Рухани жаңғыру негізі

Уақыты: 25.09.2017
Оқылды: 1555
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы тілдің үштұғырлығына ерекше мән беріп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеуді міндет етіп қойып отыр. Осыған орай Талдықорған қаласындағы №17 орта мектепте «Үштұғырлы тіл – рухани жаңғыру негізі» деген тақырыпта мерекелік сазды кеш өтті. Ол Қазақстан халқының Тілдері күніне орай ұйымдастырылды. 

Шараны оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізді. Үш тілде өлең оқылып, көрініс көрсетіліп, көп ұлтты халқымызды біріктіретін ұлы күш – тіл екендігі насихатталды. «Көп тіл білсең, көп адамсың» демекші, тіл білімнің кілті екендігі, өзге тілдерді де білу арқылы адамның көкжиегі кеңейіп, танымы артатыны айтылды. Тіл – халықаралық қатынас құралы екендігі де балалардың іс-әрекеті, ой топшылауынан көрініп жатты. Осы орайда 9 «а» сыныбынан құрылған үгіт-насихаттық топ оқушыларды әр тілде сөйлеуге шақырып, тілдің құндылығын  паш етті. Шараға 5-6-сынып оқушылары да атсалысып, үш тілде таза сөйлейтіндерін дәлелдеді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұстаныммен 6 «ә» сынып қыздары қазақ биін билеп, ұлттық өнермен сусындатты.         7-сынып оқушысы Дамир Шаяхметов «Отан-Ана», «Мирас» тобы «Мәңгілік Ел» әнін шырқап, Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті. 8-сынып оқушылары флешмоб тарту етіп, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады. 
Осылайша әр сыныптың оқушылары өздерінің тілге деген құрметін көрсете білген шараны мектеп директоры Раушан Керейбаева қорытындылады. 
– Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Тілі жоқ ел мемлекет болуы мүмкін емес. Әлемдегі кез келген халық ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалуға ұмтылады. Сондықтан, ана тілін қашанда қастерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – таза сөйлеу.
Бүгін біздің оқушыларымыз тек ана тілінде ғана емес, өзге тілдерде де таза сөйлейтінін дәлелдеп отыр. Елбасы үштілділікті дамытумен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртуды, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіруді алға тартып отыр. Онда тілдің атқарар маңызы зор. Елімізді өркениеті дамыған 30 елдің қатарына бастайтын үш тілді меңгерген, санасы жаңғырған жас ұрпақ екені сөзсіз. Сондықтан бүгіннен тілге үлкен құрметпен қарап, бойымызға мол білім, рухани қазына жинай білейік, – деді ол. 
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі  Гүлжазира Суанбаеваның ұйымдастыруымен өтіп, тіл құндылығы жан-жақты паш етілген шарадан жас ұрпақтың алар тәлімі мол болды.

Алма ЕСЕНБАЕВА