АЭС БАЛҚАШТА САЛЫНАДЫ

Уақыты: 16.06.2022
Оқылды: 1094
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Атом электр стансасы бізге керек пе, оның қаупі қандай деген сұрақ төңірегінде қозғалып келе жатқан әңгімеге нүкте қойылғандай. АЭС  Жамбыл ауданының Үлкен ауылында салынбақ. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов шетел инвесторлары кеңесінде мәлімдеді.

Нысан  ауылдың нақты қай тұсында орналасатыны әзірге белгісіз. Министрдің айтуынша, биыл құрылыстың жай-жапсары зерделенгеннен кейін нақты орны белгіленіп, одан соң есептеулер жүргізіледі. Қандай технология таңдалатыны  келесі жылы айқындалады. Сонымен бірге құрылысқа қай өңір қолайлы болатынын белгілеу кезінде жердің геологиялық жағдайы, су ресурстары, климаты және ұлттық электр желілеріне дейінгі арақашықтық ескерілген.
Аталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асса, салық төлемі мен бюджет еселеніп, елдімекен инфрақұрылымы өркендейді. Сол себепті тұрғындар жобаны қолдайды. 
– Осы жерге құрылыста жұмыс істейміз деп  жас кезімізде келдік. Қазір зейнет жасына таядық. Кеңес заманында айтылған бұл құрылыс сол күйі басталмады. Әуелде  жаппай көпқабатты үйлер салынып, кейін аяқсыз қалды. Көбі бос тұр. Содан бері еш өзгеріс болмады. Бұл жердегі халықтың басым бөлігі  балық аулауды кәсіп етеді, – дейді Үлкен ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Юрий Шейкин.
Үлкен ауылдық орта мектебінің мұғалімі Гүлнәр Асанова: «Стансы құрылысынан үрейленудің қажеті жоқ. Себебі 30 жылдан бері заман өзгеріп, технология дамуда. Сондай-ақ, энергетикалық тапшылық сезілуде. Әлем бойынша уран өндіруде алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан үшін өз шикізатынан өнім өндіретін уақыт жетті. Елімізде артығымен шығып жатқан уранды өз қажетімізге жарату керек. Сондықтан, стансы салынуы керек», – дейді. 
АЭС салу кезінде әлемде үздік саналатын технологиялар мен француздық және ресейлік реакторлар зерделенбек. Стансы жұмыс істеу үшін оған турбиналар мен жүйелік автоматика сияқты дүниелер орнатылуы қажет. Әдетте мұндай жобалардың қарастырылуына орта есеппен 10 жыл керек. Балқаш көлінің оңтүстік жағасында орналасқан Үлкен ауылы өткен ғасырдың 80-жылдарында ірі энергетикалық кешен тұрғызу мақсатында құрылған. Қазір көпқабатты бірнеше тұрғын үй мен балабақша, жатақхана сияқты әлеуметтік нысандар қаңырап бос тұр. Олар сол 80-жылдары салынған. Бүгінде елдімекенде 2000-ға жуық тұрғын бар. Олар ірі өндіріс орнының салынуын 30 жылдан бері күтуде. Себебі мұнда балық аулаудан басқа жұмыс жоқтың қасы. Егер АЭС  салынса, талай адам жұмыспен қамтылмақ.  

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды