ҚАРАҒАЙ КӨШЕТІ КӨБЕЮДЕ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1543
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген орман шаруашылығы мекемесіне қарасты 84582 гектар жер Жалаңаш, Ұзынбұлақ, Темірлік, Қарқара, Екіаша орманшылықтарының бақылауында.  Жалпы, 82 адам жұмыс істейді. Соның ішіндегі Дәурен Досайбеков басқаратын  Жалаңаш орманшылығының жетістігі көп. 

Мекеме тау беткейлерінде орманды алқаптарды молайтуды жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінде  Жалаңаш  тұқымбағында 54 гектар базалық, Темірлік орманшылығында 3,0 гектар уақытша тәлімбақ бар. Онда негізінен Шренк тұқымы себілген. Жалпы, 2,53 гектар жерде 2502,0 дана жас көшет өсірілуде. Осынау қиындығы мол істе, күннің астында жас көшеттерді арамшөптерден тазарту, уақытылы суару жұмысында 15 адам еңбек етеді. 
 – Биыл қарамағымыздағы таулы аймақтарға 30 гектар жерге Шренк шыршасының орман екпелерінен 188400 түп көшет, 30 мың түп көгалдандыру плантациясы, 20 мың түп қосымша отырғызу жұмыстары жүргізілді. Жалаңаш және Темірлік бақтарында өзінің  тұқымынан өсірілген Шренк шыршасы, көгілдір шырша, қарағай, арша, сиверс алмасы жайқала өсіп тұр. Биыл Талдықорған, Алакөл, Үйгентас, Бақанас, Шелек секілді орман шаруашылығы мекемелеріне жалпы көлемі 177 мың түп шырша көшеті орман қорын молайтуға жіберілді, – дейді Кеген орман шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев.
Орманшылардың алдағы мақсаты да айқын. Олар 2025 жылға дейін орман қорын 172 гектарға көбейтпек. Мамандар бұл міндетті нәтижелі орындайтынына сенімді. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Алматы облысы