп жатқан өрт сөндіруші көліктердің  жастарға ыстық су шаша бастауымен үдеді.  Шырылдаған  қыздардың дауысы құлақ тұндырады. Ес-түс қалмады.  Он сегіз жас! Ата-ана бауырынан  жаңа шыққан бойжеткен. Ит абалатқан әскерилер мен  ыстық су шашқан  алпауыт көліктер.  Қасыма курстасым Ормаш жетіп келді де менің қолымнан жетектеп, қаштық  деді. Екеуміз  мінбердің бұрышымен  көпшіліктен сытылып шықтық та көше бойымен сүрініп-қабынып жүгіре жөнелдік.  Аяғымыз, үсті-басымыз малмандай су.  Кеш қоюланған кезде жатақханаға жеттік. Есіктің алдында вахтершы Люба апай емес, жүздері сұсты ер адамдар. Бірден қайдан келгенімізді сұрады.  Біз Пушкин кітапханасынан келдік дедік.  Мәдени орыннан келмегенімізді  әлем-тапырық  түріміз  бен  алба-жұлба киіміміз айтып тұр еді. Ойымызда  алаңда  қалған достарымыз. Санамызда  «Тарқаңдар,  әйтпесе аямаймыз» деген өктем дауыс жаңғырады.

  Азаттықтың алғашқы қарлығаштарының көкейінде Желтоқсан бағасын  әлі алмады-ау деген ой тұрады.   Бұл орайда Ермұхан Шәріп:  «Бұқаралық ақпарат құралдарында  Желтоқсан оқиғасы деп жүр ғой. Бірақ,  2016 жылы Астана қаласында өткен халықаралық симпозиумде 14 мемлекеттен қатысқан ғалымдар 1986 жылғы  Қазақстандағы жағдайды бірауыздан көтеріліс деп танып, Қарар қабылдаған.  Симпузиумге бірнеше депутат, сенатор,  қоғам қайраткерлері қатысқан еді.  Қарар Үкімет, парламент, президент аппаратына жіберілген.  Өкінішке орай ұсыныс жауапсыз қалды».

   Жатақханаға кірісімен тергеуге алындық.  Қауіпсіздік комитетінің қара тізіміне іліктік. Сұраққа шақырғанда бөлмеде болуымыз керек.   «Алаңға не үшін бардың?»,  «Көтеріліске қандай мақсатпен шықтыңдар?»,   «Сендерді кім бастап шықты?»,  «Қастарыңда  нашақорлар болыпты ғой?», «Мына суреттердің ішінде кімді танисың?» –  деп  бума-бума суреттерді алдымызға тастайды.  Біз жанұшырып милициядан таяқ жеп жүргенде комитетшілер бізді суретке түсіре беріпті.  Бәріміз бір ауыздан ешкімді танымаймын деп жауап береміз.  Курстастарымыз шетінен түрмеге жабылды.  Бірнешеуін алыс тауға апарып, қар үстінде тепкілепті, қорлапты...  Бүкіл курсты қамай алмайтын болғандықтан комсомол комитетінің хатшысы – Гүлмира Сұлтанәлі, староста – Нұрымжан Мауытов, екінші топтың старостасы–   Ғазиз Тастаевты қамауға алды. Біз күнделікті барып, тамақ апарып беріп тұрдық.  Біразы оқудан шығарылды. 

Алаңдағы күндерді еске алған жастар Желтоқсан көтерілісі  лайықты бағасын әлі алмады-ау деген тұжырымға келеді.  Ермұхан желтоқсаншы:   « Желтоқсан көтерілісіне әлі  саяси баға берілген жоқ. Өкініштісі, көтеріліске қатысқан азаматтар саяси статус алған жоқ»,– деді ол көзқарасын бүкпесіз жеткізіп.

Университетте қамауға алынғандардың мәселесін қарау барысында үлкен жиын өтті.  «Бәріміз біріміз үшін»  деген ұстанымды ұстандық.  «Егер бір адамды оқудан шығарсаңдар түз-түгел кетеміз» деп тістендік жиын төрағаларына.  Абырой болғанда сол күні курстастарымыз  оқудан шығарылмады.

Бүгінде барлық курстастарымыз елдің еңсе көтеруіне  қызмет істеп жүр.  Мысалы, Гүлмира елшілікте.  Қазір шетелде.  Нұрымжан  «Жас Алаш» газетінде жауапты қызметте.   Ғазиз жеке кәсібінің  нәсібін көруде.   Барлығының ұстанымы – Тәуелсіздіктің  тұғырын  биіктету.  Облыста  жыл сайын Желтоқсаншыларды облыс әкімі Амандық Баталов жинап, пікір-ұсыныстарын тыңдайды.  Көтерген мәселелеріне қолдау білдіреді.  Өткен жылы Үшаралда  Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.   Желтоқсаншыларды ұлықтау әлі де жүре беруі керек.

Сол күннен бері табаны күректей 35 жыл өте шықты. Алаңға намыс жетектеп барған 18 жасар қыз бүгінде Егемен елдің  бақытты-бақуатты тірлігіне куә болып,  таңдаған мамандығы журналистиканың  рахатын көруде.  Егер, Тәуелсіздік алмағанда Алашым деп қалам тербеп,  Желтоқсан  жайлы жаза алмай іш құса болар ма еді!  Тәуелсіздік  маңдайға басқан бағымыз!   

Гүлжан ТҰРСЫН